Астана қаласы әкімдігінің «Жастар сарайы» МКҚК аумағында кезекті «Бос жұмыс орындары жәрмеңкесі» өтті. Басты мақсат – жұмыссыз азаматтарға, пробация қызметінің есебінде тұрған, бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдарға жұмысқа орналастыру. Жәрмеңкеге 50-ден астам жұмыс беруші қатысты.
Жәрмеңке жұмысына 55 жұмыс беруші қатысып, 1400-ден астам бос жұмыс орнын ұсынды. Елордалық ұйымдар арасында құрылысшыларға, инженерлерге сұраныс жоғары. Мұғалімдер де сұранысқа ие.
"Мұндай жәрмеңке биыл тоғызыншы рет өтті. Бұл жолы 55 жұмыс беруші түрлі салада 1 400-ден астам бос жұмыс орнын ұсынды. Қазіргі уақытта құрылыс, денсаулық сақтау, өндіріс, тамақ өндірісі саласындағы кадрларға қажеттілік бар. Соның ішінде, мүгедектігі бар адамдарға және кәмелет жасқа толғанша ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жасөспірімдерге 7 жұмыс беруші 584 бос жұмыс орнын ұсынған болса, пробация қызметінде есепте тұрған адамдар үшін 11 жұмыс беруші 239 бос жұмыс орнын ұсынды. Бұл ретте, денсаулық сақтау, сауда, құрылыс және өндіріс саласында мамандар тапшылығы қатты сезіліп отыр. Ең қажет етілетін мамандықтар – тәрбиеші, кассир, фармацевт, слесарь, бухгалтер, архитектор, жобалаушы инженер, көлік жүргізуші, сату менеджері, қаржы консультанты, несие менеджері. Сондықтан біз бос жұмыс орындары бар жұмыс берушілерді шақырдық. Жыл соңына дейін жастар үшін тағы бір жәрмеңке өткізуді жоспарлап отырмыз", - деді Астана қаласының халықты жұмыспен қамту орталығының бөлім басшысы Бақыт Рақышева.
Өтініш берушілердің пікірінше, мұндай іс-шаралардың басты құндылығы – бір күнде бірнеше жұмыс берушімен бір нысанның ішінде сұхбаттасу мүмкіндігі.
"Егер жақсы жұмыс іздесеңіз, іздеу әдісінің барлық түрін қолдануыңыз керек, өйткені кейбір компаниялар бос жұмыс орнын интернетке жарияламайды. Сонымен қатар қойылатын талаптарды оқығанда, түсінбеген жерлері болуы мүмкін. Ал мұндай жәрмеңкелерде барлық мәліметті бірден нақтылауға болады", - деп атап өтті ізденуші Гүлжан Әбдіразақова.
Жұмыс берушілерді Астана қаласының халықты жұмыспен қамту орталығы өткізетін бағдарламалар қызықтырады. Олар: NEET санатындағы азаматтарды, халықтың әлеуметтік осал топтарының өкілдерін және зейнеткерлік жасқа дейінгі адамдарды жұмысқа орналастыруға бағытталған жобалар. Осы жобалар аясында мемлекет жоғарыда аталған санаттағы қызметкерлер үшін жалақының 35%-дан 50%-ға дейін төлейді.
"Қаладағы бос жұмыс орындарына арналған жәрмеңкелерге үнемі қатысамыз. Біздің компания құрылыспен айналысады, тиісінше мамандарға үнемі мұқтажбыз. Сондықтан біз жұмыс тәжірибесі жоқ түлектерді қабылдауға және оларды өз бетінше оқытуға дайынбыз. Мемлекет бізге қызметкердің тағылымдамасы кезінде жалақының бір бөлігін төлеу арқылы көмектеседі", - деді "Үміт" компаниясының кадрлар бөлімінің басшысы Наталья Кагирманова.
Бұл жәрмеңкеде жұмыс берушілер ұсынатын орташа жалақы 150-ден 400 мың теңгеге дейін болды.
Жалпы елімізде «Халықты жұмыспен қамту орталықтары» аудандарда, облыстық маңызы бар қалаларда, Алматы және Астана шаһарларында 2011 жылы құрылған екен. Бүгінде Қазақстанда осындай 200 орталық бар. Қызметін «Халықты жұмыспен қамту туралы» заңы негізінде жүзеге асыратын мекемені құрудағы негізгі мақсат – азаматтар мен жұмыс берушілерге арасында дәнекер болу, жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларын жүзеге асыру, жұмыссыздықтан әлеуметтік қорғауды ұйымдастыру. Мұндағы барлық қызметтер тегін ұсынылады. Орталықтарда арнайы дайындалған қызметкерлер жұмыс істейді және бірыңғай жұмыс стандарттары қолданылады.
«Бізде барлық сұрақ бойынша менеджердің жеке консультациясын алуға болады. Сондай-ақ жұмыс берушілерден бос жұмыс орындарын тіркеудің көп арналы тәртібі қарастырылған. Электрондық еңбек биржасы бар. Яки Enbek.kz сайты арқылы жұмыс іздеуге немесе қызметкер іздеуге болады. Бұл екі тарапқа да тиімді. Мұнда ең ірі түйіндеме дерекқорына және бос жұмыс орындары дерекқорына қол жеткізу мүмкіндігі бар. Сонымен қатар, жұмыс берушілерге талап етілетін дағдылар бойынша қызметкерлерді кәсіби іріктеу, жұмыс іздеушілердің жұмыс берушілермен кездесуін, соның ішінде жұмыспен қамту орталығында сұхбаттасуын ұйымдастыру, жұмыс берушілердің тапсырыстары бойынша әлеуетті жұмыскерлерге қысқа мерзімді оқыту курстарын ұйымдастыру қызеттерін көрсетеміз. Уақытша жұмыс орындарын құру үшін мемлекеттік субсидиялар бөлу де қарастырылған.
Азаматтарды жұмысқа орналастыру мәселесінде жаңа тәсілдемелер енгіздік. Олар – әр клиентке атаулы қарым-қатынас, жұмысқа орналастырудың жеке жоспарын дайындау, Электронды еңбек биржасы арқылы Online режимде халықты жұмыспен қамту орталықтарымен түйіндемелерді алмастыру және тағы басқалар», – дейді Астана қаласы әкімдігінің «Халықты жұмыспен қамту орталығы» КММ директоры Азамат Байтасов.
Одан өзге «Жұмыспен қамту орталығы» арнайы шараларды жолға қойған. Олар – «Бос жұмыс орындары жәрмеңкесін» ұйымдастыру, жұмыс берушілер мен азаматтарды еңбек нарығындағы жағдай туралы хабардар етіп отыру, оқушылардың түрлі кәсіптер өкілдерімен кездесулерін ұйымдастыру, орталық қызметін таныстыра отырып, жұмыс берушілердің мақсатты топтарына арналған роуд-шоу ұйымдастыру және жұмыссыз азаматтарды психологиялық қолдау.
Айта кетейік, жыл соңына дейін Астанада 28 мың жаңа жұмыс орны ашылады. Бос орындар жәрмеңкесінің мақсаты - азаматтарды жұмысқа орналастыру. Бүгінгі жалпықалалық жәрмеңкеге 400-ден астам жұмыс іздеуші қатысты.