Ұлттық өнерді танытуға талғам керек – Жанғазы Сейдахмет
Ұлттық өнерді танытуға талғам керек  – Жанғазы Сейдахмет
1,084
оқылды
Отыз жастағы астаналық дизайнер Жанғазы Сейдахмет ағаш шебер­ханаларынан шыққан қалдықтарға екінші өмір сыйлап, ұлттық нақыштағы заманауи картиналар жасайды. Одан бөлек, оюларды киімге, интерьерге, бұйымға арналған иллюстрацияларда сәтті пайдаланып, қазақи өрнектерге жаңаша дем беріп жүр. – Қазақ оюларын диджитал­дандыруды қашаннан бері қолға алдыңыз? Не түрткі болды? Бұған қандай дайындықпен келдіңіз? – 2012 жылы Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясын «Ди­зайн» мамандығы бойынша тә­мамд­ап шыққан соң жарнама агенттігінде графикалық дизай­нер болып жұмыс істеген едім. Сол шақтары зергерлікпен айна­лысатын сыныптасымның жұ­мыс­тарын тамашалап, ою-өрнек­терге қызығып жүретінмін. Өзім де ағаштан әшекей бұйым­дар жасай бастадым. Бірде неге сол оюлардың детальдарын гра­фика­лық дизайнда пайда­ланып көрмеске деген ой келді. Кейінірек, оюлар жайлы ізденіп жүріп, этнограф әрі дизайнер Ералы Оспанұлының «Қазақ ою-өрнектерінің атласы» атты кітабын оқыдым, сол еңбектен біраз мәлімет алдым. Бүгінде мен оюлардан графикалық ком­по­зициялар құрастырамын, со­лайша ұлттық нақышты заман­ауи стильмен түрлендіруге ты­ры­самын. қазақ ою-өрнегі – Оюлардың элементін қол­данып, дизайн жасауда түс қан­шалықты маңызды? – Өте маңызды дер едім. Кейде ою жақсы болғанымен, түстер үйлеспей тұрғандықтан, тартымсыз көрінеді. Түстен бө­лек, композицияның да маңы­зын ұмытуға болмайды. Неге ұлттық нақыштағы бұйымдар он­ша өтімді болмай келді? Өйт­кені әлдебір затқа не киімге ою қондыра салса болды, «ұлттық өнім» болып шыға келеді деген қате түсінік бар. Ал шын мәнінде ол оюдағы түстер қаншалықты өзара үйлесіп тұр, ою әлгі бұйы­м­ның дұрыс жеріне қондырылды ма, көлемі тым үлкен, болмаса тым кішкентай болып кетпеді ме – осының бәріне мән беру керек. Ол сайып келгенде талғамға келіп тіреледі. – Жақында домбыраның ди­зайнын заманауи стильде безен­діріп көруді ұсынған едіңіз. Дом­быра шеберлерінен ұсыныстар түсті ме? – Иә, бір жас шебер хабар­ласып, мен жасаған дизайнды эксперимент ретінде пайда­ланатын болып шешті. Саты­лымға да шығып қалар. Кейбір ұлттық дүниелердің дәстүрлі түрін өзгертіп, жаңаша стильде жасап көрсек, онда тұрған еш әбестік жоқ деп ойлаймын. Біз бұйымның өзін өзгертпейміз, тек оның сыртқы түрін заманға сай әдемірек, қызығырақ етіп жасап көрсек қайтеді деген ойдан туған дүние еді бұл. телефон қабы – Жұмыстарыңызды көріп от­ырып, киіз үй стиліндегі дизайн­дардың көп екенін байқа­дым. Әлеу­меттік желідегі пост­тары­ңыз­дың бірінде «Бұл бағытты өз стилім деп айтатын уақыт та келіп қалған сияқты» деп жазып­сыз. Мұн­дай дизайндарға кімдер тап­сырыс береді? – Шынында да, маған киіз үй пішіні қатты ұнайды әрі оны әртүрлі композицияда беруге де қолайлы. Бір картинамда киіз үйді майда ағаш детальдардан құрастырдым. Әлгі ағаш деталь­дарға дұрыстап мән беріп, қосып оқысаң, қазақтың мақал-мәтелдері шығады. Мен кейі­нірек марқұм суретші Ғани Ильяевтің жұмыстарымен та­ныс­тым, сөйтсем менің стилім сол кісінікіне келеді екен, сон­дық­тан бұл бағытты «өз стилім» деп айтқаным дұрыс болмапты. ою-өрнек – Ағаш детальдардан картина, паннолар жасаймын деп қал­дыңыз. Жұмыстарыңызды көріп шықтым, расында ерекше кре­ативті көрінеді екен. Мұндай жұмыстар жасау идеясы қалай келді? – Кездейсоқ келді десем де болады. Бағана ағаштан әшекей­леп жасадым деп айтып едім ғой. Сол кезде керексіз артық деталь­дарды, ою етіп ойылған ағаш­тардың сыртын тастауға обал­сынып, жинап қоятынмын. Соны кәдеге асырмақ болып, бәрін біріктіріп, композиция жасап көріп едім, жап-жақсы дүние шықты. Сосын қаладағы ағаш шеберханалармен сөйлесіп, қалдық детальдарды маған беруін сұрадым. Бір шебер­хананың өзінен бірнеше келі қалдық шығады. Соларды іріктеп, өзара үйлестіріп, бетін бояп, паннолар жасаймын. Әзірге жасаған ең үлкен кар­тинама 4 мың ағаш деталь пай­даланыппын. Мұндай жұмыс­тарыма, әсіресе шетелдіктер көп қызығып, сатып алып жатады. – Ерекше дүниелеріңіз көп болсын! Әңгімеңізге рақмет!