Әрекетсіздікке наразылар көп
Әрекетсіздікке наразылар көп
360
оқылды
Nur Otan партиясының респуб­ликалық қоғамдық қабылдау бөл­­месінде Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев азаматтарды қабылдады. Министрмен тікелей эфир арқылы өзге өңірлерден де бір топ тұрғын бай­ланысқа шықты. Олар өздерін тол­ғандырған мәселелер бойынша сауал­дарын жолдап, ұсыныстары мен ша­ғым­­дарын қоса жеткізді. Қоғамдық қа­­был­дауға келгендердің көбі жергілікті құ­зырлы органдардың әрекетсіздігіне наразы. Тұрғындар қылмыстық істердің тергеу барысына қанағаттанбайтынын және полиция қызметкерлерінің тара­пынан жиі қысымға ұшырайтынын сөз етті. Айтуларынша, алаяқтық, зор­лық-зомбылық және адам өлтіру қыл­мыс­тарына кінәлілер әділ жазасын алмаған. Мәселен, Шымкент қаласының тұрғыны Лилия Ахмедова Ішкі істер ми­нистрінің 2019 жылдың 4 желтоқсандағы Nur Otan республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесіндегі қабылдау кезінде Шымкент қалалық полиция басқармасы басшылығына берген хаттамалық бұй­рығының орындалмағанын айтып ша­ғымданды. Ал Асылбек Мұханов 2018 жылдың желтоқсан айында 12 жылқысы ұрланғанын, Степногорск қаласының Ерейментау аудандық полиция бөлімінде ұрлыққа қатысты қылмыстық іс қоз­ғал­ғанына қарамастан, аталған іс аяқсыз қалғанына наразылығын білдірді. Наталья Новоселованың сө­зінше, 2017 жылдың ақпан айында Тал­ды­қорған қаласында Н.Милахинге қа­тысты алаяқ­тық фактісі бойынша қыл­­­мыстық іс қозғалған. Бірақ қыл­мыс­­тық іс белгісіз себептермен заң­сыз түр­де тоқтатылған. Министр Ер­лан Тұрғымбаев қоғамдық қабыл­дау­да кө­терілген барлық мәсе­ле­лерді жіті ба­қылауға алатынын айтып, ведомс­тво­ның құзырына жата­тын түйін­дер­ді шешуді жергілікті департамент бас­шы­ларына тапсырды.
– Азаматтардың шағымдары біздің қызметкерлеріміздің әрекетсіздігінен, жергілікті судьялардың шешімдерімен келіспеуінен туындап отыр. Қабылдау барысында азаматтардың өзге де мәселелер жөнінде қойған сұрақтарына толықтай жауап берілді. Жалпы, 1 жыл ішінде министр Ерлан Тұрғымбаев Nur Otan партиясының қоғамдық қабылдау бөлмесінде осы тақылеттес төрт қабылдау өткізді. Олардың барлығы да жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Бүгінгі таңда Ішкі істер министрлігіне қарасты республика бойынша 218 фронт-офис жұмыс істейді. Онда азаматтар түрлі мәселелерге байланысты сауалдарын жолдап, арыз-шағымдарын білдіре алады, – деді ІІМ-нің баспасөз хатшысы Нұрділда Ораз.
Айта кетейік, Ішкі істер министрінің қабылдауына 73 адам жазған.   Абылайхан ЖҰМАШ