Бәріне белгілі жайт – қазақ тілінде дыбысталған шетел кинолары кинотеатрларда мүлде прайм-тайм кезіне қойылмайды. Ал мұны көбіне кинотеатрлар «қазақтілді киноларға сұраныс аз» деген пікірмен ақтап алады. Сондықтан ол фильмдер жұрт қарбаласып, жұмыста жүретін уақытта көрсетіліп, ақыры аудитория жинамайды. Осындай көзқарасқа көпшіліктің көндігіп қалғаны жасырын емес. Бірақ жағдайды түбегейлі бұлай бағалауға болмайтын секілді. Жұртшылық таяуда ғана кинотеатрлардан көрсетіле бастаған «Қара қабылан: Ваканда жасасын!» фильмінің қазақтілді сеансының прайм-таймына шағымданып, керісінше, сұраныстың көп екенін аңғартуда. Баға арқылы безіндіру
Жақында Қызылорда қаласының тұрғыны Жазира Бағлан «Қара қабылан: Ваканда жасасын!» фильмінің қазақтілді сеансына кинотеатрлар өздері көрермен жинағысы келмейтінін айтып шағымданды. Оның сөзінше, қаладағы Kinoplexx кинотеатры фильмді көрермендер үшін қолайсыз уақытқа белгілеген.
– Жаңа әрі көрсетілім сапасы жақсы болған соң қаладағы киносүйерлердің көпшілігі Kinoplexx кинотеатрына барады. «Қара қабылан: Ваканда жасасын!» фильмінің қазақ тіліне дубляждалғанын естіп, көптен күттік. Алайда кинотеатр күніне бір рет қана көрсетілетін қазақтілді сеанстың уақытын 16:50-ге, яғни, жұртшылық үшін қолайсыз уақытқа белгілеген. Оның үстіне орыстілді сеанс бағасы 2 600 теңге болса, қазақтілдісіне кіру 4000 теңге. Осыдан соң кинотеатрлар «қазақтілді сеансқа сұраныс жоқ» деп қалай айтады?, – дейді ол.
Расымен де, көпшілік бағасы арзанына таңдау жасайтыны белгілі. Аталған кинотеатр желісі мұның нақты себебін түсіндіріп берген жоқ. Дегенмен кинотеатрлардың жекеменшік екенін ескерсек, олардың да «мұртын балта шаппайтындай», ішкі саясаты ретінде қарастырып, мәселені айналып өтеді. Біз осыдан кейін еліміздің барлық қаласындағы кинотеатрларда «Қара қабылан:Ваканда жасасын!» фильмінің көрсетілу уақыттарын шолып шыққанбыз. Сол баяғыдай, 10:00-ден басталып, әрісі 17:00-ге дейін ғана барады. Бірақ Қызылорда өңіріндегідей қазақтілді сеанстың бағасын аса көтеріп қойғандары байқалмайды. Тек Шымкентте 200 теңге шамасында айырмашылық байқалады. Дегенмен бұл оларды ақтауға негіз емес. Прайм-тайм жайы жұртшылықты одан әрі толғандыра бермек. Мысалы, Алматыдағы «Kinopark» желісінде 8 кинотеатр бар, оның тек төртеуі «Қара қабылан» фильмін 1 ғана сеанстан қазақ тіліндегі дубляжын көрсетуде. Оның үстіне 15:30-15:50 секілді ыңғайсыз уақыттарға қойған. Бір қарасаңыз, бұл – қазақтілді көрерменнің таңдау құқын шектеу екені анық.
Мейлі, көрсетіп-ақ жатыр дейсіз ғой. Әйткенмен кинотетарлар қазақтілді сеанстың уақытын ысыра салып, кейде көрсетпей тастауда. Алматы тұрғыны Ернар Бекенов осындай жайсыз оқиғаға тап болған.
– Жексенбіде балаларымды ертіп, «Қара қабылан» фильмін көріп қайтқымыз келген. Кинопарк желісінің Атакенттегі кинотеатарына 14:00-ге онлайн билет алдық. Енді фильмді қарауға келгенде «қазақша сеансты алып тастадық» деп қарап отыр. Оның орнына орысша сеансқа кіруді немесе кешкі 19:00-ге дейін күтуімді ұсынды. Келіспедім, билет құнын қайтаруды сұрасам, «онлайн төлем қайтарылмайды» дейді. Сауда саласында жүрген адам ретінде айтарым, төлемнің қайтарылмайтын түрі болмайды. Ақыры кассадан билет ақшасын алдыртып, көңіл күйіміз түсіп үйге қайттық, – дейді азамат.
– Біз «Өзіңнен баста» жобасын іске асырғанда кинотеатрларда көрсетілетін қазақтілді фильмдердің қолайсыз кестесіне байланысты проблемаға тап болдық. Менің жеке пікірім бойынша, бұның себебі – халықтың Голливуд фильмдерін тек орыс тілінде көруге менталды дағдысы қалыптасып қалған. Бұл бұрын теледидардан көрсетілген фильмдердің өте сапалы дубляжына байланысты болуы мүмкін. Сондай-ақ кинотеатрлар мен дистрибьюторлардың қазақтілді фильмге қызығушылығы төмен, – дейді ол.
Динара Гапланның ойынша, халықтың кинотеатрда қазақ тіліндегі фильмдерді көру дағдысын қалыптастыру үшін көп уақыт пен мазмұн қажет. Адамдар қазақ тілінде жақсы дубляждалған фильмдердің кинотеатрлар прокатында үнемі шығатынын біліп, соған үйреніп алса, көрермендер сапаға да сене бастайды. Бұл жерде кинотеатрлардың қолдауы мен фильмді қазақ тілінде прокаттау уақыты туралы келісетін прокатшының да еңбегі маңызды. Маман мәселенің түбегейлі шешілуі үшін жауапты орган мен кинотеатрлар талқылау өткізгені жөн екенін айтады.
Қайткен күнде де біз біржақты пікір қалыптастырғымыз келмейді. Көрерменнің де, кинотеатрлардың да өз шындығы бар. Екі тарапқа да күйе жаға алмаймыз. Әйткенмен кинотеатрлар қазақтілді сеанстардың прайм-таймына бір көз жүгіртіп, көрермен көзқарасын бажайлап көрсе, артық етпейтін еді.