Катар: кімнің бағы жанады?
Катар: кімнің бағы жанады?
© коллаж: Елдар Қаба
455
оқылды
Биыл Әлем чемпионаты 20 қара­ша мен 18 желтоқсан аралығында Катарда өтеді. Футбол тойы бес қала мен сегіз стадионды қамтиды. Сандар сиқырына салсақ, тарихтағы 22-чемпионат 2022 жылмен тұспа-тұс келіп тұр. Соған орай сарапшылар нақты фавориті жоқ, тосын сыйға толы мундиаль боларына сенімді. Ерекшелікке толы чемпионат Атауы айтып тұрғандай, Катардағы турнирдің жөні бөлек. Біріншіден, тұңғыш рет төртжылдықты түйіндер дода жазда емес, қыста өтеді. Екіншіден, БАӘ ислам елдері ішінен жауапты міндетті мойнына алған алғашқы ел. Үшіншіден, содан да болар футболистер мен туристерді түрлі шектеу күтіп тұр. Оған қоса, уақыт жағынан Америка мен Еуропа құрлығы құрамаларына қолайсыз. Сонымен, чемпионаттың топтық кезеңі 20 қараша мен 2 желтоқсан аралығында өтеді. Барлығы 32 құрама үздік атанудан үмітті. Плей-офф кезеңіне әр топтан екі құрама суырылып шығады. Катар мен Эквадор арасындағы матч турнир шымыл­дығын ашады. Чемпионаттың 1/8 финал матчы – 3-6 желтоқсан аралығында, ширек финал – 9-10 желтоқсанға жоспарланған. Бұдан іріктелгенін 13-14 желтоқсан күні жартылай финал күтіп тұр. Ал құрамалар 17 желтоқсанда үшінші орынға таласса, бір күннен соң алты құрлық таңдаулысы белгілі болады. Көптен күткен футбол мерекесінің тағы бір ерекшелігі – қаржы. Мундиальдің ұйымдастыру комитеті төрағасы Насер Аль-Хатердің айтуынша, турнирді өткізу жұмысына 8 млрд доллар жұмсалған. Десе де кейбір ақпарат құралдары чемпионатқа 200 миллиард доллар кеткенін жарыса жаз­ды. Бұл Ресейде өткен ӘЧ бюджетінен (11,6 млрд $) шамамен 20 есе көп. Бірақ жауапты­лар аталған цифрды да растайтынын, алайда бұл қаланың даму стратегиясына сай екенін атап өткен. Неде болса Катар бәсекеден 17 млрд доллар пайда көруді жоспарлап отыр. Сол үшін қалаға барынша жағдай жасап жатыр. Катарда қатардан қалғандар Бұл бөлікке «өкініш өзегін өртегендер» деп айдар тақсақ та болар еді. Себебі спорт әлемінде футболдан әлем чемпионатының жөні бөлек. Себебі жанкүйер тағатсыздана тосқан турнирін бір ай бойы тамашалап, барынша жақтасады. Мәселен, Бразилия­ның футбол федерациясы құрама тізімін жариялаған сәтте футболшылардың реак­ция­сы бейнеленген видео әлеуметтік желіде танымал. Өйткені әр қаласында футбол стадионы бар елде ұлттық құрамаға кіру – абырой. Тек аталған елде ғана емес, кім-кімнің болса да Катарда доп тепкісі келеді-ақ. Дегенмен біраз футболшы мұндай мүм­кін­діктен айырылды. Біріне жарақат, ен­дігісіне құраманың топтық кезеңге жолдама алмағаны себеп. Мысалы, Норве­гияны ғана емес, күллі әлемді аяғына телмірт­кен Эрлинг Холанд айтулы додадан тыс қалды. Әйтпегенде, сабазың чемпио­наттың үздік сұрмергені атағын арқалап қайтар ма еді, кім білсін?! Одан кейін швед Златан Ибрагимович пен Египет үміті Мұ­ха­мед Салахтың да турнирге жолы түспеді. Бұдан бөлек, Италия құрамасы да БАӘ-ге билет алған жоқ. Ендігі кезекте жарақатына байланысты құрамасына көмектесе алмайтындарды атасақ. Айталық, Франция құрамасы биыл жартылай қорғанысты қаттырақ уайым­дайды. Себебі жартылай қорғаушылар Н’голо Канте мен Поль Погба жарақат алғаннан қатардан шығып қалды. Оған қоса орталық қорғаушы Преснель Кимпембе де бәйгеге қатыспайды. Ал шабуылшы Кристофер Нкункудің ӘЧ-де жәрдемдесе алмайтынын естігенде тек француздар емес, бар әлем «аһ ұрды». Өйткені дәл осы футболшы жасындай жарқырайды деп күткендер көп. Германия құрамасына келсек, «Бор­ру­сия» капитаны Марко Ройс пен шабуылшы Тимо Вернер қалыс қалды. Атап өтерлігі, Ройс осыған дейін жарақат алғаннан ӘЧ-2014, Еуро-2016 мен Еуро-2020 доп дода­сына қатыспаған. Осы жолы да сәті түспеген екен. Португалдар Диогу Жотаның орнын «жоқтаса», Ниндерланды Жоржиньо Вей­нал­думдай таланттың өнерін тамаша­ламайтынына қапалы. Сол сияқты Англия Рис Джеймстен, Аргентина шабуылшы Хоакин Корреа мен жартылай қорғаушы Николас Гонсалестен «айырылып» қалды. Айтпақшы, Сенегал шабуылшысы Садио Маненің бармайтыны да кейінірек белгілі болды. Мундиаль кімге бұйырады? Кімнің барып-бармайтынын түгендеп болсақ, басты сұрақ мундиаль кімге бұйы­рады? Жаңа ғасырда бес құрама әлем чем­пио­ны дейтін абыройлы атаққа ие болды. Олар: Бразилия, Италия, Испания, Герма­ния және Франция. Сондықтан бұл тізімге жаңа есім ене ме, әлде экс-чемпиондардың бірі қайта тәж кие ме, белгісіз. Білетініміз, жарысқа қатысатын 32 құраманың 24-сі бұрын- соңды ӘЧ шыңын бағындырмаған.
«Өз басым болжамға аса жоқпын. Көбінесе, статистикаға сүйенемін. Футбол спорт болғаннан тосынсый көп. Бірақ дәл қазір тап басып айту қиын. Турнирдің «күрең жылқысы» есебінде Нидерланды құ­рамасы біразға дейін жетуі мүмкін. Африкада Марокко сенсация жасай ма деп те ойлаймын. Бірақ айқын фаворит жоқ. 2010 жылы бәрі Испанияның чемпион болуын күтті. Топ жарды. 2014-те Германия да сондай болды. 2018-де Францияға ешкімнің шүбәсі болмаған. Бұл жолы айтар­лықтай бір бас жоғары дейтін құрама көрмей тұрмын. Дегенмен қатысатын құ­рама­лардың арасында Бразилия, Франция, Аргентинаның мүмкіндігі жоғарылау. Фи­налда Бразилия мен Португалия құрамасын көргім келеді. Екі құрлықта, алайда бір тілде сөйлейтін бұрынғы қожайын мен отар елдің өзара ойыны өзіме қызық көрініп тұр», – дейді спорт журналисі Бек Төлеу.
Сондай-ақ ол «турнир сиқырына» да пікір білдірді. Оның айтуынша, мұндай антирекорд, үрдісті Франция 2002 жылы өзі бастаған. Сондықтан өздері тоқтату керек. Бек Төлеу үш жолақты елдің құрама­сы топтан шықпай қалады дегенге аса қатты сенбейді. Бразилияны ең көп гол соғатын құрама есебінде атап өтті. Ал «комментатор Мәулен» подкасына сұхбат берген комментатор Ербол Қалиев­тің айтуынша, Португалия, Германия, Фран­ция, Англия командасы фаворит. Испа­­нияны да қатарға қосуға болады. Деген­мен басым күшке ие құрама жоқ. Әр команданың өз проблемасы бар. Әлеуметтік желіні шолып шықсаңыз, көпшілік пікірі де жоғарыдағы оймен тоғысады. Одан бөлек, біразын футбол аңызына айналып үлгерген Месси мен Роналдудың бірі еліне мундиальді құшақ­тап қайтып-қайтпасы қызық. Жақында ғана португал жұлдызы егер ӘЧ-ні жеңетін бол­са, мансабын аяқтайтынын айтты. Ал Арген­тинаның осы чемпионатқа арманы мен үмітін үкілеп отырғаны белгілі. Осы бәсекенің соңы кішігірім «қоштасу кешіне» айналатынын да айта кету керек. Дани Алвес, Пепе, Тьяго Сильва, Модрич, Нойер, Жиру және тағы басқасы соңғы рет ұлттық құрама жейдесін киіп, додаға қатысады. Тіпті Месси мен Роналдудың да соңғы рет әлем чемпионатында доп тепке­ніне куә болуыңыз мүмкін.

Айзат АЙДАРҚЫЗЫ