Жыл сайын елден кеткен азаматтардың саны артып барады. Тек 2022 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында елімізден 20 мыңнан астам адам көшіп кеткен. Бұл келушілердің санынан екі есе көп. Азаматтардың Қазақстаннан көшуінің себебі қандай? Бұған шарықтаған баға мен өмір сүрудегі қиындықтар әсер етті ме?
Ұлттық статистика бюросының мәлімдеуінше, 2022 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында елімізден 20 мыңнан астам адам көшіп кеткен. Ал осы кезде бар-жоғы 10 995 адам Қазақстанда тұруға бел буған. Яғни, көші-қон айырымы – 9 346 адам. Сарапшылардың айтуынша, азаматтардың басым бөлігі ТМД мемлекеттеріне кетеді. Сәйкесінше, ТМД елдерінен келгендердің және сол елдерге кеткендердің жалпы санындағы үлесі – 84,4 пайыз. Соңғы 10 жылда Қазақстаннан 332 мыңнан аса адам кетіп, 220 мыңға жуық азамат көшіп келген. БҰҰ мәліметінше, Қазақстанда дүниеге келген әрбір бесінші азамат шетелде жүр. Демек, 4 миллионға жуық азаматымыз өзге елдерде өмір сүріп жатыр. Сыртқа көшіп кеткен жандардың жалпы саны бойынша мемлекетіміз әлемде 15-орында тұр. Ал үдере көшуге итермелеп жатқан не?
Эмиграцияға итермелейтін факторлар
Көп жағдайда белгілі бір елден көшетін жандар жайсыздық барын айтады. Мысалы, экономикалық және әлеуметтік фактор, жұмыссыздық немесе саяси себеп те ықпал етуі мүмкін. 2018 жылы Finprom.kz сараптамалық порталы көші-қон процесіне ауқымды зерттеу жүргізіп, Қазақстандағы әр саланың білікті мамандары шетелге кетіп жатқанын анықтапты. Әсіресе, техника саласының мамандары, экономистер мен педагогтер сыртқа ағылған. Демек, Қазақстан азаматтарынан ғана емес, жұмыс күшін де жоғалтып отыр деген сөз. Бірақ елде жұмыссыздық болса мамандарды ұстап отыруға қандай қақымыз бар? Жұмыссыздық демекші, ел жастарының 17,8 пайызы жұмыссыз жүр. Оған уақытша жалдамалы қызметкерлерді қосыңыз. Дегенмен әлеуметтанушы Нұрболат Айекешов жұмыссыздық мәселесі шешілсе, адамдар елден кетпейтінін айтады.
– Азаматтардың елден кетуі бұрыннан бар үрдіс. Пандемия кезінде қазақстандықтардың шетелге көшуі азайған еді. Алайда биыл геосаяси жағдайдың тұрақсыздығына қарамастан, бұл процестің әлі де жалғасып жатқанын көріп тұрмыз. Эмиграцияға итермелейтін бірнеше фактор бар. Олар – елдегі қымбатшылық пен жұмыссыздық, пәтер бағасының шарықтап кетуі және жалақының аздығы. Сонымен қатар көрші елге салынған санкцияның салдары тие ме деп, болашағын басқа елден іздеп кеткендер де бар, – дейді әлеуметтанушы.
Ал көші-қон процесі бойынша сарапшы Елена Садовскаяның пікірінше, миграцияның теріс сальдосына ең әуелі экономикалық, әлеуметтік және саяси себептер түрткі болады. Жұрттың көбін жаңа өмір мен перспективаға, өз орнын табуға экономикалық тоқыраулар да итермелеп отыр.
– Соңғы жылдары әйелдердің зейнетке шығу жасын ұлғайту елден кетуге итермелейтін үлкен себепке айналды. Қазақстанда зейнетке шығу жасы тіпті Ресейдің өзімен салыстырғанда жоғары екенін білеміз. Бұрын әйелдер зейнетке 58 жасында шығатын, қазір 63 жасқа дейін өсті. Бұған қоса, ауыр жұмыстағы немесе денсаулыққа зиянды мамандық иелері үшін арнайы әлеуметтік жеңілдік қарастырылған болатын, яғни бұрын олар зейнет демалысына ертерек шыға алатын, оны алып тастағанына көп жыл болды. Сондықтан бұл да елден кетуге итермелейтін фактор, – дейді сарапшы.
Кеткендер қайтыпкелген
Көшкендердің тағы бір бөлігі – тарихи отанына кеткендер. Кезінде кейбір өзге ұлт өкілдері ес жиып, етек жинаған соң тарихи отандарына оралуға ниетті болды. Бабаларының кіндік қаны тамған өлкеге аяқ басқылары келгендіктен болар, олардың бірі Германия, Грекия, Израиль, Ресей, Украина деп шекара асты, жаңа өмірге қадам басты. Алайда Қазақстанның байтақ даласындағы еркіндік пен елдің ақ адал ниетін аңсаған талай отбасы кері оралды. Әйтеуір, көкірегін сағыныш табы сарғайтты ма, әлде байырғы Отанындағы экономикалық жағдайлар әсер етті ме, әлеуметтік мәселелер мезі етті ме, ол жағын кім білсін?! Белгілісі, көш керуенінің беті кері бұрылды. Қазақстанға қайта оралғандардың саны уақыт өткен сайын арта түскенін статистикалық деректер де айқындап тұр.
Айталық, шымкенттік Ионис Сидиропулоға тәуелсіздіктің алғашқы жылдары оңай болмаған көрінеді. Ол тарихи Отаны – Эллада еліне көшуге бел байлайды. Алайда арада көп уақыт өтпей, Қазақстанға қайта оралғанды жөн көреді.
– Мен Қазақстанға жағдайды байқап көрейін, елдегі ахуалды барлайын деген ниетпен, бақай есеппен қайта оралған жоқпын. Шетелді кезгеннен де кәдімгідей шаршайсың. Оны өзім айқын сезіндім. Көп адамдар айтып, іздеп жүрген ертегідегідей тәтті өмірді шын мәнісінде ол жақтан таба бермейсің. Бұл дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома іспетті. Өзімнің болашағымды Қазақстанмен байланыстырамын. Неге десеңіз, бұл – менің Отаным. Балаларымды өсіріп, қазақ даласында тәрбиелегенді, олардың осында тұрғанын, осында жетілгенін расында да қалаймын, – дейді ол.
Деректерге сүйенсек, кейінгі жылдары шетелден мыңдаған өзге ұлт өкілі Қазақстанға қайта көшіп келген екен. Көшіп келушілердің қатарында украин, орыс, әзербайжан ұлты өкілдерінің үлес салмағы басым. Елге қайта оралғандардың дені Қостанай, Алматы, Маңғыстау облыстары мен Алматы қаласына қоныстанғанды жөн көреді. Байқағанымыз, тарихи отандарына оралғандардың басым көпшілігі Қазақстандағы бауырмалдықты, мейірбандықты қатты аңсайды. Оны өздері жиі айтып та жүр. Ең бастысы, олар елдегі тыныштықты мақтан тұтады. Бірлік үстемдік құрған елде берекенің орнайтынына деген сенімдері зор.
Қозғалыстың қозғаушысы – жастар
Соңғы ширек ғасырда дүниежүзіндегі көші-қон көлемі 2,5 есеге өскен. Әлемдегі мигранттар саны 250 миллионнан асады. Көші-қон қозғалысының негізгі қатысушылары – 16 жастан 35 жасқа дейінгі азаматтар. Орталық Азия елдері бойынша, 2017 жылы Қазақстанда 14-29 жас аралығындағылар жалпы тұрғындардың – 25%, Қырғызстанда 14-35 жас аралығындағылар – 33%, Өзбекстан мен Тәжікстанда 18-24 жас аралығындағылар 31%-ды құраған. Тұрғындардың дәл осы бөлігі – көші-қон легіне белсенді қатысатындар. Әлеуметтік зерттеулер қорытындылары, жоғарыда аталған елдердің жастары өзара ынтымақтастыққа бейім екендіктерін көрсеткен.
– Көбіне, Еңбек кодексіне құқықтық өзгерістер қажет деп жатамыз. Оның негізінде колледж бен университеттерді бітірген жастарды мемлекет бірден жұмыспен қамтып, 3-5 жыл аралығында тәжірибелі маман етіп шығаруы тиіс дейміз. Дегенмен бұлай міндеттеу арқылы мәселе шешіле қоймайды. Еңбек нарығы өзгеріске, ізденіске, жаңалықтарға бейім жандарды ғана қабылдайды. Мемлекет жастарды елде ұстап тұру үшін кәсіпкерлікке баулуды қолға алып жатыр. Бірақ жастар кәсіп бастауда қаражаттың болмауын, жалға алатын ғимараттың қымбат екенін, іс жүргізуде тәжірибесі аздығын айтады. Түптеп келгенде, жастар келешек мамандығына көз жұма қарап, еңбек нарығында қай саланың сұранысқа ие боларын ескермей қателесіп отыр. Сондықтан жұмыссыздық әсерінен өзге елдерге баруды мақсат етеді, – дейді әлеуметтанушы Баян Жүзікбайқызы.
Шындығында да, көші-қон мәселесінде жастар жайы алаңдатады. Себебі шетелге көшетіндер арасында жастардың үлесі басым, орташа жас – 38. Ал елден көшіп кеткендердің басым бөлігінің жоғары білімі бар. Олар мемлекет қаржысына білім алса да, өзге елде еңбек етуді жөн көреді. Шекара сыртында бірі мамандығы бойынша, ал бірі мүлдем басқа салада еңбек етіп жүр.
– Қазақстанда заңгер мамандығын төрт жыл оқыдым. Бірақ бітірген соң жұмыс таба алмадым. Ақыры достарымның шақыруымен Америкаға келдім. Мұнда Amazon компаниясында жұмыс істеп жүрмін. Жалақым да жақсы. Айына 2 миллион теңге. Елге қайту туралы ойланбадым, – дейді Ардақ Орынбасаров.
Ендігі кезек «бұл көш тоқтай ма?» деген сұраққа тірелсе керек. Бірақ елде доллардың қымбаттап, азық-түлік бағасының тоқтаусыз шарықтай беруіне қарап жағдайдың түзелетініне сену қиын секілді. Ал әлеуметтанушы Исатай Мінуаров тұрмыстық қиындықтар барлық әлем елдеріне ортақ екенін баяндады.
– Күнкөріс деңгейі нашарлап отырғаны жасырын емес. Бірақ бұл ауыртпалық бүкіл Жер шарында бар. Біз көші-қонға қатысты зерттеу жүргізгенбіз. Көшіп жатқан адамдар шетелде де жағдай мәз емес екенін біледі. Тек оларды ынталандыратын – жаңа өмір, денсаулық сақтауға кепіл бере алатын мемлекет және бәсекелестікке сай, ешкім жолыңды бөгемейтін жақсы жұмыс орны. Байқағанымыздай, шетелді жастар таңдайды. Қолынан келсе көшіп кетуге тырысады. Біздің қоғамымыздың әр саласына жаңашылдық, өзгеріс енгізбейінше, көші-қон мәселесі күрмеулі күйінде қала береді, – дейді маман.
Иә, бұл көштің енді тоқтамайтыны да, баяуламайтыны да белгілі. Өйткені әр адамның тұрғылықты жерін таңдау құқығы бар. Алайда бізді алаңдататыны – жыл сайын елімізден көшетіндердің санының көбейгені. Себебі сол көштің ішінде Қазақстанның дамуына үлес қосатын небір мықты мамандар бар.