«Бизнес Бастау» жобасына биыл жаңа толықтырулар енгізілді. Сәйкесінше, жобаға бөлінетін қаржы 584 мың теңгеден, 1 миллион 225 мың теңгеге артты. Алайда ақша жүрген жерге алаяқтардың да үйір келетіні бар емес пе? Уақыт өткен сайын қайтарымсыз гранттарды бас пайдасына жаратқан кәсіпкерлер мен «сертификат жасап беремін» дейтін «пысықтар» көбейіп барады. Бұл мәселенің алдын алудың жолы қандай? Жалпы, қайтарымсыз грант алғандардың бәрі бірдей жұмыс істеп жүр ме?
«Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы аясында әр өңірде облыстық кәсіпкерлер палатасы арқылы «Бизнес Бастау» жобасы жүзеге асырылған болатын. Биылдан бастап ол – «Еңбек Бизнес» порталы болып ауыстырылып, өз жұмысын жалғастырып жатыр. 1 қазандағы жағдай бойынша 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобаға 533,1 мың адам қатысты. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады. Жұмыс берушілердің өтінімдері бойынша кәсіптік оқытуға 12,5 мың адам жіберілді. Өз кәсібін бастау үшін 12 мың адам мемлекеттік грант алды.
– Бұрын мемлекеттік гранттарға барлық санаттағы азаматтар үміткер болса, биылдан бастап тек 29 жасқа дейінгі жастар мен әлеуметтік осал топтарға жататын азаматтар ғана грант ала алады. Әлеуметтік осал топтарға атаулы көмек алатын отбасы мүшелері, көпбалалы отбасылар, мүгедектер, мүгедек баланы тәрбиелеушіге берілетін жәрдемақыны алатын адамдар және қандастар жатады, – деді Қызылорда облысының Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Жанар Дәулетбаева.
Сондай-ақ биыл грант беру процесі электронды түрде өтіп жатыр. Бұл ретте үміткерлер өтімдерін «Еңбек Бизнес» порталына электронды цифрлық қолтаңба арқылы тапсырады. Мемлекеттік грант беру туралы шешімді грант алуға үміткерлердің өтініштерін қарау жөніндегі арнайы комиссия шығарады. Комиссия құрамына «Атамекен» палатасының өкілі, қоғамдық бірлестіктер, қоғамдық танымдық ұйымдар, бизнес, бұқаралық ақпарат өкілдері және сала сарапшылары енгізілген.
Саудаға түскен сертификат
Жүйелі атқарылған жобаның кесірінен қарапайым халық жапа шегуде. Айталық, бұрын жобаға қатысқысы келген кәсіпкерлер «Атамекен» бизнес орталығына барып, бір ай оқудан өтіп, бизнес жоспарын қорғағаннан кейін ғана қаржы алатын. Ал биыл бұл үрдістің барлығы электронды форматта жүзеге асып жатыр. Ауыл халқы жаңа өзгерістерді түсініп, цифрлы құжаттарды толтыруға келгенде қиналады. Салдарынан әлеуметтік желіде, түрлі сайттарда қайтарымсыз грантқа сертификат алып, бизнес-жоспар жазып береміз деген жарнамалар саны артқан. Сертификат бағасы – 7-30 мың теңге аралығында.
– Ең бірінші, қарапайым халыққа бизнес порталға тіркеліп, сертификат алу қиын. Себебі портал дұрыс жұмыс істемейді. Сосын кәсіпкерлердің көбі компьютердің тілін білмейді. Сол себепті әкімшіліктегі қызметкерлерге өтініш білдіреді. Ал олар осы мүмкіндікті пайдаланып, ауадан ақша жасап отыр. Тіпті, қазір әлеуметтік желіде сертификат алып береміз деп жарнамалап, халықты қанап жүргендер көп, – дейді информатик Алмагүл Серік.
Жақында Шымкентте қала әкімдігіне қарасты Халықты жұмыспен қамту орталығында шу шықты. Жылдың басында бір топ әйел мемлекеттен қайтарымсыз грант алу үшін бір миллион теңгеге дейін әкімдікке қарасты мекеменің қызметкеріне берген. Алайда арасында бірнеше әйел ғана кәсіп ашу үшін мемлекеттен қайтарымсыз грант алған. Ал қалғаны сан соғып қалғанын айтады.
– Менің 9 балам бар. Күйеуім айына бар болғаны 100 мың теңге жалақы алады. Ол ештеңеге жетпейді. Сөйтіп жүргенде, танысымнан осы Жұмыспен қамту орталығы қайтарымсыз грант беретінін, атаулы әлеуметтік көмекті (АӘК) пара беріп алуға болатынын естідім. Алдымен, құдашам 120 мың теңге беріп, бір миллион теңге грант алды. Соны көріп, күйеуімнің бір айлық жалақысын АӘК алу үшін бердім. Бірақ бір тиын алған жоқпын. Енді қарыздың астында қалдық, – дейді Шымкент қаласының тұрғыны Гүлжан Сарқұлова.
Тіпті, бір азаматша туған-туыстарынан ақша жинап, 10 миллион теңгені орталық қызметкеріне тапсырған. Олар қаражатты ортадағы делдал арқылы Халықты жұмыспен қамту орталығында жұмыс істейтін қызметкердің үйіне апарып берген. 500 мың теңге беріп, 5 миллион теңге алғысы келгендер алданғанын шілдеде білген. Әйелдердің айтуынша, Халықты жұмыспен қамту орталығының қызметкері Әсем Сүттімбетова қолындағы қаржыны қайтарамын деп отырғанда ұсталған. Содан бері азаматшалар ақшасын кімнен сұрарын білмей отыр. Орталық директоры Әсет Шахдаттың айтуынша, бұл әрекеттің қашаннан бері жалғасып жатқаны белгісіз. Орталықта ішкі тексеру жүргізілген.
«Атаулы әлеуметтік көмек алушы азаматтардың тізімін қарағанда ешқандай азаматтың біздің ақпараттық жүйе арқылы өтпегені анықталды», – деді Әсет Шахдат.
Даудың басы комиссиядан шықты
Осылайша, кәсіп ашып, аяққа тұрсам деген халық портал арқылы сертификат ала алмай қиналып жүр. Сертификат алу кәсіпкердің жобадан өткеніне толық кепіл бола алмайды. Одан әрі азаматтарды бизнес-жоспар жазып, оны комиссияның алдында қорғау күтіп тұр. Дегенмен Қызылорда тұрғыны Әсел Сахиеваның айтуынша, комиссия әртүрлі ортадан құралғандықтан бұл жерде де «бармақ басты, көз қысты» бар екен.
– Кәсібімді бастау үшін дайындалып, онлайн сертификат алдым. Кейін комиссия шақыртуын күттім. Комиссия шақыртуы келіп бизнес-жоспарымды қорғап шықтым. Ішінде отырған комиссия мүшелері ақшаны өз қалталарынан берердей дөрекі сөйлеп, тіпті дауыс көтерді. Бір-екі аптадан соң «сізге грант тағайындалмады» деген sms хабарлама келді. Жан-жақтан сұрастыра келе, грантты ұту үшін 300 мыңдай ақша беру керек екенін естідім. Ол не сұмдық? Ақша бергендер қайтарымсыз грант алып жатыр. Ақшасы жоқтар біз сияқты өтпейді. Сонда мен басында кредит алып 300 мың берсем, комиссияға кірмей-ақ жобаға өтеді екенмін, – дейді Әсел Сахиева.
Ел арасында жобаға арнайы құрылған комиссияның әділдігіне күмән келтіретіндер саны артқан. Дегенмен комиссия мүшелері мұны жоққа шығарып отыр.
– Комиссия мүшелері жобаны бағалауда бизнес-идеяның бәсекеге қабілеттілігіне, үміткердің кәсіпкерлік дағдыларын меңгеру деңгейіне, бизнес-жобаның қаржылық мүмкіншілігіне, жаңа жұмыс орындарын құру сынды критерийлерге басымдық береді. Қайтарымсыз грантқа бөлінген қаржы – құрал-жабдықтар мен техникаларды сатып алуға байланысты шығындарға пайдаланылады, – дейді комиссия мүшесі Ерлан Нұрланов.
Құжаты түгел, кәсібі жоқ
Бес жыл ішінде «Бизнес Бастау» нағыз халықтың жобасына айналды, әсіресе елді мекендерде жобаға деген сұраныс жоғары. Осы уақытқа дейін іске асырылған жобалардың 80 пайызы – ауыл шаруашылығы саласында. Қалған бөлігі қызмет көрсету, сауда, тігіншілік, тамақ өнеркәсібі және басқа бағыттарды қамтиды. Ауылда ашылған жобалардың көпшілігі, шамамен 80 пайызы мал шаруашылығы мен өсімдік шаруашылығына тиесілі. Дегенмен өз сиырын өзі сатып алып, тегін ақшадан құр қалмайын дейтіндер де бар. Жоба ұйымдастырушылары құжатты қанша қиындатса да, қайтарымсыз грантты алып, тиімсіз пайдаланғандар да жоқ емес. Мұндай жағдайда жоба ұйымдастырушылары кәсіпкердің үстінен сотқа шағымданып, грантты өндіріп алуға құқылы. Жақында қайтарымсыз грант алған кәсіпкерлердің қаржыны той мен құдалық өткізуге жұмсағаны белгілі болды. Шымкент қалалық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және халықты әлеуметтік қорғау басқармасы басшысы Балмаржан Нарбекованың айтуынша, былтыр 23 кәсіпкер мемлекеттік грантты орынсыз жұмсаған.
– Жобаға бөлінген қаржыны қарыз өтеуге, несие төлеуге, үйлену тойына жұмсауға болмайды. Бәрінің сұрауы бар, аз қаржы емес. 1 миллион 225 мың теңге бизнесті дамыту үшін беріледі. Енді тоқсан сайын есеп беруді талап етеміз. Заңбұзушылықтар анықталған жағдайда жауапқа тартамыз, – деді Балмаржан Нарбекова.
Бес жылдан бері кедейліктің төмен шегіндегі мұқтаж жандарға, соның ішінде жұмыссыз қыз-келіншектерге жақсы қолдау болды. Бірақ осы жылдар ішінде бағдарламаның кемшіліктері де байқалды. Ең негізгі кемшілік – грант қаржысына қадағалаушы мекемелер тарапынан дұрыс бақылаудың болмағаны. Кейбір жандар есепшотына түскен соманы бірден қолма-қол ақшаға айналдырып, басқа мақсаттарға жұмсаған. Мәселен, грант қаржысы бұрынғы қарыздарын жабуға кетті, той өткізіп, смартфон сатып алғандар да бар. Бұл бір жағынан көп адамда қаржылық сауат жоқтығын білдірсе, екінші жағынан – мемлекеттің қаржысын тегін үлестіріп жатқандай көрген масылдық психологияның көрінісі. Екінші кемшілік – «Бизнес Бастау» жобасына енгізілген өзгерістің халыққа тиімсіздігі. Салдарынан ауылдағы ағайын сертификат алып беремін деген алаяқтарға бір, комиссияға екі рет жем болып жүр.
Сонымен қатар «Бизнес Бастау» жобасы – екі қолға бір күрек таба алмай жүргендер үшін күнкөрістің қамы. Бірақ үлкен нарыққа шығудың кілті емес. Себебі сағат сайын өсіп жатқан инфляция үшін миллионға үлкен кәсіп ашу мүмкін емес.