Банктердің басына бұлт үйірілді ме?
Банктердің басына бұлт үйірілді ме?
2,198
оқылды
Бәсекеге төзбеген банктер жыл сайын қатардан сызы­лып жатыр. Таяуда елдегі 21 банктің төртеуі шығынға бат­қа­ны хабарланды. Соңғы бес жыл көлемінде банкротқа ұшы­рап немесе өзге қаржылық ұйыммен біріккен банктер көбейді. Мемлекеттің қолдауына қарамастан ілгері баса алмаған банктер әлдекімдердің баюдағы жолы дейтін сыбыстар да бар. Осындай жағдайдың қалыптасуына не себеп болды? Bereke-ден береке кетті Шыны керек, халық қазір жұ­мыс істеп тұрған 21 банктің әрі кет­се бес-алтауын ғана біледі. Қал­ғаны жай қатарды толтырып, аты аталмай жүргені бізді күдіктен­діреді. 2019 жылдың басында елі­мізде 33 банк бар болатын. Содан бері 12 банктің есігіне құлып қо­йылып, 21-і қалды. Бұл дегеніңіз жыл сайын 3 банктің банкротқа ұшырайтынын аңғартады. Жақында finprom.kz елдің қаржы секторында 21 банк жұмыс істесе, соның төртеуі шығынға батып отырғанын жазды. Соның арасында биыл Үкімет «Бәйтерек» холдингі арқылы сатып алған ­Bereke Bank те бар. Тіпті, соңғы орын­да жүр. Ол – бұрынғы Сбер­банктің еліміздегі заңды мұрагері екенін білеміз. Шығыны кірісінен 287,3 млрд теңгеге асып кеткен. Жалпы, қыркүйек айының қоры­тындысы бойынша, елдегі екінші деңгейлі банктердің жиынтық пайдасы 899,6 млрд теңгені құ­раған. Бұл сан бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 25,4 млрд теңгеге аз. Әзірге пайда көлемі жағынан Halyk Bank көш бастап тұр, 9 айда 400,6 млрд теңге пайда тапқан екен. Былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 70,2 млрд теңгеге артық. Ал Kaspi Bank екінші орын­да келеді. Биыл қыркүйек айының нәтижесінде 256,6 млрд теңгеге жетіп, өткен жылмен салыстыр­ғанда 28,4 млрд теңгеге артық пай­да тапқан. Үшінші орынды 127,2 млрд теңге табыспен ЦентрКредит Банкі иеленді. Бір қызығы, бір жыл бұрын осы кезеңде банктің табысы небәрі 10,7 млрд теңгені құраған екен. Енді банкроттыққа жақын банктерге келейік. Қазақстанда қалған жалғыз ресейлік еншілес ВТБ Банкі да 37,2 млрд теңгеге шығынға батып отыр. Сондай-ақ КЗИ Банкі (14,5 млрд теңге) және Заман-Банк Ислам банкі (591,6 млн теңге) шығынға ұшыраған. Бір қызығы, осыдан бір жыл бұрын бұл банктердің барлығы пайда тапқан. [caption id="attachment_228072" align="aligncenter" width="1496"]банк банкрот © коллаж: Әсел Балтақызы[/caption] Былтыр Moody’s Investors Service агенттігі алты жыл ішінде Ұлт­тық банк Қазақстандағы банк­тер санын 34 пайызға қысқарт­қа­нын жария етті. Экономист Мақ­сат Сералының айтуынша, 19 мил­лионнан астам халқы бар Қа­зақстан үшін елде екінші деңгейлі банктер саны көп. «Нарықта тек бәсекеге қабілетті банктер ғана қалуы керек, соның ішіне мем­ле­кетпен қамтамасыз етілген банктер қалуы тиіс. Қазір банктер онлайн банкингке көшіп жатыр. Бұл тен­денцияға ілесе алмағандар әлі де қысқара береді», – дейді маман. Оның үстіне, банктер халыққа тұтынушылық мақсатта берген не­сиелерінің біраз бөлігін қайта­­ра алмауы да мәселеге ауыртпалық салған болуы мүмкін. 2017-2018 жылдары банк секторында көп өзгеріс болды. Бірқатар банк бі­рігіп, қайта құрылды. Мұндағы басты мақсат – проблемалық не­сиелерді жойып, банк секторын сауықтыру еді. Осыған байланысты көптеген банк қулыққа барып, проблемалық несие көлемін азай­тып көрсетуге тырысты. Бірақ Ұлт­тық банк назарынан бұл қулық тыс қала алмады. Салдарынан көп банк қайта құрылды. Ал 2019 жылы Ұлттық банк өз реформасын тал­қыға салды. Бұл реформадан кей­бір банктер, әсіресе несиелеуге келгенде бұрынғыдай оңды-солды әрекет ете алмайтын болды. Мә­селен, екінші деңгейлі банк пен заң арасында бұрын нормативтік-пруденциалдық құжаттар жүретін. Несиелеу кезінде осы құжаттарға сүйенген банк өз қызметін қалтқы­сыз атқарып келген. Жаңа ре­формаға екінші деңгейлі банктер­дің қызметіне Ұлттық банк тікелей араласып, жіті қадағалайтын етіп тастады. Осылайша, Ұлттық банк­тің құзыреттілігі артты. Бұл бір жағынан дұрыс, өйткені шығынға батып, артық салмақ салып жүрген банктердің қысқарғаны да абзал. 10 банк те жетеді Рас, құлдыраған банктер өз ақ­шасы есебінен банктің қар­жы­сын толықтырмайды. Екіншіден, таныс әрі акционерлермен байла­нысы бар тұлғаларға несие береді. Айналып келгенде, проблемалық несиеге тап болады. «Құн базалары мен типтері» бағалау стандарты бойынша клиенттерге капиталдың 10 пайыз мөлшерінде ғана несие беруге мүмкіндік бар. Кезінде көп банктер сол нормативті бұзған. Онымен қоймай, қайтарылмаған несиені мемлекет бюджеті есебі­нен, болмаса Ұлттық қордың кө­мегімен орнын толтыратын амал­дарға барғаны жария. Коммерция­лық банктерге беріліп жатқан кө­мек 2018 жылдың көктемінде қабылданған банк секторын са­уықтыру бағдарламасына сәйкес жүзеге асты. Десе де, ақшаны игеру қатты қадағаланды. Ұлттық банк арнайы бағдарлама қабылдап, банк секторын сауықтыру арқылы біраз банкке көмек көрсеткені есте. Ол көмектің бәрі 15 жылдың ішінде қайтарылуы тиіс болған. Қаржыгер Ілияс Исаевтың сөзін­ше, мұндай үрдіс жалғасуы мүмкін.
«Банктердің бірігуі немесе банкротқа ұшырауына келсек, кезінде бізге «30 банктің керегі жоқ, 10 банкпен де Қазақстан эко­номикасын амалдаймыз» деген пікірлер айтылған. 2018 жылдан бастап банктердің капиталын ірілендіру ісін күшейту басталды. Бұл – әлемдік тәжірибеде бар үр­діс. Себебі біздің банктер ұсақ, капиталы төмен. Капиталы төмен банктер бәсекеге қабілетсіз. Егер банктің капиталы неғұрлым үлкен болса, пайыздық мөлшерлеме тө­мендейді. Екіншіден, банк эконо­микада кездесетін кейбір тәуекел­дерге төтеп бере алады. Яғни, өзін-өзі сақтандыра алмақ. Үшін­шіден, банкте жатқан халықтың депозитіне кепілдік болады. Сон­дықтан банк капиталының іріленуі қазіргі бәсекелестік жағдайда өте қажет», – дейді сарапшы.
Шамасы, банктердің капи­талын ірілендіру ісі әлі де жалғасуы керек тәрізді. Капиталы өте аз, тәуекелге қарсы тұра алмайтын қар­жылық ұйымдардың лицен­зиясын қайтарып алған да жөнді әрекет. Қайткен күнде де, уақыт талабы осыған бағыттап отыр. Мәселен, шетелдерде кейбір банктердің капиталы еліміздегі 21 банктің капиталынан да артық болып жатады. Қазір халықтың банктерге деген сенімі азайғаны рас. Жұрт депозитке көп ақша салмайтын болды. Сондықтан банктер негізгі ақша табу көзінен айырылды. Есесіне халық ақшасын бизнеске, жылжымайтын мүлікке құюға асығып жүр. Яғни, банктер халық сенімін ақтай алмағандықтан, осындай қиындыққа тап болуы мүмкін. Сол үшін банктер бәсекеге қабілетті болу мен жаңа рефор­ма­лар жасаудың жолын іздегені жөн іспетті.