Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы жұртшылығымен кездесу барысында қасіретті Қаңтар оқиғасына тоқталып, төңкеріс жасағысы келгендердің негізгі мақсаты туралы айтты, – деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.
«Қасіретті Қаңтар еліміз үшін зор сынақ болды. Қасақана әрекет еткен қарақшылар тобы мемлекеттігіміздің тұғырын шайқалтуға тырысты, елдегі тұрақтылықтың тамырына балта шапқысы келді. Біз бұл жерде бір мәселенің басын ашып алуымыз керек. Бейбіт шерулердің себебі – бір бөлек. Ал, мемлекеттік төңкеріс жасағысы келгендердің мақсаты – мүлде басқа. Қаңтар оқиғасының астарына үңілсек, оның себептері айқын көрінеді», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Оның айтуынша, елімізде ұзақ уақыт әлеуметтік әділдік назардан тыс қалды. Мемлекет пен қоғамның арасы алшақтап кетті.
«Жылдар бойы шешілмеген әлеуметтік-экономикалық мәселелерден жұрт әбден қажыды. Бұл – түсінікті жайт. Алайда қылмыскерлердің көздегені басқа еді. Олар бейбіт шеруді жаппай тәртіпсіздікке айналдырғысы келді. Алдын ала әзірлеген арандатушылар, бұзақылар, тіпті қарақшыларды пайдаланды.
Соның кесірінен Алматыдағы жағдай күрт нашарлады, тіпті, бақылаудан шықты. Қылмыскерлер әкімшілік ғимараттарды басып алды. Көшелерді жауып, жолында кездескеннің бәрін қиратты, тонады. Қысқасы, ойларына не келсе, соны істеді. Бірақ қандай жағдай болсын, азаматтарымыз, ең бастысы, Алматының асқақ рухын құлатқан жоқ. Қала тұрғындары жұдырықтай жұмылды, сүйікті қаласын қорғап қалу үшін бірікті. Әрине, содырлар мұндайды күтпегені айдан анық», – деді Қ. Тоқаев.
Президент сол бір қиын-қыстау шақта уақыт ұттыруға қақы болмағанын қадап айтты.
«Еліміздің алтын бесігі – Алматыны қиратып жатқаны осы қаланың перзенті ретінде менің де жаныма батты. Дегенмен дәл сол сәтте абдырап, уақыт ұттыруға еш қақымыз болған жоқ. Онда әбден дандайсып кеткен қарақшылар қаламызды күл-талқан етер еді. Ел тағдыры сынға түскен жауапты сәтте халқымыз мызғымас бірлігі мен қайтпас қайсарлығын танытты. Мемлекеттігімізді сақтап қалу үшін біз қандай тәуекелге де баратынымызды айқын көрсеттік. Сол қиын күндерде бүкіл Қазақстан халқы алматылықтардың тілеуін тіледі», – деді Қ. Тоқаев.
Ол өкінішке қарай, қазір кейбіреулер қылмыстық әрекетті халық көтерілісі деп ақтауға тырысып жүргенін айтты.
«Тағы да айтамын: халықтың бейбіт шеруі мен қарақшылар жасаған қанды қылмыстың арасын ажырата білу керек. Біз жедел және батыл әрекет жасағанның арқасында ел ішінде дереу тәртіп орнаттық. Қабылдаған шешімдеріміз және іс-әрекетіміз бүкіл дүниежүзінде түсіністікпен мойындалды, тіпті, қолдау тапты», – деп атап өтті ол.
Мемлекет басшысы сөзін жалғай отырып, арандатушылардың соңына еріп кеткен, алайда ауыр қылмыс жасамаған азаматтарға арнап Рақымшылық туралы заң қабылданғанын мәлім етті.
«Уақыт – емші» дейді халқымыз. Қасіретті күндер алыстаған сайын біртіндеп көмескі тарта беретіні анық. Қарулы топтардың қалай ойран салғаны да естен шығуы мүмкін. Бірақ біз ел ішіне жік салғысы келетін арандатушылардың жетегінде кетпеуіміз керек. Көшеге шығып, бұзақылық жасаған адамдарды дәріптеп, қолдан қаһарман жасауға болмайды. Қастандық ұйымдастырған қарақшылардың қылмысын ақтауға жол берілмейді. Олардың бәрі лайықты жазасын алады.
Бірақ қылмыскерлердің қолшоқпары болған, арандап қалған жандар да бар. Мен ауыр қылмыс жасамаған осындай азаматтарға кешіріммен қараған жөн деп шештім. Осыған орай, Рақымшылық туралы заң қабылданды. Бұл – адамгершілік тұрғыдан дұрыс қадам. Өйткені, кешірім – ізгіліктің белгісі. Қажетті заңдық рәсімдерден кейін рақымшылық жасалған адамдар босатылып, отбасына оралады. Бұдан былай мұндай қасірет қайталанбайды деп сенемін. Сол үшін біз қолдан келгеннің бәрін жасаймыз. Қайғылы күндерде қаза болған жандардың жақындарына тағы да көңіл айтамын», – дейді Тоқаев.
Ол өз сөзінде Қаңтар оқиғасы кезінде күштік құрылымдардың еңбегін ерекше атап өтті.
«Сын сағатта антқа адал болған құқық қорғау және күштік құрылымдардың қызметкерлерін ерекше атап өткім келеді. Қоғамдық тәртіпті қалпына келтіруге қала тұрғындары да атсалысты. Осындай жанашыр азаматтардың бәріне ризашылығымды білдіремін. «Қаңтар қасіреті» бізге сынақ қана емес, үлкен сабақ болды. Тыныштық пен тұрақтылықтың қадірін жұртымыз жете түсінді. Ал қоғамға іріткі салуды көздеген қарақшылардың, лаңкестердің мақсаты орындалған жоқ. Керісінше, халқымыздың бірлігі нығая түсті. Ұйысып, жан-жақты жаңғыру жолына қадам басты», – дейді Мемлекет басшысы.