Жеті әлем – жеті түс
Жеті әлем – жеті түс
648
оқылды
Ақтау қаласында жас суретшілерге арналған симпозиум өтті. Іс-шараға арнайы Өзбекстан мен Қырғыз Республикасынан қылқалам шеберлері келіп, шеберлік сағатын өткізді. Осы орайды пайдаланып, елімізде жас суретшілерді қандай сұрақ мазалайтынын, салада қандай проблема барын сұрастырдық. Суретшілерді біріктірген симпозиум Арнайы жоба аясында өңірдегі суретшілерге арналған отандық және шетелдік суретші­лердің шеберлік сағаты, шетелдік сарапшылардың қатысуымен бейнелеу өнерін дамыту тақырыбы бойынша «Жеті әлем – жеті түс» тақырыбындағы симпозиум ұйымдастырылды. Шетелдік және облыс суретшіле­рінің этюд жазуы үшін Бозжыра шатқалында «Мың бояулы Маңғыстау» пленэрі өтті. Ұйымдастырушылардың ай­туынша, Бозжыра шатқалын таң­дауға Үстірттің бұл бөлігі әк­тастардан құралған шөлді ланд­шафтардан, биіктігі 250 метрге жететін таңбалы тастардан тұрады. Бұл аумақтан тасқа айналған ұлу қабыршақтарын, теңіз кірпісін, тіпті мезозой дәуіріндегі Тетис мұхитында өмір сүрген акуланың тісін де табуға болатыны себеп. Ежелгі мұхит орнында түзілген әктастар мен құздар Маңғыстаудың, жалпы алғанда Қазақстанның мақтан тұтар «жауһарына» айналған. Шатқалда палеолиттен бастап ерте орта ғасырға дейінгі кезеңге жататын археологиялық ескерткіштер шоғырланған. Бозжыра шатқалы Маңғыстау облысындағы ерекше қорғалатын аймақтар тізіміне кіреді. Аумағы 316 141 гектардан тұратын Жабайұшқан мемлекеттік табиғи қаумалының бір бөлігі саналады. Жалпы, симпозиум екі күнге созылды. Алғашқы күні жас суретшілер мен шеберлер арасында еркін форматтағы сұ­рақ-жауап көптің көңілінен шықты. Одан әрі шет елдерден келген шеберлер суретшілік өнерінің дамуы туралы айтып, шеберлік сағатының шырайын кіргізді.
«Бұл симпозиумның мақсаты – өңірдегі суретшілердің бі­лік­тілігін арттырып, өзара тә­жіри­бе алмасу. Сондай-ақ жас­тардың сурет өнеріне деген қызығушылығын арттыру. Маңғыстау шалғайда орналасқан, яғни Алматы, Астана сияқты мәдени ошақтардан алыста. Бізге мұнда шеберлік сағаттарын өткізіп тұру маңызды. Өйткені суретшілері­міздің дамуы үшін, республикалық және халықаралық деңгейлерге жету үшін мұндай іс-шаралар көп болуы керек, – дейді ұйым­дастырушылардың бірі Ақ­тау қалалық суретшілер ода­ғы­ның мүшесі Тынышбек Балтабаев.
суретшілер симпозумы Симпозиумның бірінші күні студияда өтсе, екінші күні Боз­жыра шатқалында жалғасты. Онда суретшілер табиғатқа шығып, этюд салудың тың тәсілдерін меңгерді. Өңірдегі жас суретшілер шетелдік шеберлер­дің туындысына таңдай қақты.
– Өзбекстаннан осы симпозиумға арнайы шақырылған қонақпын. Келгендегі мақсатымыз – неше жылдық жинаған тәжірибемізбен бөлісіп, керек жерінде өзімізге де қажетті дүниелерді алу. Маңғыстауға ке­ліп, картиналармен танысқан уақытта суретшілерінің үлкен әлеуеті бар екенін көрдім. Олардың әртүрлі түсті араластырып, жаңа рең алуы өте керемет. Бұл жерде Маңғыстаудың табиғаты да ерекше рөл ойнайды. Себебі мұнда сарғыш, қоңыр түстің өзінінің сан алуан түрі бар, – дейді Өзбекстаннан келген қонақ Шавкат Маматкаримов.
 Қолдаудың бар-жоғы білінбейді Симпозиумға қатысқан жас суретшілердің бірі Ақерке Сұлтанғалиға өзбек суретшісінің Бозжырада жазған этюді ұна­ған. Түстің қанықтығы, колорит пен контрасты берудің жаңа қырын үйренген. Іс-ша­ра­ның бірінші күні талқылаған мәселе де Ақеркенің ойын дөп басқан. Оның айтуынша, бейнелеу өнері өкілдеріне Үкімет тарапынан қолдау жоқ. Мемлекет деңгейінде байқаулар ұйымдастырылмайды. Облыс пен республика деңгейіндегі жарыс жайында оқытушылардан ес­тімесе, әлеуметтік желі мен ме­с­сенджер үнсіз. Сондықтан ол қылқалам шеберлерін бағалау мен қолдау көрсету жолға қойылғанын қалайды.
«Іс-шарада Өзбекстан және Қырғызстан суретшілерімен жеке танысып, бірге сурет салу мүмкіндігі берілді. Өзімізге жаңа әлем ашқандай әсер алдық. Шыны керек, мұндай шаралар бізде жиі бола бермейді. Өте қалған жағдайда әр жас суретші барынша қатысуға тырысады. Себебі өзімізді жан-жақты дамытып, ойымызды қағаз бетіне дәл жеткізу үшін де көп еңбек ету қажет. Негізі, өңірде осындай шараны жиі ұйымдастырып жүрген «Өнер» және «Марта-арт» студиясына алғысымыз шексіз. Жас суретші ретінде ұлттық өнерді дамытуға үлес қосу жағы ойландырады. Білуімше, қаламызда өтіп жатқан шараның дені мемлекет қолдауымен өтеді. Бірақ суретшілер өздері талпынып сұрастырмаса, Қазақстанда өнер саласына көп көңіл бөлініп жатқан жоқ. Осы салада жүргендіктен мына бір қызық жағдайды бастан ке­шіреміз. Мысалы, колледж ішінде не іс-шарада жүрсек бейнелеу өнері бар әрі дамып жатқандай көрінеді. Ал оқу орны қабырғасынан шыға берсек, оның бәрі жоқтай көрінеді», – дейді Маң­ғыстау өнер колледжі Кескіндеу бөлімінің 3-курс студенті Аружан Мұратқызы.
сурет Иә, суденттерден саладағы проблеманы естігесін, ұйымдастырушыдан да сұрап көрдік. Оның үстіне, бірнеше жыл бұрын осы мәселені Суретшілер одағының төрағасы да көтерген-ді. Ал Тынышбек Балтабаев болса, өңірдегі жастарды қолдау үшін түрлі іс-шара өткізуге тырысады. Оның айтуынша, бас­тап­қыда жеке қаржы шығарып, алыс-жақыннан суретшілерді тартып, шеберлік сағатын ұйымдастырған. Кейін қалалық басқарма көмектескесін, симпозиум өткізіп, еліміздің түк­пір-түкпірінен қылқалам шеберлерін тартқан. Мұның сыры – жастар біте қайнассын дегеннен бөлек, өнердегі таныс-тамырды, алыс-берісті жою.
«Суретшілерге арналған байқау барынша азайып бара жатыр. Мәдениет басқармасы тарапынан «Күзгі вернисаж, Көктемгі вернисаж» өтуші еді, ол да қалды. Баяғыда өзіміз көп іс-шараға қа­тысатынбыз. Суретші үшін мұның маңызы зор. Талантты суретшілер көп, қолдау жоқ. Біріншіден, суретші­лер үйі кеңес дәуі­рінде салын­ған. Сол күйі әлі тұр. Екіншіден, оларға тәлім беретін жоғары оқу орны жоқ. Рес­публикалық байқау, фестиваль, конкурс жиі ұйымдастырылса, жас суретшілердің бойына қан жүгірер еді. Шеберлік сағаты да олардың екінші тынысын ашады. Материалды жағдайына келсек, холст, бояу бәрі қалтаға салмақ түсіреді. Одан бөлек, байқау өте қалса, таныс-тамырды қасына жи­нау көбейіп кетті. Содан өңірлердің көңілі қалған. Әркім өз шәкіртін, танысын шақырып, өт­кізе салады. Содан да болар өз ба­сым кейінгі он жыл ішінде бай­қауға қатысуды қойдым», – дейді ол.

Айзат АЙДАРҚЫЗЫ