Сот отырысынан кейін Ақылбек Рысқалиевтің адвокаты Нұрлан Жолболов журналистерге өз пікірін айтты, – деп хабарлайды AtyrauPress.
«Мен, Рысқалиевтің адвокаты және Хаменованың адвокаты Вранчев екеуміз тергеу органдарының сотқа ұсынған деректері заңсыз жолмен табылған деп мәлімдейміз. Сондай-ақ, біздің қорғауымыздағы айыпталушылардың әрекеттерінде қылмыстың құрамы жоқ. Барының өзі дәйексіз. Осыған орай соттан олардың ақталуын сұраймыз. Әрине, үкім шығаратын сот, ол өзі біледі. Үкім тек ертең шығады», – деді Нұрлан Жолболов.
Естеріңізге сала кетейік, өткен жылдың 10 желтоқсанында Бақытгүл Хаменова мен облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ақылбек Рысқалиев Атырауда Абай Құнанбайұлының ескерткішін орнату бойынша мемлекеттік сатып алу келісімшартын жасауға «Балқыту» ЖШС-і директоры Өміртай Адамовтан 4 млн 500 мың теңге көлеміндегі пара алған деген күдікке ілінген еді.