Астана қаласы әкімдігінің «Жастар сарайы» МКҚК аумағында кезекті «Бос жұмыс орындары жәрмеңкесі» өтті. Мұндағы мақсат – жұмыс берушілер ұсынатын бос жұмыс орындарына жұмыссыз азаматтарды орналастыру.Дәстүрлі акция – дәнекер науқан
Әлеуметтік проблемалардың басы жұмыссыздық екені белгілі. Сондықтан Мемлекет басшысының өзі де халықты жұмыспен қамту және тұрақты табыс табатындардың санын арттыруды міндет етіп қойып отыр. Елорда әкімдігі бұл мәселені оңтайлы шешудің жолын тапқан.
«Біз жәрмеңкені ай сайын өткізіп тұруға тырысамыз. Бұл – жыл басынан бергі 9 жәрмеңке. Бұл жолы 55 жұмыс беруші түрлі салада 1 400-ден астам бос жұмыс орнын ұсынды. Олар – құрылыс, өндіріс, сауда, тамақтандыру, қаржы, сақтандыру, көлік, қойма және тағы басқалар. Соның ішінде, мүгедектігі бар адамдарға және кәмелет жасқа толғанша ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жасөспірімдерге 7 жұмыс беруші 584 бос жұмыс орнын ұсынған болса, пробация қызметінде есепте тұрған адамдар үшін 11 жұмыс беруші 239 бос жұмыс орнын ұсынды. Бұл ретте, денсаулық сақтау, сауда, құрылыс және өндіріс саласында мамандар тапшылығы қатты сезіліп отыр. Ең қажет етілетін мамандықтар – тәрбиеші, кассир, фармацевт, слесарь, бухгалтер, архитектор, жобалаушы инженер, көлік жүргізуші, сату менеджері, қаржы консультанты, несие менеджері», – дейді Астана қаласы әкімдігінің «Халықты жұмыспен қамту орталығы» КММ-нің Жұмыс берушілермен өзара байланыс бөлімінің басшысы Бақыт Ракишева.
Осы күні жәрмеңкеге жұмыс іздеп, 2 мыңнан астам адам келген екен. Солардың жартысынан астамы Кәсіпкерлікті дамыту бойынша Ұлттық жоба шеңберінде консультация алған. Бұлардың барлығы әкімдікте жұмыссыздар есебінде тұрғандар ғана емес, дәстүрлі түрде өтіп тұратын акция туралы түрлі ақпарат көздерінен естіп келіп қатысып жатқандар. Жалпы мұндай науқанның дәнекерлік пәрмені уақыт өткен сайын артып келе жатқанын атай кеткен абзал.
Жәрмеңкеге келген жұмыс іздеушілердің бірі – астаналық Еркін (есімі өзгертіліп алынды) деген азамат мүгедектігіне байланысты тұрақты жұмыстан қиналып жүр екен. Көлік апатынан кейін аяғы мертігіп қалған ол ұзақ отыра алмайды. Ұзақ жүре алмайтыны да, сірә, түсінікті. Сондықтан да жұмыс кестесі ыңғайлы жұмыс іздеп келіпті. Жәрмеңке туралы жақсы біледі екен.
«Талаптанған адамға «екі қолға бір күрек» табылады. Тек денсаулығым жарамай қиналып жүрмін. Көктем кезінде осы жәрмеңкенің арқасында жеткізу қызметімен айналысатын бір фирмаға сәлемдемелерді тіркеуші болып жұмысқа тұрған едім. Толық жұмыс күні болғандықтан екі айдан соң онлайн режимге көшіп, үйден жасауға келіскенбіз. Жұмыссыздықта тіркеуде тұрмын. Жеңілдіктері мен жәрдемақыларын алып жатырмын. Таңнан бері әртүрлі жұмыс берушінің талаптарымен танысып, еңбекақысын салыстырып жүрмін. 4-5 компанияның өкілдерінен кеңес алдым. Бір компания екі күн істеп, екі күн демалатын жұмыс ұсынды. Айлығы – 165 мың теңге. Уақыт жағынан тиімді екен», – дейді ол.
Жәрмеңкеде бірнеше сала бойынша әртүрлі айлық көлемі белгіленген. Жұмыс уақыты да келушілердің көңілінен шығып жатыр. Мысалы, жекеменшік компаниялардың көбінде вахталық тәсіл бар. Жалақысы 100 мыңнан басталады. Жұмыс істеу қабілетіне байланысты әрі қарай көтеруге де әзір. Сондай-ақ жалақы мөлшері жұмыс берушінің саласы мен жұмысшылардың тәжірибесіне қарай белгіленген. Жұмыс берушілер жоғары біліммен ғана шектеліп отырған жоқ. Орта білім алғандарға да әртүрлі жұмыс ұсынып отырғандар бар.
Жұмыс берушілер де дән риза
Бұған дейін жыл басынан бері Астана қаласы әкімдігінің «Жастар сарайы» МКҚК аумағында 8 рет жалпы қалалық «Бос жұмыс орындары жәрмеңкесі» өткен екен. Осы алаңды пайдаланып 460 астаналық жұмыс беруші штатын жасақтауға мүмкіндік алды. Солардың бірі – «Алкон плюс» фирмасы.
«Біздің мекеме металл құрастырмаларды шығарумен айналысады. Алюминий, пластик материалдардан витраждар, бөгеттер, сөрелер, есік-терезелер және тағы да басқа заттар жасаймыз. Көптеген мемлекеттік ірі-ірі жобаларға да қатысқанбыз. EXPO-да павильондар жасадық. Нарықта жүргенімізге келесі жылы 25 жыл болады. Жұмыспен қамту орталығымен тұрақты түрде байланыстамыз. Бұған дейін де талай жәрмеңкелеріне қатысып жүрміз. Мәселен, былтырғы акция кезінде көптеген қызметкер таптық. Тіпті, Ресейден келген инженерді жұмысқа алуға мүмкіндік туды. Жұмысшы мамандығы бойынша жүк тасушы, монтаждаушы, құрастырушы бірнеше адамды қабылдадық. Біз жұмысқа тәжірибесіз адамдарды да аламыз. Оларды өзіміз оқытып, үйретеміз. 250-300 мың теңге көлемінде айлық төлейміз, түскі ас тегін. Қысқы, жазғы арнайы жұмыс киімін, аяқ киімге дейін береміз. Орталықпен жәрмеңкеден тыс та ұдайы ынтымақтастықта жұмыс істеп келеміз. Тіпті пробация есебінде тұрған адамдарды да жұмысқа қабылдадық. Мүгедектігі бар адамдарды жеңіл жұмыстарға тартамыз. Шетелдіктерді заң бойынша көші-қон қызметі арқылы рәсімдейміз. Штатымызда тұрақты түрде 250 адам бар, ал жұмыс көбейген кезде олардың саны 380 адамға дейін барады», – дейді «Алкон плюс» ЖШС HR менеджері Тоғжан Бауыржанқызы.
Ал жалпы осыған дейін өткен 8 жәрмеңке кезінде жұмыс берушілер 400-ден астам адамды әңгімелесуге шақырған болса, олардың ішінде 260 ізденуші тұрақты жұмысқа қабылданған. Оның сыртында іс-тәжірибеден өтіп жатқандар мен жаңа жұмысқа құжаттарын жинастырып жүргендері де бар. Осы реттен алғанда мұндай акцияларды таптырмас мүмкіндік деуге болады. Орталық жыл аяғына дейін тағы бір жәрмеңке өткізуді жоспарлап отыр.
Жұмыспен қамту – тұрмысқа қолдау
Жалпы елімізде «Халықты жұмыспен қамту орталықтары» аудандарда, облыстық маңызы бар қалаларда, Алматы және Астана шаһарларында 2011 жылы құрылған екен. Бүгінде Қазақстанда осындай 200 орталық бар. Қызметін «Халықты жұмыспен қамту туралы» заңы негізінде жүзеге асыратын мекемені құрудағы негізгі мақсат – азаматтар мен жұмыс берушілерге арасында дәнекер болу, жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларын жүзеге асыру, жұмыссыздықтан әлеуметтік қорғауды ұйымдастыру. Мұндағы барлық қызметтер тегін ұсынылады. Орталықтарда арнайы дайындалған қызметкерлер жұмыс істейді және бірыңғай жұмыс стандарттары қолданылады.
«Бізде барлық сұрақ бойынша менеджердің жеке консультациясын алуға болады. Сондай-ақ жұмыс берушілерден бос жұмыс орындарын тіркеудің көп арналы тәртібі қарастырылған. Электрондық еңбек биржасы бар. Яки Enbek.kz сайты арқылы жұмыс іздеуге немесе қызметкер іздеуге болады. Бұл екі тарапқа да тиімді. Мұнда ең ірі түйіндеме дерекқорына және бос жұмыс орындары дерекқорына қол жеткізу мүмкіндігі бар. Сонымен қатар, жұмыс берушілерге талап етілетін дағдылар бойынша қызметкерлерді кәсіби іріктеу, жұмыс іздеушілердің жұмыс берушілермен кездесуін, соның ішінде жұмыспен қамту орталығында сұхбаттасуын ұйымдастыру, жұмыс берушілердің тапсырыстары бойынша әлеуетті жұмыскерлерге қысқа мерзімді оқыту курстарын ұйымдастыру қызеттерін көрсетеміз. Уақытша жұмыс орындарын құру үшін мемлекеттік субсидиялар бөлу де қарастырылған.
Азаматтарды жұмысқа орналастыру мәселесінде жаңа тәсілдемелер енгіздік. Олар – әр клиентке атаулы қарым-қатынас, жұмысқа орналастырудың жеке жоспарын дайындау, Электронды еңбек биржасы арқылы Online режимде халықты жұмыспен қамту орталықтарымен түйіндемелерді алмастыру және тағы басқалар», – дейді Астана қаласы әкімдігінің «Халықты жұмыспен қамту орталығы» КММ директоры Азамат Байтасов.
Одан өзге «Жұмыспен қамту орталығы» арнайы шараларды жолға қойған. Олар – «Бос жұмыс орындары жәрмеңкесін» ұйымдастыру, жұмыс берушілер мен азаматтарды еңбек нарығындағы жағдай туралы хабардар етіп отыру, оқушылардың түрлі кәсіптер өкілдерімен кездесулерін ұйымдастыру, орталық қызметін таныстыра отырып, жұмыс берушілердің мақсатты топтарына арналған роуд-шоу ұйымдастыру және жұмыссыз азаматтарды психологиялық қолдау.