Сәуле Досжан: Геноцидке күйінгеннен шығарма жаздым
Сәуле Досжан: Геноцидке күйінгеннен шығарма жаздым
1,928
оқылды
Сәуле Досжан – қазақтың санаулы қаламгер қыздарының бірі. Жазушының «Қасірет пен тағдыр», «Үзілмеген үміт» романдары оқырманның сүйіспеншілігіне ие болған шығармалар. Семей қасіретін көркем шығармасына арқау етіп, полигоннан азап шеккен қазақтың тағдырын көркем бейнеге айналдырған қаламгердің әдебиет туралы айтары бөлек. Біздің кейіпкерімізбен әңгімеміз де шығармашылықтан басталды. – Зейнетке шықсаңыз да, азаматтық позицияңызды жасырмай, әлеуметтік желіде белсенді пікір айтып келесіз. Шығармашылықтан бөлек, саяси жағдай­ларды жіті қадағалап отырасыз ба? – Мен – ақын-жазушымын. Қа­ламгер деген зейнетке шықпайды. Ол ақын Төлеген Айбергеновтің айт­қа­­нын­дай: – Ақын боп өмір кешiру оңай деймісің, қарағым, Аузында болу бұл өзі сыздаған барлық жараның. Көкірегіңе құйып ап әлемнің асқақ бар әнін, Қосудың арпалысы бұл – тоғыспас жолдар торабын. Нақақтан күйіп баратса нұрлы күн үшін бір тұтқын, Кес-кестеп барып кеудеңді оғына тосу мылтықтың. Қалдырмау үшін ұятқа күнәсіз мынау дүниені, Жамау қып басу өзіңді аузына барлық жыртықтың. Абай «Сөз өнері – дертпен тең» деген. Осыған ұқсас пікірді Пастернак та айтқан. Бірақ ол «Высокая болезнь» деген. Сатып алуға болмайтын қымбат деген сөз ғой. Абайша айтқанда, жазушы айықпас азапқа өзін біржола байлап берген. Яғни, қазақ қара сөзінің ерікті тұтқыны. Сондықтан ол қаламға серт берген. Жүрегі тоқтамайынша, қаламы қолдан түспейді. Солай халқына қызмет етеді. Негізгі мамандығым журналист бол­ған соң ішкі-сыртқы саясатты, еліміздің саяси алаңында не болып жатқанын қалт етпей, қадағалап отырамын. Үкімет еліміздің толыққанды дамуы үшін жасалатын қадамдарды айтты. Кез кел­ген бастама толыққанды жүзеге асады деп ой­лаймын. – Бүгінгі қоғамның дерті неде? – Отандық бизнесті қолдау, ауыл­шаруашылық саласын дамыту, ха­лықты әлеуметтік қорғау және эко­номиканы дамыту жайында айтылған реформалар жүйелі іске асса, ел эко­номикасы да­мып, халықтың әл-ауқаты жақсарар еді. Жасыратыны жоқ, қазір халқымыз қым­батшылықтан, пәтер жалдаудан әбден жалықты. Жұ­мыс­сыздар саны көп, сон­дықтан отандық бизнесті дамыту мен ауылшаруашылық саласын жетілдіруге мемлекет тара­пынан қолдау көрсетілсе, жұмыссыз жүрген көп адамның өз қолы өз аузына жетіп, жақсы болып кетер еді. Ең басты мәселе – халыққа, жастарға жұмыс орнын ашу. Қолында күрегі мен қызметі бар, отбасын асырап отырған адамның қоғамда үдеріс туғызуға уа­қыты болмайды. – Тіл мәселесі жиі сөз болады. Қадыр ақынша айтқанда, «өзге тілдің бәрін біліп, өз тілімізді құрметтеудің» жөні, жолы қандай? – «Ана тілін білмей тұрып, бөтенше жақсы сөйлесең – ол күйініш. Ана тілін жақсы біліп тұрып, бөтенше жақсы сөйлеу – бұл сүйініш. Өз тілін білмей тұ­рып, жат тілге еліктей беру – зор қа­те», – деген Халел Досмұхамедұлының кемел сөзін осы жерде айта кеткім келеді. Иә, өзге тілді талассыз білу керек. Бірақ ұлт тілі – ана тілің өзге тілдің ал­дында тұру тиіс. Басқа жұрттар көп тіл біледі екен дейміз. Мысалдарды да топ­тап келтіреміз. Ол – рас. Бірақ ол елдер өз тілін өзге тілдің бодауына бермейді. Өз тілінде сөйлейді. Біз болсақ өзге тілді білеміз де, өз тілімізге салғырт қарап, ұмытуға бейім тұрамыз. Тіпті, бүкіл қа­зақ ағылшын тілін үйрену міндетті емес шығар. Әркім қажетіне қарай меңгерсе, аздық етпес еді. Мен талай жыл орыс тілі мен ағыл­шын тілдерінің тасасынан шыға алмай келген қазақ тіліміздің өз мәртебесін алуы үшін дауыс берер едім. Бастауыш сыныптарда таза қазақ тілі оқытылса дұрыс болады. Орыс тілі мен ағылшын төртінші сыныптан қосылса да, жас бала санасы оны қабылдамай қоймайды емес. Қазір қазақ тілін үйренуге деген жақ­сы тенденция қалыптасып келе жат­қаны рас. Әсіресе, қазақстандық өзге ұлт өкілдері, Қазақстанға келіп жатқан шетелдіктер тіл үйренуден кетәрі емес. Бұл жердегі өзіміздің «қара орыста­рымыз», яғни орыстілді қазақтар үй-ішін­де орысша сөйлесіп, солардың ба­лаларының тілі орысша шығып келе жатыр. Қазақ тілін бойға сіңіруді бала­бақшалардан бастау керек. Қазіргі әлемдік жағдайды пайдаланып қазақ тілімізді тезірек көш ілгері дамытып алсақ, жақсы болар еді. Әрине, елде бәрі қазақша сөйлеп, орыс тілі үстемдігінің саябырлауын қай қазақ жер көрер дей­сіз. Халықтың болмысы, өркениеттілігі мен сауаттылығы оның тіл мәдениетімен, сол тілдің қолданыс ауқымының кең­дігімен өлшенеді. – Балалық шаққа жиі саяхат жасай­сыз ба? Сонда не еске түседі? – Мен Алматы облысының Ұйғыр ауданындағы Ақтам деген ауылдың орта мектебін бітіргемін. Ұстаздарымды мақтаныш етемін. Мектебімізден елге қызмет еткен танымал азаматтар шық­ты. Ғылым докторлары, өнер қай­рат­керлері, ақын-жазушылар баршылық. Мен соның бірімін. Ал балалық шағыма келсем, мен үшін өте қиын сұрақ. Ол бір ауылда жетіспеушілік пен жоқшы­лық­тың қиындығын көрген кезеңдер еді. Әрі мен қайтсем, жазушы болам деп, кітаптан басқа қызығы жоқ балалық шақ өткерген адаммын. Өте бір сағы­нышпен еске алатындай балалық шағым болмады. Марк Твеннің айтқаны ма еді, «Жазушы болу үшін бақытсыз балалық шақ керек» деп. Менде сондай өмір болды. Мақтана алмаймын да, сағына да алмаймын. – Ең алғаш газетке шыққан мақала­ңыз есіңізде ме? – 14 жасымнан газет-журналға шы­ғуға құштар болдым. Аудандық, об­лыстық газет пен «Пионер», «Лениншіл жас» газеттері мен «Қазақстан әйелдері» журналына ауылдағы бар жаңалықты үзбей жазып жіберетінмін. Дарбазаның алдындағы темір жәшікке аптасына бір рет редакциялардан хат келетін. Күні бойы аңдитыным – мерзімдік баспасөз бен хат. Редакциядан әртүрлі жауап келетін. Шанда біреулері жарық көріп те қалатын. Сондағы қуанышымды әлі күнге айтып жеткізе алмаспын. Ең қызығы, жоғары сыныптарға барғанда менің газетке шыққан мақалаларыма қаламақы төлене бастады. Он, жиырма сомға дейін. Ол кезде – бұл үлкен ақша. Поштадан анама әкеліп беріп қуан­татынмын. – Мерейтойлық медальдарыңыз көп. Қайсысы құнды? – Байқап отырсаңыз, бұл марапат­тың ортасында жалғыз – «ҚР Еңбек сіңірген қайраткері» деген атақ қана Президент Жарлығымен берілген. Қалғандары мерейтойлық медальдар мен қоғамдық ұйымдардың берген марапаттары. Жазушы үшін аса қадірлі – «АЛАШ» халықаралық әдеби сыйлығы мен шетелдерден шығармашылығым үшін берілгендері бар. «Алматы об­лысының құрметті азаматы» деген кіші Ота­нымның бағасы. Міне, мұның бәрі ха­лықтың – оқырмандарымның жаса­ған құрметтері. Бізде Ақ Орда мен Үкіметте менен әлдеқалай жас, еңбек өтілдері аз мем­лекеттік қызметте жүргендерде «Құр­мет», «Парасат», «Барыс» ордендерін, тіпті «ҚР Еңбек сіңірген қайраткері» атақтарын әр бес жыл сайын алып оты­ратындар бар. Ондай үлкен мара­паттар негізінен еңбек адамдары мен дәрі­герлерге, ұстаздарға берсе жа­ра­сады. Ал «ҚР Еңбек сіңірген қай­рат­кері» деген атақ өнер адамдарына лайық. Ол баяғы «Ха­лық әртісі», «Ха­лық жазушысы» деген атақтардың заманауи атауы сияқты. Осы марапат мәселесін мем­лекетте жүйеге салмаса, қолы жеткендер өздері алып қадірі қашып барады. – Ұзақ жылдар мемлекеттік қыз­метте болдыңыз. Бұл сіздің шығар­ма­шылығыңызға кері әсерін тигізбеді ме? – Мен 25 жыл мемлекеттік қызметте болдым. Соның ішінде Парламент Мәжілісі аппаратының баспасөз қыз­метінде істедім. Мәжілістің баспасөз қызметі – БАҚ өкілдерін аккредиттейді. Аккредит­телген өкілдерінің қызметін ұйымдас­тырады. Редакциямен байланыс жасап, оған жедел хабарларды береді. Тұрақты комитеттердің, Мәжілістегі комис­сия­лардың, депутаттық топтардың шақы­руы бойынша іс-шараларға қатысады. Депутаттармен, мемлекеттік органдар мен қоғамдық бірлестіктердің, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерімен кездесу ұйымдастырады. Баспасөз қызметі бри­фингтер, баспасөз конференцияларын және кездесулер ұйымдастыратынбыз. Осы он бес жылда бес Мәжіліс Төрағасы ауысты. Сонша аппарат басшысымен жұмыс істедік. Әр аппарат басшысы келген сайын қолымызға хабарлама ұстататын. Содан жүргеніміз қайта бұй­рық шыққанша жанымызды шүберекке түйіп. «Қызмет қамақтағы әйел» (Когда женщина заложница») деген повесть жаздым. Ол Ресейдің «Юность» журна­лында орысша шығып, жоғары баға­ланды. Сол жерде мемлекеттік қызмет­кер әйелдің тағдырын тізбелеп жазып шыққанмын. – «Қасірет пен тағдыр» дилогиясы сіздің даңқыңызды асырған шығарма болды десек, қателеспейміз. Семей «қа­сіретін» көрсетіп, «тағдырына» үңілу – жазушыға оңай болмаған шығар. Де­генмен бұл тақырыпқа қалам тартуы­ңыздың сыры неде? – Сіздің бұл сұрағыңызға «үйтіп жаздым, бүйтіп жаздым» деп мақтанып жауап бере алмаймын. Ол менің жаратылысыма жат. Одан да сол, «Қасірет пен тағдыр» дилогиясы туралы ғалымдар мен өзге қаламгер әріп­тес­терімнің баспасөз ақпарат беттеріне шығарған пікірлерінен үзінділер көр­сетейін. Жазушы-философ Дидар Амантай: «Күллі шығармасы дерлік қазақтың ұлы мұңы – Семей полигоны құрбандары туралы екен. Тақырыбы да сол. Автор Семей, Қайнар, Қарқаралы өңірін түгел біліп алыпты. Ауыл, жыра, сай, тау-тас аттарын, жол сілемін жатқа біледі. Еркін сілтейді. Шұрайлы кестелейді. Жазуға енді жеткендей, асығып, сағынып жа­зады. Көркем мәтінге құштар. Қаламгер әлеуметтік мәселені, жеке адамның қай­ғы-шерін бүкілхалықтық драма деңгейіне көтере білген» дейді. «Бұл кітап несімен құнды? Ерек­шелігі неде?» деген сұрақтарға фило­логия ғылымдарының докторы Айгүл Ісмақованың сөзінен жауап табуға болады. Үлкен ғалым: «Семей полигоны туралы біршама шығарма жазылды. Бұл романда оқиғалар желісі зар мен қасіреттің, жоқтау мен біреуге кінә артудың төңірегінде ғана өрбімейді. Семей өңірі тұрғындарының көрген жан мен тән азабы қарапайым жас отбасы мен оның маңайындағылардың азапты өмірі арқылы жан-жақты ашылып, терең суреттеледі. Семей полигонының жабылуына байланысты нақты іс-әре­кет­тердің басында болған белгілі аза­маттардың атқарған істері мен есімі тұң­ғыш рет осы романда, көркем шы­ғар­мада аталып отыр десек те болады» дейді. Қаламгер, киносценарист, журна­лист Жүсіпбек Қорғасбек 2019 жылғы 20 қыркүйектегі «Егемен Қазақстан» газетінде «Ерлер еңсеретін тақырыпты әйел жазушы романға арқау етті» деген тақырыппен үлкен шолу жазған. Онда: «Жазушы осыншама ауқымды тақы­рыпқа сыналап кіріп, ішінен қопара жазыпты. Нәтижесінде, көркем образ­дарға толы, өмірде нақтылы шындығы бар дүние қолымызға тиді. Егер Деге­леңнің басына ескерткіш ретінде таспен бірге кітап қою керек болса, бұл соған әбден лайықты шығарма дегіміз келеді. Қай заманда да өтпелі кезеңде күтпеген жазушылар бой көрсетеді. Бір қызығы, белгілі жазушылар осындай кезде жазбай кетеді. Біз оны өзіміз көз­бен көріп, құлақпен естіп те жүрміз. Осындайда Сәуле Досжанның әде-биетте қаламдастарымызға үлгі бо­ларлықтай дәрежеде еңбек етіп жүргенін мойындауымыз керек», – деген қаламгер. Бұл шығарманы жазуыма жарым –генерал-полковник Сәт Тоқпақбаев себепкер болды. Оның біраз жыл Семей облысында қызмет еткендегі көргендері мен мұрағаттардан жинап берген құжаттары, екеуміздің Семей топырағын шарлап, полигон аймағын зерттегеніміз арқау болды. «Қасірет пен тағдыр» бірінші кітап, оның жалғасы – «Үзілмеген үміт» ро­маны. Осы қостомдық дилогияны жы­лап отырып, қазаққа жасалған ұлттық геноцидке жаным күйіп жазып шықтым. 2021-2022 жылдары сол зорыққанның нәтижесінде жүрегіме екі рет операция жасаттым. – Қазақ әдебиетін оқитын оқырман бар ма? Қалай ойлайсыз? – Қазақстанда 11 мыңға жуық кі­тапхана бар. Дәстүрлі кітапханалық қызметпен қатар, Қазақстанда Ұлттық электронды кітапхананың жұмысы жетілдірілуде. Бүгінде интернет қа­рыштап дамып келеді. Десек те, әлемдік желіден алған білім том-том кітаптарға жетпес еді. Өйткені қазіргі кезде «білім бұлағынан» интернеттің дәуірі асқақтап тұр. Менің пікірімде, әрдайымда кітап бірінші орында болмақ. Кітап оқу – қоршаған ортаны, дү­ниені және өзін-өзі тануға көмектеседі, оны оқу арқылы өткен тарихыңды, болашағыңды біле аласың. Есте сақтау қабілетін және логи­калық ойлауды дамытады. Яғни, көп оқыған адамның жады мықты, тез ой­лап, тез қорыта алады. Оқығаныңды іштей талдасаң, адам психологиясын же­тік түсіне бастайсың. Көңіл күйің болмаса да, кітап оқу бір сәт жа­быр­қаудан арылтады, тіпті уайымыңды басады. Талдауға, сараптауға, пікір қалып­тастыруға үйретеді. Ми үшін кітап оқу – бұл да денеге жасалған физикалық жаттығу есебі. Кітап оқу – табыс пен жетістіктің ең басты негізі. Адамдармен дұрыс қарым-қатынас жасауға үйретіп, әдемі сөйлеу дағдыларын қалыптас­тырады, сөздік қоры көбейе түседі. Сауаттылық деңгейін арттырады. Қазір керек ақпарат табу үшін аудио, видео, интернет секілді жеңіл жол табылып тұрғанда кітап оқуға деген құштарлық азайып кетті. Меніңше бала ерте жастан кітаппен дос болса, кітап оқыса бола­шақта ол көзі ашық, көкірегі ояу адам болып қалыптасады. 2021 жыл – елімізде балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуын қолдау жылы болып жарияланды, оның шеңберінде бүкіл ел бойынша бірқатар тиісті іс-шара жоспарланған. Соның арқасында менің «Біртуар» мен «Ауылдан шыққан миллионер» деген кітаптарымды ата-аналар балаларымен оқыды. «Оқуға құштар мектеп» деген жобамен бүкіл мектеп болып оқыды. Жақсы кітап жазылса, қазір оқырман­дардың ықыласы оянып келеді. Кітаптан жеріп, компьютермен өсіп келе жатқан ұрпақтың санасына әсер ететіндей кітап жазу да оңай емес. – Жазушының өмірін қағаз бен қа­лам­сыз елестету мүмкін емес. Шы­­­ғар­ма­шылығыңызда не жаңалық бар? – Алдағыны Алла біледі. Мен үз­дік­сіз жұмыс істейтін қаламгермін. Қа­зір де жаңа бір романның жолындамын.

Әңгімелескен Айым БЕКТҰР