Астана қаласы әкімдігінің «Астана жастары» ЖРО» коммуналдық мемлекеттік мекемесі мен Астана қаласы «Сарыарқа» ауданы әкімінің аппараты «NS Жас Жігер» жобасы аясында волейбол турнирін ұйымдастырды. Тартысқа толы бәсекенің шешуші кезеңі елордадағы М.Өтемісов атындағы оқушылар сарайында өтіп, жүлделі команда анықталды.
Есте болса, биыл қала әкімдігі «Астана жастары» ЖРО-мен бірлесіп NEET санатындағы жастарды әлеуметтендіру және жан-жақты қолдау үшін «NS Жас жігер» жобасын бастаған болатын. Жоба NEET санатындағы жастарды одан әрі жұмысқа орналастыру, әлеуметтендіру және дамыту үшін мемлекеттік бағдарламаларды түсіндіруге бағытталған. Осы жұмыс аясында белгілі спортшылардың қатысуымен спорттық турнирлер ұйымдастыру, танымал тұлғаларды, әлеуметтанушылар мен психологтерді жұмылдыру арқылы түсіндіру жұмыстарын өткізу, NEET санатындағы жастардың мәдени-ойын-сауық орталықтарына тегін бару секілді іс-шараларды қолға алу жоспарланған болатын.
Статистикалық мәліметтерге сенсек, қазір шаһарда 223 мың жастың 7 пайызы – NEET санатындағы жастар. Бұл 15 мыңға жуық адамды құрайды. Сол үшін әкімдік «NS Жас Жігер» жобасы аясында спорттық іс-шаралар және NEET санатындағы жастар арасында баскетбол, волейбол және футбол бойынша турнирлер ұйымдастырудың маңыздылығын ескеріп отыр. Оның бірі – елордадағы 27 базар қызметкерлерінің қатысуымен өткен футбол турнирі. Ұйымдастырушылар турнирді қолға алмас бұрын алдымен зерттеу жұмыстары жүргізілген екен. Ол үшін арнайы топ жарыс алдында базарларды аралап Ұлжан, Көктал, Сәлем, Эталон, Астаналық базар, Самғау, Орталық базар, Алаш, Шанхай, Әмір секілді бірнеше базарға бас сұққан. Осылайша, жоба үйлестірушілері футбол турниріне қатысатын командаларды анықтап, тартыс бәсекені ұйымдастыруды қолға алған.
Өткен аптаның соңында жоба аясында қолға алынған волейбол турнирінің жартылай финалдық және финалдық ойындары тартысты өтті. Жарысқа базарларда жұмыс істейтін жастар мен жұмыссыз жастардың өкілдері қатысып, бірінші орын жүлдегерлерінің есімі анықталды. Жоба мақсаты да сол, жастарды әлеуметтендіру және дамыту. Осы арқылы NEET санатындағы адамдарды қолдауға басымдық беріледі.
Салтанатты марапаттауға Астана қаласы әкімдігінің «Астана жастары» ЖРО» коммуналдық мемлекеттік мекемесі басшысының орынбасары – Руслан Қонақбаев, Астана қаласы мәслихатының жетінші сайланымының депутаты Бақдәулет Жанділдаев, қазақ батыры, төрт дүркін әлем рекордшысы, Гиннес кітабының рекордшысы және Қазақстанның алты дүркін рекордшысы Сергей Цырульников, қазақ батыры, мас-рестлингтен әлем чемпионатының күміс жүлдегері Темір Сыпатаев, Street Workout Kazakhstan негізін қалаушы Айтым Жакупов қатысып, жеңімпаздарды құттықтады.
Турнирге қатысуға шақырту алған қала тұрғыны Дулат Дархан жарыс жолына шыққанына қуанышты екенін жеткізді. Базарда жұмыс істейтін ол әкімдіктің осындай турнир ұйымдастырғанына алғысын білдірді. Ал қатысушылардың бірі Николай Назаренко: «Турнирге қатысқаныма өте қуаныштымын. Егер мамандық болмаса, қоғамда табысты қызметке орналасу қиын екені рас. Алайда осындай жарысқа қатысу арқылы өзімді үлкен және қызықты дүниенің бір бөлігі ретінде сезіндім, осы үшін турнир ұйымдастырушыларына алғысым шексіз», – деді.
Жарыс соңында волейбол турнирінің жеңімпаздарына марапатты Гиннестің рекордтар кітабына енген және төрт дүркін әлем рекордшысы Сергей Цырульников, қоян-қолтық ұрыстан спорт шебері Темір Спатаев және Street Workout Kazakhstan негізін қалаушы Айтым Жақыпов салтанатты түрде тапсырды. Әділқазылар алқасының шешімі бойынша 4-орын «Ұлжан», 3-орын «Олжа», 2-орын «Орталық» тобына табысталса, 1-орынды «Достық» командасы жеңіп алды. Сондай-ақ турнир қорытындысы бойынша 40 адам ақшалай сыйлықпен және сертификатпен марапатталды.