Иорданияның Амман қаласында бокстан ерлер және әйелдер арасындағы Азия чемпионаты аяқталды. Ел құрамасы аталған бәсекеде жиырма бір медаль жеңіп алды. Медаль санын естігенде бойыңызды мақтаныш сезімі кернеуі мүмкін, бірақ... Қыздардың атындағы бірінші орын 21 медаль жеңіп алған Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте бірінші орынға ие болды. Олардың алтауы алтын, жетеуі күміс және сегізі қола. Өзбекстан құрамасы екінші орынға жайғасты. Олар турнирде алты алтын, үш күміс және төрт қола жүлдеге қол жеткізді. Ал Үндістан құрамасы он екі медальмен үздік үштікті қорытындылады. Азия чемпионатында әйелдер құрамасының атой салғаны белгілі. Турнирдің басты фавориті саналған Қытай құрамасы қыздары аталған жарысқа қатыспады. Әйелдер арасындағы бокста Еуропа, АҚШ үстемдік құратыны тағы бар. Оның үстіне, кей салмақ дәрежесінде үш-бес қыз жұдырықтасып, жүлдені сарапқа салды. Яғни, бәсекелестік аз. Сондықтан бұл нәтижеге қуану-қуанбауды жанкүйердің еншісіне қалдырдық. Ал келер жылы өтетін әлем чемпионаты әйелдер боксындағы Қазақстанның деңгейін көрсетері хақ. Жүлдеге келсек, қыздар үш алтын, бір күміс және бес қола медальға иелік етті. 48 келі салмақ дәрежесінде Алуа Балқыбекова финалда тер төкпей-ақ, алтынын қоржынға салды. Себебі қарсыласы жапон Като Хикару жартылай финалда сол қолын жарақаттап алғаннан ақтық сынға шығудан бас тартты. 51 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Назым Қызайбай жапон қызы Намики Цукимиге есе жіберіп, қоланы қанағат тұтты. 52 келі салмақта жұдырықтасқан Жазира Орақбаеваға да қола медаль бұйырды. Ал 54 келі салмақта Жайна Шекербекова мен 57 келіде сынға түскен Карина Ибрагимова алтыннан алқа тақты. Одан бөлек, 81 келіде Гүлсая Ержан күміспен күптелсе, Мәдина Нұршаева (66 келі), Дариға Шәкімова (70 келі), Ляззат Күнгейбаева (+81 келі) қола жүлде алды.
«Қыздарымыз жақсы нәтиже көрсетті десе де болады. Жалпыкомандалық есепте қыздардың арқасында бірінші орынға жайғастық. Былтыр сегіз алтын алсақ, биыл үш алтын алдық. Бұл керемет нәтиже деп айтар едім. Бірақ бір қынжылтатыны – құрамадағы қыздардың көбі бұрыннан келе жатқан боксшылар. Кей боксшының ұлттық құрамада жүргеніне он жылдан асып кеткен. Арасында әлем чемпиондары мен олимпиадаға қатысып, жүлде алып жүргендер бар. Бір сұрақ туындайды: бізде неге құрама түлемейді? Неге талантты жастар шықпайды? Кем дегенде құрама қатарында бір-екі жас боксшы қыз болу керек қой. Соған қарағанда, қыздар боксы әлсіреп бара ма, әлде себеп басқа ма? Сондықтан әйелдер құрамасындағы мәселені де қарау керек сияқты», – дейді тәуелсіз спорт шолушысы Анық Көкенайұлы.Жігіттерден жігер кетті ме? Белгілі спорт журналисі Қайрат Әбілдәмен Азия чемпионаты туралы әңгімеміз ерлер құрамасының қарқыны туралы басталған-ды. Оның үстіне, жарыс аяқталған соң құрама жігіттері сынның астында қалды. Қайрат Әбілдәнің айтуынша, бокс спорты бірінші орында тұратын ел үшін бұл қалыпты құбылыс. Әрі сын өшірмейді, ебін білгенді өсіреді.
«Финал кездесулерін тамашалағанда 48 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Санжар Тәшкенбайдың бокс мәнері ұнады. Кезінде Қарағандыда 15 жастағы Серік Сәпиевті тауып, ізденіп жазғаным бар. Сол сияқты Санжардың тума талант екені байқалып тұр. Негізінен, көп боксшы психологиялық түрде ішкі әлемімен айқасып жүреді. Куба сияқты елдің спортшысын қарасаң, рингте «жанып» кетпей, өзін еркін ұстайды. Бұл – үлкен басымдық. Осындай өзгешелікті Санжардың бойынан байқадым. Боксшыда өжеттік пен жігер үйлесім тапса игі. Айта кетерлігі, кезінде Махмұд Сабырхан сияқты өрендер атой салды. Бірақ «өспей» қалды. Сол мәнер, сол тактика. Мансабын қалай бастаса, әлі сол деңгейде келе жатыр. Яғни, бұл жерде бапкер тарапынан үлкен кемшілік байқалады. Іштей Санжар Тәшкенбайға келгенде осы қателікті қайталамаса екен деп тілеймін»,– дейді дейді белгілі спорт журналисі Қайрат Әбілдә.Оған қоса, журналист қалған боксшының физикалық тұрғыда шаршаңқы екенін атап өтті. Оның айтуынша, көпшілігі үшінші раундта сылбыр бокстасты. Аталған спорт түрінде үшінші раундты қарсылас есебіне жазғаның – жеңілгенің. Сондықтан бұл тұста бапкердің де, боксшының да қателігі бар. Ол жігіттерде тактикалық қате көп, техникалық шеберлік азын да атап өтті. Жалпы, осы бәсекеден кейін федерацияда үлкен жиналыс өтіп, бапкердің ұлттық құраманы жаттықтыруға қаншалықты лайық екені талқылануы керек екенін қосты. Оның айтуынша, құрамаға харизмасы мықты, айтқанынан қайтпайтын мінезді бапкер бас болса игі. Өйткені бапкерлер арасында атақты, ықпалдысы өз шәкіртін тықпалап, жарысқа апарғысы-ақ келеді. Сондайда кесіп айтатын бас бапкер керек-ақ.
Ал спорт шолушысы Анық Көкенайұлы бетке ұстар боксшыларымыз финалда жеңілгеніне қапалы. Оның айтуынша, Өзбекстанның екінші құрамы еліміздің бірінші құрамасынан басым түсті. «Біздікін негізгі құрам деп айтуға да келмейді. Шын мықтыларды құрамаға алмай, таныс және көкелерінің арқасында құрамаға енгендер барып ойсырай жеңілді. Мықты боксшылар құрамада жоқ емес, бар. Олар әлі шеберліктерін шыңдауы керек. Ең алдымен басшылықтан бастап майшаммен қарап, трайбализмді құртып, спарринг өткізіп құраманы жасақтау керек. Қазіргі жүйе, ескі тәсілмен ешқашан алға баспаймыз», – дейді ол.
Айзат АЙДАРҚЫЗЫ