Алматыда екі автобус соқтығысып, бір адам қаза тапты. КТК арнасының мәліметінше, қаза тапқан ер адам №98 бен №201 автобус соқтығысқан сәтте есіктен ұшып кеткен.
Жол апатынан көз жұмған Мұхит Исахановты туыстары кеше жер қойнына тапсырды.
Марқұмның жақындары 37 жастағы жігіт қайғылы оқиға болған сәтте 98-бағыттағы автобустың ішінде болғанын жеткізді.
City bus тасымалдаушы компаниясында тағылымдамадан өтіп жүрген азамат қоғамдық көліктің бағытымен танысу мақсатында жүргізушінің жанында тұрды дейді олар.
Бірақ қос автобус соқтығысқанда марқұм автобустың салонынан сыртқа қарай құлап, оны қоғамдық көлік жаншып өткен.
Айдың-күннің аманында атпалдай азаматтың мәңгілік мекенге аттанғаны тұтас әулеттің қабырғасын қайыстырған. 37 жастағы тепсе темір үзетін жігіт үйдің жалғыз асыраушысы екен. Оның артында анасы, жары мен кәмелетке толмаған екі баласы қалды.
М.Исахановтың анасы Қарлығаш Исаханова: «Баламның өлгеніне сенген жоқпын. Тергеуші хабарлап айтты. Қайта-қайта сұрадым. Ақыры баламнан айырылып қалдым. Негізі, мамандығы шофер ғой. Алдында Байсерке маршрутында істеді. Баламның артында екі баласы қалды. Оңай емес. Жап-жас келінім қалды. Балам да жастай кетті», – дейді.
Марқұмның жақындары Мұхит қайғылы оқиға күні 98-автобустың ішінде болғанын жеткізді. Нақтырақ айтсақ, қоғамдық көліктің бағытымен танысу мақсатында «жүргізушінің жанында тұрған» дейді туыстары.
Жолаушы тасымалдау ісінде ұзақ жыл тәжірибесі бар азамат City bus компаниясы сұраған қажет құжаттарды да жинап тапсыруға тиіс болған. Бірақ ол жүргізуші ретінде жұмысқа сол күйі орналаса алмай кетті.
М.Исахановтың әпкесі Мөлдір Исаханова: «Абылай хан даңғылымен көтерілген 98-автобустың ішінде болды. Алдыңғы жағында жүргізушінің қасында тұрған. Машина ұрылғанда есіктен ұшып кеткен. Екінші автобус үстінен мыжып кеткен. Әлгі жерде быт-шытын шығарған ғой. Несие төлеймін, қу дүниенің артынан тіршілік жасаймын деп жұмыс іздеп барды», – дейді.
Қос қоғамдық көлік соқтығысқан сәтте 98-автобустың есік-терезесінен үш адамның сыртқа қарай бірнеше метрге ұшып түскенін бейнебақылау камерасынан байқауға болады.
Сол кезде жерге оңбай құлаған Мұхитты салмағы бірнеше тонна 201-автобус жаншып өткен. Ал тасымалдаушы компания Мұхиттың өндірістік тәжірибеден өткенін растады.
Алайда City bus серіктестігі апат күні ол автобус паркіне келмегенін мәлімдеді.
«City Bus» ЖШС: «Бірақ дәл сол күні тағылымдамадан өтуші ретінде тіркелген Мұхит автобус паркіне келмеді. Білуімізше, 8 қарашада ол №98 автобус бағыты бойынша жолдама құжаттарын алу үшін Алматы ONAY көлік холдингіне кеткен», – дейді.
Жол апатын жан жақты зерттеп жатқан полиция нақты кімнің күдікке ілінгенін әлі айтқан жоқ. Тергеу жүргізіліп жатыр.