Зайсан мәселесін шешетін арнайы комиссия құрылды
Зайсан мәселесін шешетін арнайы комиссия құрылды
305
оқылды
Зайсан ауданындағы жағдайға байланысты Шығыс Қазақстан облысы әкімінің басшылығымен арнайы комиссия құрылды. Комиссия құрамында 15 адам бар, топ құрамының барлығы да ауыл тұрғындары. Естеріңізге сала кетейік,  аудан басшылығы түсіндіру жұмыстарын уақытында және дұрыс жүргізбегендіктен, кеше Зайсан ауданының Сартерек, Айнабұлақ ауылдарында карантиндік аймақ құрмауды талап еткен тұрғындар көшеге жиналып, өз наразылықтарын  білдірген болатын. Осыған байланысты   Зайсанға ұшып барған Даниал Ахметов халықпен арнайы кездесіп, өзі түсіндіру жұмыстарын жүргізді. – Қытай жақта өзіміздің студенттеріміз бар. Ертең олар келсе, қазақтың баласының жолын қалай жабамыз? Ойлану керек. Ана жерге шекараға келіп тұрса, қазақ елі оның жолын, яғни шекараны жапса, не болады? Біз өз азаматымызды елге кіргізуіміз керек ғой, – деді кездесу барысында облыс әкімі Даниал Ахметов. Өңір басшысының айтуынша, елге кірген жолаушылардың дене қызуы тексеріледі және бірден 14 күндік карантинге жатқызылады. Әкім сондай-ақ бірде-бір шетел азаматының шекарадан өтпегенін баса айтты. Жергілікті белсенді Еркебұлан Зағыпаров кешеден бері Сарытерек ауылында, жалпы Зайсан ауданында жергілікті атқарушы билік тарапынан жағдайға байланысты ешқандай түсіндіру жұмыстары жүргізілмегенін айтып, аймақ әкіміне шағымданды. Бұдан соң облыс әкімі Зайсан қаласындағы кәсіптік-техникалық  колледжге барып, осында жиналған жұртшылыққа карантиндік аймақтың құрылмайтынын нақты айтты. Ал көрші елден келетін бес Қазақстан азаматының 14 күн бойы медициналық бақылауда болатынын жеткізді. Жолаушылар ешкіммен байланысқа түспейді, толықтай оқшауланады. Ал шекарадан өткен адамда қандай да бір ауру белгілері байқалса, ол бірден облыс орталығына арнайы жабдықталған көлікпен жеткізіледі.   https://www.youtube.com/watch?v=vbjrcES-PNU Қоса кетсек, жалпы аудандық орталық аурухананың жұқпалы аурулар бөлімшесі корнавирусқа қарсы тұруға толықтай дайын. Мұнда арнайы бокс дайындалған. Оған кіріп-шығатын есік те бөлек. Барлық құрал-жабдықтар мен қажетті дәрілік препараттар жеткізілген. Мұны аудандық билік өкілдері айтып отыр. Дәурен Аллабергенұлы, Шығыс Қазақстан облысы