15 өңірде сайлау учаскелері жұмысын аяқтады
15 өңірде сайлау учаскелері жұмысын аяқтады
Еліміздің 15 өңірінде ашылған сайлау учаскелерінде дауыс беру аяқталды. Атап айтқанда, Абай облысында – 475, Ақмола облысында – 717, Алматы облысында – 606, Шығыс Қазақстан облысында – 537, Жамбыл облысында – 493, Жетісу облысында – 447, Қарағанды облысында – 642, Қостанай облысында – 745, Павлодар облысында – 528, Солтүстік Қазақстан облысында – 640, Түркістан облысында – 919, Ұлытау облысында – 136, Астана қаласында – 406, Алматы қаласында – 600, Шымкент қаласында 311 сайлау учаскесі жұмысын тоқтатты. Енді аталған учаскелерде комиссия мүшелері бюллетеньдерді санауға кіріседі. Қазіргі уақытта 5 өңірде, атап айтқанда Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан және Қызылорда облыстарында дауыс беру жалғасып жатыр. Бұл өңірлерде дауыс беру жергілікті уақыт бойынша сағат 20:00-де, Астана уақытымен сағат 21.00-де аяқталады. Сонымен қатар Қазақстанның шет елдердегі мекемелері жанынан ашылған 68 сайлау учаскесінің 10-ы жұмысын бітірді. 57 сайлау учаскесі әлі өз жұмысын жалғастырып жатыр. Бір учаске әлі ашылған да жоқ. Нақтырақ айтқанда, Сан-Франциско қаласындағы учаске Астана уақытымен сағат 21:00-де ашылады.