Өнер мен мәдениеттің қаласына айналған – Астана
Өнер мен мәдениеттің қаласына айналған – Астана
1,118
оқылды
Өнер мен мәдениет – елдің өркениетін көрсететін аспектісі. Яғни, ұлт өмірінің айнасы, ғасырлар бойы үзілмей келе жатқан халықтың рухани келбеті. Мәдениеті мықты дамыған елдің еңсесі биік болары сөзсіз. Сөзіміздің дәлелі ретінде бірер жылдың өзінде Астанада мәдени орталықтардың саны артып, мәдениет және өнер қайраткерлері руханиятымызға қосып жатқан үлесі елеп-ескеріліп жатыр. Музыкалық аллеяның тас мемориалында көрнекті композиторлардың жүзден астам есімдері жазылған. Олардың барлығы қазақ халқының күйлерін шығарған және орындаған талантты музыканттар. Ескерткіш елордадағы домбырашылардың жаңа аллеясын безендіріп, қала қонақтары мен тұрғындары үшін демалыс орнына айналды.  «Күй анасы» республикалық қорының басшысы Төлеген Қуанышевтің сөзінше, күйшілердің тізімін Құрманғазы атындағы Алматы консерваториясының арнайы ғылыми тобы құрған. Әр музыканттың өмірбаянын, оның қазақ мәдениетіне қосқан елеулі үлесі зерттеліп, келешек ұрпақ естіп-біліп жүру үшін тасқа қашалып жазылған. Қоғам қайраткерлері «бас қалада басталған мұндай жоба күні басқа қалаларға да үлгі болса» деген пікірлерін де айтады. «Бұл біздің ұлы аспабымыз - домбыраға деген құрмет. Домбыра-бұл жай ғана музыкалық аспап емес, ол қазақ халқының тарихы. Ғасырлар бойы домбыраның ішегінен шыққан музыка адамдарға қиындықтарды жеңуге, жақсылық жасауға көмектесті. Менің ойымша, аллеяның ашылуы - өскелең ұрпақты тәрбиелеу», - дейді Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшесі Марат Мұстафин. Бұл ғана емес, «Күйшілер аллеясы» деген символдық атау берілген бұл алаңда енді музыкалық субұрқақ пен жазғы амфитеатр орнатылады. Идея бойынша, аллея халық өнерінің орталығына айналуы тиіс. Сонымен қатар Астанадағы мәдениет саласының майталмандары әлемдік деңгейді бағындырып, халықаралық фестивалдерді де тұрақты өткізетін болды. «Астаналық цирктің» бас директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ерік Жолжақсынов: «Әкімдікпен тікелей байланыста болғаннан кейін бүгінгі тыныс-тіршілігіміздің барлығында олардың үлкен қолдау-қуаттауын сезініп отырмыз. Осы уақытқа дейін біраз жыртығымызды жамап алдық десек те болады. Оның үстіне жарық, музыка қондырғылары секілді құрал-жабдықтарын жаңартып, дивандар мен аренаға жабылатын кілемге дейін жаңарттық. Осындай барлық жағынан қолдау-қуаттауды сезінген мәдени ошақта өнер мен мәдениеттің өрісі кеңейе беретіні айтпаса да түсінікті. Сол сияқты шығармашылық адамдар да мәдениет саласының тынысын ашып, үлкен жетістіктерге жете беретіні сөзсіз», - дейді. Оның айтуынша, жақында ғана елорда төрінде Халық қаһарманы, Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, көрнекті театр және кино режиссері Әзірбайжан Мәдиұлы Мәмбетовтің 90 жылдық мерейтойы дүрілдеп өтті. Мерейтой аясында бас қалада 22-30 қазан аралығында Астана қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен Мәдениет және Спорт министрлігі, Халықаралық Түркі Мемлекеттерінің (ТҮРКСОЙ) ұйымының қолдауымен II-Халықаралық «TЕАТРALL» театр фестивалі өз деңгейінде өткен еді. Сонымен бірге 18-23 қазан аралығында көрнекті театр және кино актрисасы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Шолпан Жандарбекованың 100 жылдығына арналған Қазақстан драма театрларының XXVIIІ Республикалық фестивалі ұйымдастырылды. Атаулы күні Мұхтар Әуезов театрларының марқасқа әртістері келіп, еңбектерін атап өткен болатын. ­– Одан бөлек, цирктің өзінде де халықаралық деңгейдегі фестивалдер ұйымдастырылып жатыр. Әкімдіктің қолдауымен індеттің өзінде цирктің 15 жылдығын абыроймен атап өттік. Сондай-ақ ХІІІ Халықаралық «Азия жаңғырығы» фестивалі ұйымдастырылды. Соның арқасында цирк әртістері шетелдік әріптестерімен тәжірибе алмасса, екінші жағынан үлкен жетістіктерге жетуге жол ашылды. Осының барлығы әкімдік тарапынан көрсетіліп отырған қолдаудың арқасында жүзеге асып жатқанын айтып өткім келеді. Мәдениет пен өнердің өрісі өсіп жатыр. Халықаралық фестивалдер тұрақты өтіп, әлемнің мәдениет пен өнер майталмандары сахнамызда ойнап жатыр. Мысалы, «Азия жаңғырығы» фестиваліне 12 елден әртістер келді. Ендігі фестивалге де дайындықты бастап кеттік. Бұл алдыңғыдан да ауқымды деңгейде өтеді деп жоспарлап отырмыз, - дейді Ерік Жолжақсынов. Сонымен қатар ол әртістердің алаңсыз шығармашылықпен айналысып, өнер жолында аянбай еңбек етуі үшін жасалып жатқан қолдаудың бірі – айлық мәселесі екенін айтады. «Бұл орайда да айтарлықтай жұмыс істеліп жатыр. Мысалы, әртістердің жалақысы өсті. Одан бөлек, түрлі бағдарламалар арқылы өз баспанасына қол жеткізуде. Шығармашылық жолда еңбек етіп жатқан әртістерімізге мұндай қолдаудың қанат бітіреді. Қазір өнер мен мәдениет саласында жүрген әртістеріміз халықаралық деңгейдегі шығармашылық байқаулар мен фестивалдерге тұрақты шығып жатыр. Оның өзі әкімдіктің қолдауының арқасында жүзеге асып отырғанын айтқан дұрыс.  Енді қазір қаланың 25 жылдығына дайындықты жоғары деңгейде ұйымдастыруды қолға алып жатқан жай бар. Мәдениет саласының мамандары алға қойған мақсатты абыроймен орындап, көпшілікке үлкен қуаныш сыйлайды деп ойлаймын», - дейді ол. Кинода жетістік «Оскармен» өлшенсе, цирктегі жетістік Монтекарлоға жету. Бұл орайда «Астаналық Цирк» тарихының 50 жылдығында алғаш рет Монтекарлодағы қазылар алқасында болу бақыты бұйырғанын айтқан цирк директоры: «Әлемдік деңгейдегі фестивалге қазылық ету оңай емес. Бұл да бір үлкен жетістік. Сондай-ақ ол жақа біздің әртістер жылда қонаққа шақырылады. Әлем елдерінен бізге келіп қойылым қойып жатқан театрлар бар. Осы уақытқа дейін Израиль, Франция, Италия, Венгрия, Франция секілді Еуропа елдерінен, Беларусь, Вьетнам, Қырғызстан, Молдова, Моңғолия, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан, мұхиттың арғы жағынан АҚШ-тан дарынды әртістер келді. Олардың арасында акробаттар, жонглерлер, әуе гимнасттары және сайқымазақтар бар. Цирк өнері үлкен жетістікке жетті. Мұның барлығының артында әкімдіктің тікелей қолдауы барын ұмытпаған жөн», - дейді.   Әкімдік тарапынан барынша қолдау көрсетіліп, руханияттың дамуына үлес қосып жатқанның дәлелі – осы. Тіпті, жуырда ғана Астана қаласының әкімі Алтай Көлгінов мәдениет және өнер саласының қызметкерлерімен кездесіп, олардың еңбек жағдайын жақсарту және одан ары дамуына байланысты  мәселелері талқылады. Артынан қала басшысы кездесуде көтерілген мәселелер шешу жұмысын қолға алып, кестеге енгізуді қарастыратынын жеткізді.