Әскери бөлімнен қару-жарақпен қашып кеткен сарбаздың кім екені белгілі болды
Әскери бөлімнен қару-жарақпен қашып кеткен сарбаздың кім екені белгілі болды
221
оқылды
Шымкенттегі әскери бөлімнен қару-жарақ алып кетіп қалған Абылай Балғынбаевтың ағасы оның өмірі туралы айтып берді. Нұрдәулет Балғынбайдың сөзінше, ағасы Бадам ауылындағы әскери бөлімде қызмет еткеніне біраз уақыт болған. Әскеридің туысы оның мінезін сипаттап берді.
"Ол өте ашық, жақсы адам. Ешкіммен аса сөзге келіспеген. Соңғы рет шамамен бір апта бұрын сөйлестім. Ол өзін ренжіткен не басқа да жайт туралы тіс жармады. Жалпы өз мәселелері туралы менімен бөліспейтін. Абылаймен көп араласпағанмын. Қазір желіде менің ағам туралы хабар тарап жатыр. Соңғы тәулікте онымен байланысқан жоқпын", - дейді Нұрдәулет.
Нұрдәулеттің айтуынша, Абылай 2015 жылы Шымкенттегі Автотехникалық колледжді бітірген. Үйінің тұңғышы: қарындасы мен үш інісі бар. Отбасы Шымкент маңындағы Қайнар ауылында тұрады. "Бүгін оның ата-анасын құқық қорғау өкілдері Бадам ауылына алып кетті. Бәлкім, әскери бөлімге тергеуге шақырған болар. Ата-анасы жұмыссыз, үйде. Абылайдан кейін інісі бар, ол құрылыста жұмыс істейді", - дейді Нұрдәулет Балғынбай. Абылай Балғынбай туралы сыныптасы Еркебұлан Бауыржанұлы да пікір білдірді. "Иә, біз бірге оқыдық. Менің сыныптасым. Сабырлы болатын, ешкіммен сөзге келісіпеген, "4" пен "5-ке" оқитын. Бірақ мектептен кейін араласпадық. Мен Атырауда жұмыс істеймін. Әскери бөлімде қызмет етеді деп естігенмін. Айтпақшы, ол діни адам емес, намаз оқымайды", - дейді сыныптасы. Әлеуметтік желідегі ақпараттар бойынша, Абылай Балғынбаев 1995 жылы 11 тамызда туған. 2016 жылдың шілдесінен келісімшарт бойынша 10216 әскери бөлімінде қызмет етеді. Былтыр желтоқсанда "кіші сержант" атанған. Түркістан облысында қару-жарақтың жоғалуына байланысты қылмыстық іс қозғалды. Еске салайық, бұған дейін Шымкент қаласының жанындағы Бадам әскери бөлімшесінде келісімшарт негізіндегі кіші сержант қару-жарақпен қашып кеткенін жазған болатынбыз.