Сонымен қатар ауылдық медициналық пункттер мен амбулаториялар үшін 13 арнайы машина алу қарастырылып, оның 8-і аудандарға бүгінге дейін беріліпті. Облыс әкімі Бейбіт Исабаев жедел жәрдем паркін жаңарту ел Президентінің медициналық, әсіресе ауылдық жерлердегі халыққа көрсетілетін денсаулық сақтау қызметтерінің қолжетімділігі мен сапасын арттыру жөніндегі тапсырмасына сәйкес жүргізіліп жатқанын атап өтті.
– Биыл мемлекет қолдауының арқасында облыстың алты ауданындағы ауылдарында 12 блокты-модульді медициналық кешен салынады. 2024 жылға дейін мұндай нысандар өңірдің тағы 40 ауылында тұрғызылады. 2023 жылдан бастап «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында ауылдық жерлерде тағы 59 нысан қолға алынады. Санитарлық автокөліктерді жаңарту да медициналық көмек көрсету сапасын арттыруға елеулі ықпал етеді. Былтыр 35 жедел жәрдем автокөлігі сатып алынды, бүгін тағы 40 санитарлық көлік беріледі. Осының арқасында пациенттерге жедел жәрдемнің жету уақыты қысқарып, алғашқы көмекті дер кезінде көрсету мүмкіндігі арта түседі деп ойлаймын. Халықтың өмірі мен денсаулығын сақтау қашанда негізгі басымдық болып қала береді, – деді облыс басшысы.Президенттің тапсырмасына сәйкес, республикалық бюджеттен Ақсу және Кербұлақ аудандарындағы ауруханаларды, облыстық балалар ауруханасын күрделі жөндеуге, сондай-ақ Талдықорған қаласындағы онкологиялық диспансердің материалдық-техникалық базасын нығайтуға қаражат бөлінеді. Талдықорғанда әуел баста облыстық сотқа арнап салына бастаған ғимаратқа өңірлік кардиохирургиялық орталықты орналастыру туралы ұсыныс та қолдау тапты. Сондай-ақ Панфилов ауданындағы көпсалалы аурухана күрделі жөндеуден өтіп, заманауи жабдықтармен қамтылады. Келер жылдан бастап «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында Жетісу облысында өңірдің ауылдық елді мекендерінде 59 нысан салынады, оның 15-і дәрігерлік амбулатория, 39-ы ФАП, 5-еуі медициналық пункт болмақ.
Болат АБАҒАН, Жетісу облысы