Ақтоты Райымқұлова: Тарихи күннің куәгері болдық
Ақтоты Райымқұлова: Тарихи күннің куәгері болдық
637
оқылды
– Бүгін – тарихи күн. Се­бе­бі ел тарихындағы айшық­ты оқиғаның куәгері болдық. Сайлауда басым айқындықпен Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев жеңіске жетті. Шынын айту керек, биыл мемлекетіміз үшін үлкен өзгерістер ке­зеңі болуда. Саяси реформалар бағытының нығай­ға­нын аңғардық. Соның бірі әрі ең бастысы –кезек­тен тыс өткен Президент сайлауы. Мемлекет басшы­сы Қасым-Жомарт Тоқаев 1 қыркүйектегі Жол­дауын­­да кезектен тыс Президент сайлауы өтетінін ха­­барлағанда таңырқағанымыз рас. «Неге, не үшін?» де­гендей сауалдар болды. Алайда мұның маңызды мәні бар екенін кейін ұғындық. Өйткені жан-жағы­мыз аласапыран, алыс-жақын елдерде небір қақ­ты­ғыс болып жатыр. Сондықтан еліміз алдын ала қам­данып, ел басқаратын көшбасшысын таңдап алып, жүйелі істерге көшкені жөн. Яғни, Президент сай­­­­лауының кезектен тыс өтуі – заңдылық. Қандай да оң өзгерістер болып жатса, оның ха­лық үшін атқарылып жатқанын ескерген дұрыс. «Билік – халықтың айнасы» дейміз, ел билігі саяси реформалар арқылы әділдікті ту етіп, қарқынды жұмыс атқарса, халықтың да билікке деген сенімі артып, ауызбіршілігі нығаяды. Сайлаудың маңызды екенін жұртшылық біледі, халық өз таңдауын жасады. Сайлаудан кейін мемлекетіміз үшін жаңа кезеңнің парағы ашылды. Қарқынды дамудың, саяси реформаларға негізделген оң өзгерістердің, қуантар жаңалықтардың көп болатыны күмәнсіз.