Жетісу облысындағы шағын қалалар мен аудан орталықтары және тағы да басқа ірі елді мекендерде жүздеген көпқабатты үйлер орталықтандырылған жылыту жүйесіне қосылмаған.
Олардың барлығы бір кездегі тұрмысқа қажетті жағдайлар толық қарастырылған, жайлы да, сайлы баспаналар еді. Көбі түрлі мекемелерге, өндіріс орындарына тиесілі болған. Тоқырау жылдарынан кейінгі жаппай жекешелендіру барысында небір алпауыт кәсіпорындардың оты сөніп, тірлігі тоқтағанда, үйлердің дені орталықтандырылған судан, жылудан мақұрым қалды. Одан бері жылжып жылдар өткенімен, қалалы жерде тұрғанымен, көпқабатты үйлерінің терезелерінен мұржа шығарып, отын суды сырттағы сарайдан тасып, түтіндетіп отырғандар жетерлік. Ал кейбір көпқабатты үйлер қиындықтан ұжымдасып шығу үшін өздерінше жол тауып, жеке қазандық сатып алып, оны жертөлеге орналастырған. Сонымен бірге үйдің жанына жапсырма салып, соған қойғандар да бар. Бұл екі тәсіл де қыста суықтан құтқарғанымен, айналып келгенде сонда тұратындардың өміріне қауіп төндіреді. 2017 жылы Қарағанды облысындағы Шахан кентінде осындай жылыту қазандығы жарылып, 9 адамның қайғылы қазаға ұшырағаны биліктегілердің есінен шығып кеткендей. Қазіргі кезде Жетісу облысында 53 көпқабатты үйдің қазандықтары үйлердің жертөлесінде немесе оларға жапсарлас орналасқаны осындай ойларға жетелейді.
Талдықорғаннан 50 шақырымдағы Үштөбе қаласында орталықтандырылған жылудан жырақ қалған 80-ге жуық көпқабатты тұрғын үй бар екен. Қаладағы бес қабатты үйдегі үш кіреберістің әрқайсысында он-оннан 30 пәтер орналасқан, олардың әрқайсысында 4-5 адамнан тұрады деп есептесек, бір ғана бес қабатты үйде 120-150 адам тұрады. Тұрғындар жертөлеге немесе жапсырмаға қойылған қазандықты да, оған қажетті отынды да өз ақшаларына сатып алады. Айына 12-15 тонна көмір кететін көрінеді. Алты айда орта есеппен 90 тонна қатты отын қажет. Алайда тұрғындар шығынды көп уайымдамайды. Жыл сайын қысты қалтырай тосып, алты ай өмірлері үшін алаңдаумен тірлік етіп, көктемге аман-есен жетуді ғана ойлайды. Одан кейін қара күз келгенде жанталас басталып, осы жағдай тағы қайталанады.
– Осы үйде тұрып жатқаныма 12 жылдан асты. Біз келгенде жертөледе тұрған қазандық әлі сонда. Қорқа-қорқа шаршадық. Елдің қамын ойлауға тиісті адамдарға айта-айта жалықтық. Біздің өміріміз өзімізге ғана керек екен... Қарағандыда апат болғанда, тіптен алаңдадық. Қазір етіміз үйреніп кетті. Бізді қойшы, жасымыз келіп қалды. Осында тұратын бала-шағалы отбасыларға обал, – дейді үштөбелік зейнеткер Татьяна Павликова.
Жалпы Қаратал ауданында 88 көпқабатты тұрғын үй болса, соның алтауы ғана орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған. 11 үйдің жертөлесінде немесе жанына жапсарлас салынған жеке қазандығы бар. Қалған 70 үйдің әр иесі мұржасы терезеден немесе қабырғаны тесіп шығарылған пешпен қыста жан сақтап отыр.
Атқарушы биліктегілер мұны жақсы біледі. Бірақ қолдарынан келер қайран жоқ. Аудан әкімінің орынбасары Қайрат Қасымовтың айтуына қарағанда, ауданға көгілдір отын толық келгенде барып, мәселе реттелуі мүмкін. Әзірге 4 блокты-модульдік қазандыққа тапсырыс беріп қойыпты. Газ құбырлары тартылғаннан соң қазандықтар орнатылып, көгілдір отынға қосылады. Сонан кейін барып көпқабатты үйлер рет-ретімен орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылады.
Мұндай үйлер тек Қаратал ауданында ғана емес. Облыстағы барлық аудан орталықтары мен шағын қалаларды, кенттер мен ірі елді мекендерде жетіп артылады. Бір жылдары Талдықорғанда көпқабатты үйлерде қолданылатын газ баллондарының жарылуы кесірінен қайғылы оқиғалар тіркелгені елдің әлі есінде. Қазіргі кезде облыс орталығына табиғи газ тартылды. Газ баллондарын пайдалану азайды. Ендігі кезек, аудан орталықтары мен шағын қалаларды, ірі елді мекендерді көгілдір отынға қосу. Сонда ғана алты ай қыста жертөледе гүрілдеген, үй жанындағы сарайда дүрілдеген қазандықтан қауіптеніп, күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылып отырғандардың мәселесі шешіледі.