Азық-түлік бағасына ауыздық жоқ
Азық-түлік бағасына ауыздық жоқ
© коллаж: Әсел Балтақызы
651
оқылды
«Айта-айта Алтайды, Жамал апам қартайды» демекші, азық-түліктің қымбаттап жатқанын айтып жүрген ел де қажығандай. Соңғы кездері инфляция жыл сайын емес, ай сайын құбылатынды шығарды. Ресми деректер көрсеткішті 19 пайызға теліп жүр. Өткен айдың соңында қымбатшылықты тоқтатамыз деген желеумен Ұлттық банк базалық мөл­шерлемені 14,5 пайыздан 16 пайызға көтерді. Дегенмен жағдай оңалып кетеріне сенім аз. Әр өңірде тұрғындар қымбатшылықтың белең алғанын айтып шағымдануда. Ішкі өндірісі ақсаған елдің ендігі бағыты қандай болмақ? Сөредегі құн сескендіреді Шілдеде Ұлттық статистика бюросы биыл инфляция былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 15 пайызға өскенін жеткізді. Соңғы бір жылдың ішінде азық-түлік 19,7 пайызға, басқа тауарлар 14,2 па­йызға, ақылы қызметтер 9,2 па­йызға қымбаттаған. Одан бөлек, құрылыс тауарлары – 20, тұр­мыс­тық техника – 22,6, автокөліктердің құны 15,2 пайызға өскенін айтпай кетуге болмас. Одан бері де ин­фляция көрсеткіші тағы өсті. Баға халықтың қалтасын қағып, ауыр­лық салуда. Маусымда Finprom.kz порталы зерттеу жүргізіп, қазақ­стандықтар табысының 46 па­йызын азық-түлікке жұмсайтынын анықтаған. Портал соңғы жылда қант 51,5 пайызға, көкөністер – 44, картоп – 37,8, құс еті 25,5 пайызға қымбаттағанын жария етті. Өзге де сарапшылардың болжамы бұдан әріге кетеді. Мамандар бағаның ретсіз жиі құбылуының кесірінен инфляцияның нақты мөлшерін болжап үлгеру мүмкін емесін айт­қан. Демек, ресми көрсеткіштердегі инфляция екі есе аз болса да таң­ғалмаймыз. Мысалы, көктемде кей өңірлерде азық бағасы бірден 36 пайызға артқан. Мәселе жайлы сөз еткенде салаға жауапты министр­лікті айтпай өте алмаймыз. Мау­сымда Сауда және интеграция министрі болып тұрғанда Бақыт Сұлтанов жаппай қымбатшылыққа «әлемдегі инфляция әсер етіп отыр­ғанын» айтып, ақыр аяғы өзі сынға қалды. Президенттен сөгіс алып, соңында қызметінен кетіп тынды. Тек сыртқы факторды кінәлай беретін шенділер амалын табуға тырысып жүргендей кейіп көрсетеді. Мәселен, біз соңғы 6 айдың шамасында көзімізбен көрген өзгерістерді айтайық. 900 грамдық «Домашний» қаймағы көктемде дүкендерде 750 теңгеден сатылды, күздің басында 950 теңгеге кө­терілген баға қазір 1 100-ден асып жығылды. Ал 800 грамдық «Алатау» қаймағы аз уақыттың ішінде 750 теңгеден 1000 теңгеге бір-ақ ша­рықтапты. Көпшілік білетін 1,5 литрлік «Сарыағаш» суы жазда 150 теңге шамасында болатын, қазір 225, кей дүкендерде 250 теңгеден сатылуда. «Эмир» ірімшігінің ке­лісі 2 айдың ішінде 300 теңгеге қымбаттаса, көктемде 590 теңгеден сатылған 400 милилитрлік «Ак­тивиа» йогурты қазір 880 теңгеге жетті. Бұл тізімді толассыз толтыра беріп, өз нұсқаңызды қоссаңыз да болады. Бір сөзбен айтқанда, жағ­дай жақсы емес. Бұл сандарға қарап, халық табысының қанша пайызын азық-түлікке жұмсап жүр­генін анықтағыңыз келеді. Жал­пы, экономикада халық табы­сының 50 пайыздан астамы азық-түлікке кетсе, ел кедейлікке ұшы­раған болып саналады. Мамандар осындай жағдайға әлдеқашан жеткенімізді алға тартады. Эко­номист Мақсат Халық елімізде көк­темнен бастап инфляцияның рекордтық дәрежеде өскенін жет­кізіп жүр. Оның ойынша, Қазақ­станда азық-түлікке кететін шы­ғынның мөлшері – табыстың ба­қандай 59 пайызы.
– Қазақстанда азық-түлікке кететін шығын – 59 пайыз. Негізі, бұл көрсеткіш 50-ден асса, халық кедейлік шегінде болғаны. Батыс елдерінде азық-түлікке жұмсала­тын қаражат бюджет шығында­рының ары кеткенде 10-12 пайы­зын құрайды. Алдыңғы қатарлы елдерде бұл көрсеткіш – 8 пайыз. Осыдан кейін Қазақстанда табыс­тың қандай төмен екенін көресіз, – дейді маман.
Яғни, елдің табысы аз екенін аңғардық. Біз осыған дейін де жа­уапты органдар орташа жалақы мен күнкөріс деңгейін қандай амалдармен жалған түрде жақсы көрсетіп келгенін жаздық. Бір ғана дәлел – жыл басында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев отандық ірі бизнес өкілдерімен кездесуінде осының басын ашып, «халықтың жартысының айлық табысы 50 мың теңгеден аспайды» деген еді. Сондықтан шенділердің ширығып жүргені шамалы. Ескі тәсілдің әуресі Былтыр статистикалық де­рек­тердің бәрі жағымды динамика көрсетті. Мәселен, Ұлттық банк инфляция деңгейін 8 пайыздан, ал азық-түлік бағасының өсімін 20 пайыздан асырмай тұрды. Қағаз жүзінде екені айтпаса да анық. Бұл кезде ел көп тұтынатын азықтың бірі – картоп бағасы 3 есе өсіп, басқа тағамның бәрі қымбаттаған. Құрылыс материалдарының құны 2-2,5 есе артты. Әлі де үздіксіз өсу­де. Сонда Сауда және интеграция министрлігі «жалпы баға өсімі 12 пайыздан асқан жоқ» деген ақ­парат таратып, міз бақпай отырды. Ал Ұлттық статистика бюросы бұл ақпарлардың ешқайсысын теріске шығармады, керісінше қалыпты норма санатына қосты. Әр облыстың әкімдіктері әлі ескі тәсілмен әуре. Бағаны бақы­лаймыз деп азық-түлік қорын құ­рады. Арнайы қойма ашып, әкім­дік есебінен мыңдаған тонна зат сатып алынады. Бірақ оның өзі жағдайды оңалтпады, мамандар бұл тәсілдің, яғни іске жергілікті биліктің араласуы керісінше тап­шылық тудыратынын айтады. Оның үстіне қоймадағы біршама өнімдер шіріп кеткен жағдайлар да кездескен. Қош, көпті толған­ды­ра­тын сауал: қымбатшылықты қа­лай тоқтатуға болады? Эконо­мист Бауыржан Ысқақов еліміз сыртқы тараптың да, ішкі тараптың да қысымына қалғанын жеткізді. Оның сөзінше, осыған дейін мемлекет ішкі өндірісті емес, импортты түгендей берген.
– Проблеманы сыртқы һәм ішкі факторлармен бөліп бай­ла­ныстырамын. Сыртқы факторлар­ды айтсақ, пандемия кезінде елдер арасындағы жеткізу қызметі те­желіп, азық-түлік бағасы артты. Екіншіден, көрші Ресейдің қазіргі санкцияға толы жағдайы. Қазақ­стан экономикасының осы елге 40 пайыздан астам импортқа тә­уелділігі бар. Осы нәрселер бізде қосымша инфляцияның туын­дауына әкелді. Ал ішкі факторға келгенде ең әуелі бюджет шығын­дарының теңгерімсіз өсуін айта­мын. Кірісімізден шығысымыз көп елміз. Үкімет пен Ұлттық банк қоян-қолтық жұмыс істеген кезде ғана жағдай оңалады. Үкімет ішкі қажеттілікті импорт есебінен емес, ел ішіндегі өндірістен өтеу жол­дарын іздей бастағаны абзал. Бі­ріншіден, азық-түлік инфляция­сының алдын алу. Халықтың та­бысы автокөлік, киім-кешектен бұ­рын күнделікті азғантай қажет­тілігіне де жетпей жатыр. Сон­дық­тан елдегі азық-түлік өндірісіне көңіл бөліп, логистикалық жол­дарды кеңінен қарастырған дұрыс. Бізде азық сақтайтын қоймалардың тапшылығы 70-90 пайыз аралы­ғында. Егер қоймалар қажеттілік деңгейін жеткілікті дәрежеде сақ­тай алғанда, инфляцияны сәл ауыздықтаймыз, – деді Ысқақов.
 

ТҮЙІН: Кейде елдегі қымбат­шылықтың жайлауына өндіруші мен тұтынушы арасындағы делдал­дар­дың көптігі себеп ретінде аталады. Саудагерлердің де бассыздығы болуы ғажап емес. Көктем басында доллардың теңгеге шаққандағы құны 500 теңгеден асқанда азық-түлік пен басқа да тауарлардың құны бірден шарықтады. Кейін доллар бағамы қайта тұрақтанды, бірақ тауарлардың бағасы қалпында қалды. Осындай бір мысалдар сауданы «халықтың барын соруға» айналдырғандай көрінеді. Ал ин­фля­цияның жақын арада тұрақтана қоюына сену қиын.