Ұйымдасқан қылмыспен күрес күшеюде
Ұйымдасқан қылмыспен күрес күшеюде
© коллаж: Еркебұлан Дүйсеболатов
756
оқылды
Соңғы уақыттары БАҚ-та ұйым­дас­қан қылмыстық топ (ҰҚТ) мүше­лерінің құрықталғаны туралы ақпарат көп тарап жүр. Осыған қарап-ақ елімізде ұйымдасқан қылмыспен күрес күшейе түскенін аңғаруға бо­лады. Мәселен, ІІМ-де арнайы де­пар­тамент құрылды. Бір жағы ақ­парат­тың артқанынан қыл­мыс­­тық топтар көбейіп кеткендей әсер қа­лады. Сондай-ақ заңгерлер бұл бапты квалификациялауда да мә­селе бар екенін айтып отыр. 10 айда – 33 қылмыс 20 қазанда Қостанай қаласында облыс­тық Полиция департаменті Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шара­ларын өткізу барысында екі азаматты ұстады. Ұсталғандардың тұрғылықты жері­нен атыс қаруы мен оқ-дәрілер табылды. Барлығы 6 атыс қаруы, 2 газды та­пан­ша, 4 463 дана патрон, 7 аңшы пышағы және 1 бита алынды. 26 қазанда жедел-іздестіру іс-шара­ларын өткізу барысында Атырау облы­сы Полиция департаментінің басқарма қызметкерлері Атырау қаласында мұнай өңдейтін шағын зауытты анықтады. Заңсыз мұнай сақтайтын бұл шағын зауыттан 250 тонна өңделген мұнай және 400 тонна мұнай қалдықтарының қоспасы табылды. Өнімнің шығарылу заңдылығын растайтын ешқандай құжат жоқ болып шықты. Аты­рау қаласында орналасқан өндірістік база­лардың бірінің аумағында шағын зауытты ашқан Ресей Федерациясы азаматы ұс­талды. 29 қазанында Көліктегі полиция де­партаментінің басқарма қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларының бары­сында Алматы қаласында есірткі жасайтын зерт­хана әрекетінің жолын кесті. 1 келіден астам психотроптық зат, 2 бөшке химиялық заттар және есірткі дайындауға арналған маман­дан­дырылған аппаратура алынды. Ұсталған­дардың айтуынша, сыйымдылығы 200 литр болатын ыдыстағы нәрсе пси­хотроптық заттарды дайындауға арналған химиялық еріткіш екен. Ұсталғандар қа­мауға алынып, тергеу жүргізілуде. Алынған есірткі зат­тарының ақшалай эквиваленті 2 млрд теңгеге жуық. Бұл деректер өткен бір ай ішіндегі қыл­мыс хроникасының бір парасы ғана. Тізе берсе, мұндай қылмыстардың қатары көп. Мәселен, 16 қазанда өткізілген ар­найы опе­рация кезінде асыл тастарды заң­сыз сатумен айналысып жүрген Қара­ғанды қаласының және Павлодар облы­сының тұрғындары қылмыс үстінде ұстал­ды. Асыл тастар Қара­ғанды және Павлодар облыс­тарының аума­ғында заңсыз жолмен өндіріл­ген. Қылмыс­керлерден жарты тон­надан астам (550 келі) асыл тастар, 27 мың АҚШ доллары, 3,5 млн-нан астам Ресей рублі, 600 мың теңге, 1 мың еуро ақшалай қара­жат және асыл тастарды өңдеуге ар­нал­ған құрал-жабдықтар, сондай-ақ атыс қаруы алынды. Жаңа департамент құрылды Еліміздегі және әлемдегі өзгерістер мен оқи­ғалар қоғамдық қауіпсіздік пен құ­қықтық тәртіпті қадағалайтын полиция­ның әлеуетін одан әрі күшейте отырып, жылдам әрі дұрыс шешімдер қабылдаудың маңызды бола түскенін аңғартып отыр. Әсіресе, соңғы жылдары қалыптасқан жағ­дай ұйымдасқан қылмысқа қарсы пәрменді іс-қимылдың қажеттілігін бұрынғыдан да арттыруды талап етеді. Мәселен, ұйым­дас­қан, оның ішінде транс­ұлттық қылмысқа қарсы күрес бұрын жа­салған қылмыстарды ашумен және олар­ды тергеп-тексерумен ғана шектеліп қал­мауы тиіс. Қылмыстық топтарды жою және қылмыстың дер кезін­де жолын кесу үшін сол топтарды қалыптасу сатысында анықтау бойынша тиянақты және мақсатты бағытталған жұмыс жүргізу қажет. Осыған байланысты Ішкі істер министрлігінің құрылымында жаңадан дербес Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаменті құрыл­ған болатын.
«Біздің Департаментке ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес, оны қаржылан­дыру­дың жолын кесу, аса қауіпті қылмыс­тарға, адам саудасына қарсы тұру және қылмыстық процеске қатысушы адамдар­ды мемлекеттік қорғау міндеттері жүктеліп отыр. Депар­тамент ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес саласындағы мемлекеттік сая­сатты қалып­тас­тыруға қатысады, жедел-іздестіру және алдын алу іс-шараларын өткізеді, қызметтің басым бағыттарын айқын­дап, ұйымдасқан қылмысқа қарсы іс-қимылда халықаралық ынтымақтас­тықты жүзеге асырады. Ұйым­дасқан қыл­мыс­тық топтардың жетекшілері мен қаты­су­шыларын, қылмыстық ортаның «бедел­ділерін» анықтау, олардың қыл­мыс­тық әрекетін құжаттандыру, оларға қатыс­ты ақпарат жинап, қылмыстың алдын алу шараларын қабылдау сияқты жұмыс бағыт­тарының тиімділігін арттыру көзделеді. Бас бостандығынан айыру орындарында жаза­сын өтеп жатқан қылмыскерлерді жедел жолмен бақылау, олардың бостан­дық­тағы сыбайластары мен қылмыстық байланыс­тарын анықтау үшін кешенді іс-шаралар жүзеге асырылады. Сонымен қатар қыл­мыс­­тық жолмен табылған пайданы заңдас­тыру­дың түрлі жолдарын тапқан қылмыс­тық топтың жетекшілері мен қатысушы­ларын, олардың атына тір­кел­ген экономика және өндірістік нысан­дарды анықтау және олардың қызметінің заңды­лығын тексеру күшейтілетін болады. Ұйым­дасқан қыл­мыс­­тық әрекетті қаржы­ландыру көздері мен арналарын анықтау және жою, қыл­мыс­тық топқа қатысы бар азаматтардың мем­лекеттік билік орган­дарына енуіне жол бермеу мақса­тында жұ­мыстар одан әрі жалғастырылады. Алда­ғы уақытта осы және өзге де қойылған мін­дет­терді табысты іске асыру үшін проб­лемалық мәселелерді кешенді талдау, шетел­дік озық тәжірибені зерделеу жүр­гізіліп, шетелдік әріптестермен ынтымақ­тастық нығайтыла түсетін бола­ды», – дейді ІІМ Ұйым­дасқан қылмысқа қарсы күрес депар­таментінің бастығы, полиция пол­ков­нигі Қанат Нұрмағамбетов.
Бұл тұста департамент басшысының бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтеп жатқан қылмыскерлерді же­дел жолмен бақылау, олардың бостан­дық­тағы сыбайластары мен қылмыстық байла­ныстарын анықтау үшін кешенді іс-шара­ларды жүзеге асыру туралы сөзіне назар аудару қажет. Бүгінде асқан құпиялы іс-әре­кетпен жүзеге асып жатқан бұл жұмыс­тар­дан мемлекеттің қылмыскерлердің соңынан шам алып түскенін аңғаруға бо­лады. Оған қылмыстық жолмен табылған пай­даны заңдастырумен күрестің де кү­шейе түсетіні дәлел. ҰҚТ ұғымын нақты анықтау қажет Белгілі заңгер Джохар Өтебеков «ұйым­дасқан қылмыстық топ» ұғымының өзінде нақты тұжырым жоқ деп санайды. Ал не­гі­зінде оның белгілі бір анықтамалық ерек­ше­л­іктері болуы тиіс. Бірақ осы уақытқа дейін ондай талаптар сақталмаған. Екі адам бірге ұсталса болды, оларға ҰҚТ деген ат қойылып, айдар тағылды. Бұл дұрыс емес. Шынды­ғына келгенде, ҰҚТ-да міндетті түрде жетек­шісі болуы тиіс. Сондай-ақ олар кем дегенде үш адамнан тұруы қажет екен.
«Белгілі бір уақыттарда мемлекет ұйым­дасқан қылмыстық топтарға соғыс жария­лады да, бұл біртіндеп осы ұғымның стан­дартын өзгертіп жіберді. Яғни, оның ҰҚТ екенін немесе ҰҚТ емес екенін дәлелдеу қажетсіз болып қалды. Тергеу мен про­куратура адамдарға ұйымдасқан қыл­мыс­тық топ құрды және қатысты деген айыпты жиі тағатын болды. Бір өкініштісі, олардың бұл ұстанымы сотта да қолдау таба бастады. Осы бап бойынша жұмыста ­ немесе коррупциялық қылмыстарды бірге жасаған әріптестер жауапқа тартыла бастады. Жоғарғы сот та ұзақ уақытқа дейін ҰҚТ-лардың жетекшісі болуы шарт емес деген ұстанымда болды. Бұл – нонсенс. Осылайша, жасалған қыл­мыс­тың бабы дұрыс квалификацияланған жоқ», – дейді адвокат.
Джохар Өтебековтың айтуынша, был­тырғы жылдың басында Жоғарғы сот осы кемші­лік­терді түзеп, ҰҚТ-ға нақты анық­тама беретін нормативтік қаулы шығарған. Бірақ іс жүзінде бұл мәселе әлі де болса қойыртпақ күйінде қалып отыр. Өйткені құқық қорғау органдарының ұйымдасқан қылмыспен күресуге құлшы­нысы қатты. Ал нәтижесінде ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысы жоқ адамдар да ауыр баппен сотталып, зардап шегіп жатыр. Осыдан келіп, ҰҚТ-лар көбейіп кеткен сияқты болып көрінуі мүм­кін. Бірақ іс жүзінде ұйымдасқан қылмыстық топтар көбейіп кеткен жоқ. Келесі бір адвокат Асқар Қаймақов та соң­ғы уақыттары бұқаралық ақпарат құрал­дарында ұйымдасқан қылмыстық топтар туралы ақпараттардың көбейіп кет­кені шын­дығында да ҰҚТ-лардың көбейіп кетке­нінің белгісі деп ойламай­тынын айтады. Өйткені салған жерден ұйымдасқан қылмыс­тық топ құрып, оны басқарып кету мүмкін емес. Бұрын ішкі істер саласында қызмет еткен ол ұйымдас­қан қылмыстық топтардың санаттарын жақсы білетінін айтады. Сон­дық­тан да он­дай криминалдық элементтердің бірігуіне мемлекеттік күш­тік құрылымдар мүмкіндік беріп отырған жоқ. Олар ахуалды толық қадағалап отыр. Егер ақпарат құрал­дарында бәленше ұйымдасқан қылмыс­тық топ ұсталды деген ақпарат шығатын болса, бұл олардың қарап отырмағанын, кешенді жұмыстар жүргізіп жатқанын білдіреді. Сондықтан да ҰҚТ-лар белең алып кетті деп уайым­дамауға болады екен.