«Медициналық қалдықтар адамдарға көп қауіп төндіреді. Оны басқа қалдық сияқты полигонға тастай салуға болмайды, ерекше ережелер бар. Мұндай қалдықтар ауруханалардың жұмысы нәтижесінде пайда болады. Мәселен, бір рет қолданылатын медициналық құралдар, шприц, науқастардың күтіміне арналған заттар, операциядан соңғы биологиялық қалдықтар, токсикологиялық заттар, тіпті құрамында аса қауіпті радиоактивті элементтер бар қалдықтарды жоюға қойылатын талаптар ерекше. Сондықтан медициналық қалдықтарды жою қатаң регламенттелген. Бұл жұмыспен лицензиясы бар кәсіпорындар ғана айналысуы тиіс. Олардың айналасына белгілі бір санитарлық қорғау аймағы салынуы керек. Оның елді мекеннен қашықтығы кемінде 1 шақырым болуы тиіс», – деп түсіндірді облыстың бас экологі.Ал Малое Белое ауылында 96 метр ғана арақашықтық сақталған. Департаменттің оған лицензия бермеуінің басты себебі осы болса керек. Кәсіпорын басшысы лицензия сұрап департаментке екі рет жүгініпті. Енді үшінші рет шағым айтып келгенінде пештерді жаңартатынын алға тартқан екен. Бірақ бас экологтің түсіндіруінше, мәселе пеште емес. Алайда зауыттың лицензиясы жоқтығына қарамастан, қоршаған ортаға эмиссияларға рұқсаты мен экологиялық сараптама қорытындысы бар болып шықты. Мемлекеттік сатып алуды жетілдіру керек Ауылдықтар бұған дейін осы мәселені көтеріп, талай табалдырықты тоздырғанымен, мұнысынан еш нәтиже шықпаған. Мәселен, оларға берілген жауаптардың бірі мынадай: «Қызылжар ауданы Малое Белое ауылының тұрғындарының «СҚО Фармация Экомед KZ» ЖШС қызметінің нәтижесінде пайда болған иіс алаңдатып отыр деген өтініші бойынша: учаскелік полиция инспекторы материалдарды жинақтап, тексеру жүргізу және шешім қабылдау үшін Қызылжар аудандық Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасына жіберді. Басқарманың 2022 жылғы 2 қыркүйектегі жауабына сәйкес әкімшілік құқықбұзушылық оқиғасының болмауына байланысты әкімшілік іс қозғаудан бас тарту туралы қаулы шығарылды». Осылайша, қайда барса да, маңдайы тасқа тиген тұрғындар зауыттың түтіндеп жатқанына амалсыз көнуге мәжбүр болған еді. Ауылдықтар о баста заңды белден басып, ауылдың қақ ортасынан қауіпті кәсіпорын салуға кім рұқсат бергенін біле алмай дал. «Мың асқанға – бір тосқан», жуырда кәсіпорынның жұмысы сот шешімімен тоқтатылды. Департаменттің кезектен тыс тексерісінен соң сотқа жүгінуіне тиісті талаптардың сақталмағаны ғана емес, тұрғындардың арыз-шағымдары түрткі болды.
Сотта тараптар арасында бейбіт келісім жасалды. Атап айтқанда, «СҚО Фармация Экомед.KZ» кәсіпорны қоршаған ортаны қорғау саласындағы жұмыстарды орындауға және қызмет көрсетуге лицензия алғанға дейін шаруашылық қызметін тоқтата тұруға міндеттенеді. «Егер кәсіпорын осы келісімді бұзса, біз сот орындаушылары арқылы әрекет етеміз», – дейді бас эколог. Айтпақшы, зауыт лицензиясының мерзімі өтіп кеткенін «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы бірінші медиа орталық» қоғамдық бірлестігінің өкілдері анықтапты. Қоғамдық бірлестіктің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша филиалының басшысы Руслан Асаубаевтың пікірінше, мемлекеттік сатып алулар порталын жетілдіру қажет. «Атап айтқанда, оны басқа ресурстармен кіріктірген жөн. Мемлекеттік сатып алу барысында тапсырыс беруші неліктен кәсіпорынның лицензиясы бар-жоғын анықтап алмаған? Лицензия туралы мәліметті кез келген азамат elicense.kz сайтынан ала алады. Мемлекеттік сатып алулар бойынша маман келісімшарт жасаспай тұрып, осындай жайттарды анықтап алуы тиіс», – дейді Руслан Асаубаев.
Солтүстік Қазақстан облысы