Биыл 1 қарашадағы мәлімет бойынша, 135,8 мың отбасындағы 699,1 мың адамға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі осы мақсатта бюджеттен 64,5 млрд теңге бөлінгенін мәлімдеді.
АӘК отбасының әрбір мүшесіне жан басына шаққандағы орташа табысы өңірлік ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызынан төмен азаматтарға тағайындалады. Бұдан басқа, АӘК көрсетудің жаңа тетігін іске асыру шеңберінде еліміздің барлық өңірінде табысы аз отбасылардың мектеп жасына дейінгі балаларын кепілдік берілген әлеуметтік топтамамен қамтамасыз ету бойынша жұмыс істелуде.
1 қарашада АӘК алушылар қатарындағы 1 жастан 6 жасқа дейінгі 191,4 мың балаға азық-түлік және тұрмыстық химия жиынтығы түрінде әлеуметтік топтама берілген. Биыл қаңтар айындағы төтенше жағдай режиміне байланысты 2021 жылдың 4 тоқсанындағы АӘК алған азаматтарға төлемдер 2022 жылдың 1 тоқсанына дейін автоматты түрде ұзартылды. Бұл ретте жаңа төлем алушыларға Электронды үкімет порталы арқылы атаулы әлеуметтік көмек тағайындауға өтініш беру мүмкіндігі берілді.