Мыңдаған адам декларация тапсыруға міндеттеледі
Мыңдаған адам декларация тапсыруға міндеттеледі
Жалпыға бірдей декларация шеңберінде 10 мың айлық есептік көрсеткіш мөлшеріндегі шектен аспайтын қолма-қол ақша банктік шоттарға орналастырылуы тиіс. Алматы қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің мәліметінше, 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап жалпыға бірдей декларацияның екінші кезеңі басталады. Қаладағы 100 мыңнан аса мемлекеттік және квазимемлекеттік сектор қызметкерлері мен олардың жұбайлары алғаш рет активтері мен міндеттемелері туралы декларация тапсырады.
«Алғашқы декларацияда Қазақстаннан тысқары жерлердегі мүлік пен мүліктен басқа, заңды тұлға­ның жарғылық капиталындағы үлесі, инвестициялық алтын, бағалы қағаздар болатын. Енді 10 мың АЕК мөлшеріндегі шектен аспайтын қолма-қол ақша көрсетіледі. Бүгінде бұл – 30 миллион 630 мың теңге. Ал артық сома 2022 жылдың 31 желтоқсанына дейін банк шоттарына орналастырылуы тиіс», – деп ха­бар­лады ведомство.
Декларацияны eSalyq Azamat мобильді қо­сым­шасы, egov.kz электронды үкімет порталы, сондай-ақ cabinet.salyk.kz салық төлеушінің кеңсесі арқылы тапсыруға болмақ.