Түркітанушылар – Түркістан төрінде
Түркітанушылар – Түркістан төрінде
Түркістанда Ғылым және жоғары білім министрлігінің ұйым­дас­тыруы­мен Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына арналған Ха­лық­аралық түркітанушылар кон­гресі өтті. Конгреске қатысқан Түркістан облы­сының әкімі Дархан Сатыбалды Пре­зидент Қасым-Жомарт Тоқаевтың құт­тықтау сөзін оқып берді. «Ұлт ұстазы» атанған Ахаң түбі бір, тарихы тамырлас елдер үшін аса құнды ғылыми-танымдық мұра қалдырды. Сол себепті оны барша түркі жұрты құрмет тұтады. Әзербайжан, башқұрт, өзбек, түрік халықтарының белгілі ғалымдары бас қосқан бүгінгі конгресс соның айқын дәлелі» делінген құттықтау хатта. Конгресте ЮНЕСКО Бас директоры­ның орынбасары Рамос Габриеланың Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына арналған құттықтау сөзі бейнежазба арқылы берілді. Сонымен бірге ТҮРКСОЙ Бас хатшысының орын­басары Билял Чакыджы құттықтау сөзін оқыды. Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұлов Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойы аясында атқарылған маңызды іс-шаралар жөнінде баяндама жасады. Іс-шараға Қазақстан, Түркия, Әзер­байжан, Өзбекстан, Ресей ғалымдары қатысып, мазмұнды баяндамалар жасап, тұлғаның болмысын ашты. Шара аясында Ахмет Байтұрсынұлының 12 томдық жи­нағының, сондай-ақ таңдамалы шығар­ма­ларының 4 тілде (қазақ, орыс, ағыл­шын, түрік) әзірленген кітабының, про­фессор Қаржаубай Сартқожаұлының «Орхон ескерткіштерінің толық атласы» 3 томдығының, филология ғылымдары­ның докторы Алмасбек Әбсадықовтың «Серт», «Ұстаз жолы» кітаптарының тұ­сау­­кесері өтті. түркітанушылар Түркістанда Жиында Қазақстан, Түркия, Өзбек­стан ғалымдары ТҮРКСОЙ-дың «Ахмет Байтұрсынұлы» медалімен және Қазақ­стан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің «Ахмет Байтұрсын­ұлы» ведомстволық төсбелгісімен мара­пат­талды. Пленарлық отырыс секция отырыстарымен жалғасты. «Ахмет Байтұрсынұлы және түркі тілдерінің теориясы мен тарихы» секция­сына Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының ака­демигі, фило­логия ғылымдарының док­торы, профес­сор Шерубай Құрманбайұлы жетекшілік етті. «Ахмет Байтұрсынұлы және сөз өнері» секциясына «Egemen Qazaqstan» республикалық газеті» жауап­кер­шілігі шектеулі серіктестігінің Бас директоры, филология ғылымдарының докторы Дихан Қамзабекұлы басшылық жасады. Ал «Ахмет Байтұрсынұлы және қоғам­дық-гуманитарлық ғылымдар» секция­сына Қазақстан Республикасы Білім академиясының корреспондент мүшесі, филология ғылымдарының кандидаты Ербол Тілешов жетекшілік етіп, маңызды баяндамалар жасалды. Конгресс қоры­тындысы бойынша қарар қабылданды.

Түркістан облысы