Алматы облысында жаяу жүргіншілерге арналған жолдан өтіп бара жатқан 12 жастағы баланы көлік қағып кетті, – деп хабарлайды Aikyn.kz.AstanaTV-ның мәліметінше, ауыр жарақат алған жасөспірім сол жерде қаза тапты.
Жеңіл автокөлікті 34 жастағы әйел жүргізген. Ол жаяу жүргіншілер жолағын кесіп өтіп бара жатқан баланы қағып кеткен. Куәгерлер шұғыл жедел жәрдем шақырған. Бірақ ауыр жарақат алған бала сол жерде көз жұмды. Жүргізуші қамауға алынды.
Куәгер Ләззат Жамалшиева: «Мен жүгіріп шығып бардым, бала ол кезде тірі болатын. Жедел жәрдем келгенше бала сыз, батпақта жатқаннан кейін аяқ-қолын орап, балаға қарап тұрдым. Қатты қан кетіп, баланың қолы көтеріліп, есінен танып қалды. Жедел жәрдем келіп, фельдшер тексерді де, бала қайтыс болғанын айтты», – дейді.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, биыл 10 айда кәмелет жасына толмаған 215 бала жолда көз жұмды. 3200-ден астам бала жарақат алған. Жыл сайын шамамен 13 мың жол апаты болады. 2 мыңнан астам адам қаза табады. Әсіресе, балалар жиі зардап шегеді.
Ішкі істер министрінің айтуынша, жол белгісі мен арнайы жолақ, бағдаршам орнату өңірлерде дұрыс жүргізілмейді.
Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов: «Республика бойынша 2 миллион метр жолақ қажет. Оны орнату жұмысы Алматы, Жетісу облыстары және Шымкент қаласында нашар жүргізіліп жатыр. Жалпы, ел бойынша қиылыстарда 1200 бағдаршам, 1600 керек санақ таблосы, 25 мың жол бергісі, 1 млн шақырым жол таңбасын орнату қажет», – дейді.
Биыл 20 мың жүргізуші көлік басқару құқығынан айырылды. Оның 16 мыңы әкімшілік қамауға алынса, қалғаны айыппұл арқалалады.
Балалар зардап шеккен жол апатының саны:2019 жылы:
жол апаты – 3539
жарақат алды – 4076
қаза тапты – 245
2020 жылы:
жол апаты – 2668
жарақат алды – 2956
қаза тапты – 184
2021 жылы:
жол апаты – 2856
жарақат алды – 3237
қаза тапты – 197
2022 жылдың 10 айында:
жарақат алды – 3257
қаза тапты – 215.