«Дені сау ұлт» жобасы қолға алынды. Елімізде медицина саласында кемшін тұстар жетерлік. Ұлттық жоба бұл олқылықтың орнын толтыра ала ма? Әсіресе, пандемия медицина саласындағы өзекті мәселелерді көрсетіп бергендей болды. Маман тапшылығы да өзектілігін жоғалтқан жоқ. Бұл тұрғыда кемшілікті жою үшін не істеген жөн? Біз өз сауалымызды Мәжіліс депутаты Ғалымжан Елеуов мырзаға қойған едік. – Ғалымжан Алмасбекұлы, еліміздегі медициналық ахуал қандай? Медицина мамандарының тапшылығы – әлі де өзекті проблема. Салада 15 мыңға жуық медицина қызметкері жетіспейді екен. Бұған қандай факторлар ықпал етеді деп ойлайсыз? – Пандемия бізге медицина қызметкерлерінің, дәрігерлердің, медбикелердің, санитарлардың еңбегінің маңызын көрсетіп берді. Әрі бұл мамандардың өте қажет екенін көрсетті. Індет кезінде еліміздегі денсаулық сақтау жүйесінің жағдайы белгілі болды. Сол уақытта мыңдаған қазақстандық сапалы медициналық көмек былай тұрсын, тіпті телефон арқылы да кеңес ала алмағаны жасырын емес. Медицина мамандары тапшылығына келер болсақ, жұмыстың көптігі, күйзеліс, жалақының төмендігі сияқты мәселелермен қатар, емделушілердің, жалпы қоғамның дәрігерлерге деген теріс көзқарасы тікелей әсер етіп отыр. Сондықтан да біз жастарды дәрігер мамандығына қызықтырып, тарта білуіміз керек. Ол үшін дәрігерлердің мәртебесін арттыру маңызды. Өткен айда Парламент қабырғасында ауылдағы медицинаның жағдайы туралы Үкімет сағаты өтті. Денсаулық сақтау министрі ауылға баратын дәрігерлерді әлеуметтік жағынан қолдауды күшейту туралы баяндап, медицина кадрларын ауылға тарту үшін түлектердің міндетті түрде 3 жылдық жұмыс істеу нормасы қабылданғанын айтты. Ауылға барған дәрігерге 1 миллион теңгеден 2 миллион теңгеге дейін көтерме жәрдемақы бөлінеді. Ал кейбір әкімдіктер, яғни Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарында үш-бес миллионға дейін жәрдемақы бөлінетін болады. – Бір сөзіңізде «медицина қызметкерлерінің құқықтық жағынан қорғалмағанын» айтқан едіңіз. Мұны тарқатып айтып берсеңіз. Дәрігерге қандай құқықтық көмек керек? Дәрігер өз құқығын қорғай ала ма? – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың 2020 жылғы 27 мамырдағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің үшінші отырысында «.....кәсіптік қызметке кепілдік беруді қоса алғанда, медицина қызметкерлерінің заңды және қаржылық қорғалуы мен жауапкершілігі жүйесін әзірлеуді және енгізуді тапсырамын» деген тапсырмасы бойынша Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын әзірледі. Негізгі мақсат – медицина қызметкерлерінің кәсіби мәртебесі мен беделін арттыру, пациенттердің құқықтарын қорғау және медициналық көмектің сапасын арттыруға бағытталған. Оның үстіне жыл сайын медицина қызметкерлеріне қатысты кәсіптік міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 317-бабы бойынша 300-ге жуық іс ашылады. Қылмыстық істер көбінесе хирургия, акушер-гинекологтар, травматологтар, анестезиологтарға қатысты болып отыр. Медицина саласындағы бұл мамандықтар нағыз адам өмірімен өте тығыз байланыста. Сондықтан адами факторлардың болатыны да жасырын емес. Осындай мәселелер туындамас үшін дәрігерлердің кәсіби мәртебесін арттырған абзал. – Жуырда медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігін сақтандыруға байланысты жаңа заң жобасы әзірленді. Ол қандай игіліктерді көздейді? – Денсаулық сақтау министрлігі денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы шеңберінде медицина қызметкерлерінің кәсіптік міндеттерін тиісті деңгейде орындамағаны үшін қылмыстық құқық бұзушылықтарды ізгілендіру, санкциялық шараларды төмендету туралы нормаларды ұсынып отыр. Бұл – дәрігерлерді сақтандыруға бағытталған көптен күткен заң. Жалпы, әріптестерім жұмыс барысында қателіктер жібермеуге тырысуы керек. Ал өтемақы жайында тоқталатын болсам, пациентке келтірілген зиян үшін өтемақы төлеуді Денсаулық сақтау министрлігі айқындаған жағдайлар бойынша сақтандыру компаниясы жүргізеді. Төлемнен бас тартқан және қанағаттанбаған жағдайда пациент сотқа жүгінуге құқылы. – Ауылдық жерлердегі ана мен бала өлімі биыл айтарлықтай жоғарылаған. Ахуалды жақсарту үшін қандай шаралар қолға алынуы керек? – Өкінішке орай, Қазақстанда 2020-2021 жылдарға арналған ана өлімі көрсеткіші 3 есеге жуық өсіп отыр. Осындай көрсеткіштермен біз Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы атайтын әлемдегі ең кедей елдердің деңгейіне оралдық. Өңірлер бойынша көрсеткіштер одан да қорқынышты. Атап айтатын болсам, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Атырау, Қызылорда облыстарындағы әрбір мыңыншы сәби анасыз қалуда! Осы ана мен бала мәселесі менің де ерекше бақылауымда. Тиісті министрлікке арнайы депутаттық сауалдарымды жолдап, қазіргі таңда шешілу жолдарын қарастырып жатырмыз. – Биыл жазда ұшақ бортындағы жолаушыға алғашқы медициналық көмек көрсетіп, жүрек жұмысын қалпына келтіріп бергеніңізді білеміз. Дәрігерлік машығыңызды күнделікті өмірде қаншалықты жиі пайдаланасыз? – Иә, жазда Сеул–Алматы бағыты бойынша ұшақта, борттағы жолаушылардың бірінің қысымы төмендеп, есін жоғалтқан болатын. Ол адам ес-түссіз, клиникалық өлім жағдайында болды. Оның қысымы мен тамыр соғуы сиреп, жедел түрде реанимациялық іс-шаралар жүргізілді. 37 жастағы ер адамның жағдайы тұрақтанып, ол әрі қарай ұшуды жалғастырдық. Бұл жағдайды кез келген дәрігердің мамандығы алдындағы парызы деп санаймын. Ал дәрігерлік қызметіме келетін болсам, 22 жылдан бері хирург-дәрігермін. Қазір депутат ретінде заң шығарушылық жұмысыма байланысты ота жасауға қатыса алмаймын, дегенмен ем алушыларға дәрігерлік кеңесімді үнемі беріп отырамын. Айта кету керек, дәрігер үнемі ізденісті, тынымсыз еңбекті, үздіксіз оқуды талап ететін мамандық. Сондықтан дәрігерлік жұмысымнан қол үздім деп айта алмаймын. Әлі де жалғастыра беремін. – Әңгімеңізге рақмет!