Елорда өнер мен мәдениеттің қаласына айналып келеді. Бұл сөзіміздің дәлелі, бірер жылдың өзінде ғана бас қаладағы мәдени орталықтардың саны артты. Ал жұрт сүйсінерлік қойылымдар мен шығармашылық жетістіктердің артында мәдениет және өнер қайраткерлерінің орасан зор еңбегі жатыр. Олар сол сияқты өскелең ұрпақтың тәлім-тәрбиесіне өлшеусіз үлес қосып келеді. Жылдан-жылға мәдени мекемелерге – театрларға, мұражайларға, кітапханаларға баратындар қатары да өскен. Жуырда мәдениет саласының қызметкерлерімен кездескен Астана қаласының әкімі Алтай Көлгінов осылай деді. Кездесуде мәдениет саласын дамыту және еңбек жағдайын одан ары жақсарту мәселелері талқыланды. Мәдениет және өнер қайраткерлері де өз тарапынан мәдени нысандар желісін кеңейту, ғимараттарды жөндеу, шетелдік әріптестерімен тәжірибе алмасу, жалақы мөлшерін көтеру, тұрғын үй мәселелерін қозғады. Шаһар басшысы кездесуде көтерілген мәселелер шешу жұмысын қолға алып, кестеге енгізуді қарастыратынын жеткізді.
– Маңызды мәселелердің бірі – тұрғын үй. Қазақстандық тұрғын үй бағдарламасы (ҚИК) желісі бойынша мәдениет қайраткерлері санатына енгіздік. Тұрғын үй сертификатының сомасын 1 млн теңгеден 1,5 млн теңгеге дейін ұлғайттық. Сол сияқты өзге де тұрғын үй бағдарламалары бар. Осы жылдың маусым айында кітапханашылар, суретшілер, мұражай қызметкерлері секілді көптеген мәдениет қызметкерінің жалақысы 30-дан 50%-ға дейін көтерілді. Еңбек жағдайын жақсарту жөніндегі шаралар жүйелі түрде жалғасатын болады. Сондай-ақ бірқатар мәдени нысанға жөндеу жүргізілді. Ал М. Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театрында жөндеу жүріп жатыр. Өздеріңіз білетіндей, жөндеу жұмысы 2018 жылы басталған. Алайда сыбайлас жемқорлық, оның ішінде мердігер тарапынан да заң бұзылғаны анықталған еді. Сот рәсімдері аяқталғаннан кейін жаңа мердігер анықталып, жұмыс қайта жанданады, – деді Алтай Көлгінов.Сонымен бірге ерекше қажеттілігі бар жандардың өтініші бойынша Qanattylar инклюзивті театры ашылды. Инклюзивті театрдың артықшылығы – ерекше қажеттілігі бар адамдарды әлеуметтендіру, шығармашылықпен айналысуына мүмкіндік беру. Ал арнайы сабақтардың арқасында олар да оңалтудың бір түрін алады. Бұдан бөлек, мәдениет қайраткерлерімен бірлесе отырып, оқушыларға арналған бірлескен жоба іске қосылды. Мысалы, «Музейдегі оқу күні» жобасының да білімді ұрпақ тәрбиелеудегі артықшылығы көп. Оқушылардың Ұлттық музейде Қазақстан тарихын зерделеуге мүмкіндік беретін бұл жоба теориялық білімді бекітуге бағытталған. Елорда әкімінің айтуынша, қалада мәдениет және өнер қайраткерлері, өзге де ниет білдірушілер қойылымдар мен спектакльдер өткізе алатын бірқатар қоғамдық кеңістік ашылды. Мәселен, өткен айда елорда төрінде Республика күні қарсаңында осындай тағы бір маңызды қоғамдық кеңістік өз жұмысын бастаған еді. Атақты күйші Дина Нұрпейісова ескерткішінің жанында музыканттар аллеясы ашылып, онда домбыра, қобыз, сыбызғы ойнаған жүздеген аты аңызға айналған күйші-музыканттардың есімі жазылған ерекше мемориал орнатылды.
Өнер мен мәдениет – елдің өркениетін көрсететін аспектісі. Яғни, ұлт өмірінің айнасы, ғасырлар бойы үзілмей келе жатқан халықтың рухани келбеті. Мәдениеті мықты дамыған елдің еңсесі биік болары сөзсіз. Мемлекет басшысы да өз сөзінде «Қоғамды ұйыстыру, ұлттық бірегейлікті нығайту ісінде еліміздің тарихи мұрасын және мәдени әлеуетін тиімді пайдалануға баса мән беріледі. Бұл орайда Қазақстанның мүмкіндіктері зор, соның ішінде өзін халықаралық аренада тиімді таныта алады» деген болатын. Бұл орайда бас қаладағы өнер мен мәдениет майталмандарына көрсетілген ұдайы қолдау шығармашылықтың шыңына шығуға жол ашып келеді.