Қолында бес айлық сәбиімен таксист болып жұмыс істеп жүрген астаналық келіншектің оқиғасы бәрімізге мәлім. Жақында елордалық полиция оған кішігір сый-сияпат жасап, барлық айыппұлдарын алып тастаған болатын. Енді желтоқсан айында оған пәтер берілмек.
«Біз біргеміз» қоғамдық қорының жетекшісі Перизат Қайрат астаналық әйелге қатысты видео пайда болғаннан кейін оның баспана мәселесін қарастыру үшін түрлі құрылыс компанияларына хабарласқанын мәлімдеді.
"Ақтөбелік меценат Мөлдір Сүйіншәліге хабарластық. Ол Астанада жеке үйлер салады. Бір ай бұрын біздің қорға жаңа тұрғын үй кешенінен пәтер берілген. Әлеуметтік желіде Әселмен болған видеоны көріп, Мөлдірге осының біреуін беруді ұсындым. Ол келісті, мен мұны Әселге сүйіншіледім», - деп бөлісті ол.
Бұл маңызды сыйлық туралы сүйінщілеген қор қызметкерлері таксист әйелдің қуанышты эмоциясын видеоға түсіріп алған.
Әселге пәтер кілті ресми түрде желтоқсан айында тапсырылады, ол бес айлық қызы мен 12 жасар ұлымен бірге тұратын жатақханадан көшетін болады. Ол көптен күткен пәтерді алуға көмектескен қайырымдылық қорына және барша қазақстандықтарға алғысын білдірді.
«Не деген бақыт, сене алар емеспін.Сізге көп рахмет! Мен әлі сенбеймін! Кіре берісте балалармен түнеп қалған күндерім болды. Күндіз пәтер іздедім, бірақ кішкентай балаларым болғандықтан, ешкім маған үйін жалдап тұруға берген жоқ. Мен қазір өте қуаныштымын. Сіздей мейірімді жандарға мың алғыс!», - деді Астана тұрғыны.
Сондай-ақ қор төрағасы Әселдің енді таксист болмайтынын атап өтті. Ол көліктің Астана қалалық такси депосына тиесілі екенін және полиция департаменті астаналық әйелге «Сергек» камерасынан салынған барлық айыппұлдарды алып тастағанын мәлімдеді. Қазіргі уақытта Перизат әйелге жаңа пәтерінде жөндеу жұмыстарын жүргізуге көмектесетін демеушілерді іздеп жатыр.
Еске сала кетейік, бұған дейін Instagram қолданушысы Астанада таксиге мінген кездегі ерекше оқиғамен бөліскен болатын. Ер адамның видеосы әлеуметтік желідегі қазақстандық сегментте тез тарап кетті. Қамқор қазақстандықтар әйелге қолдау көрсетуге бел буып, оған 2 миллион теңгеге жуық ақша жинап берген.