Бұл жоба әу баста «Көліктерден» бастау алған еді. Яғни, 2011 жылы басталған. Жобаның аты – «Өзіңнен баста». Оған себепкер болған – «Болашақ» корпоративтік қоры. Мақсат – қазақстандықтарға әлемдік студиялардың контентін ана тілінде қолжетімді ету. Голливудтық фильмдерді қазақ тіліне көркем дубляждау жобасы сәтті жалғасып келеді.
«Болашақ» корпоративтік қоры «Өзіңнен баста» жобасы аясында 2011 жылдан бастап Disney, Sony pictures, Marvel, Lucas Films, Bazelevs және тағы басқа студиялардың 33 картинасын дубляждап, қазақ көрерменіне ұсынды. Бұл жоба «Меломан» компаниясының қолдауымен жүзеге асып келеді. «Өзіңнен баста» жобасының ең басты артықшылығы – сапалы контент ұсыну. Бұған дейінгі көрсетілген 33 кинокартина да осы жағынан ұтып отыр. Қимыл-қозғалыс, іс-әрекет, сөйлеу мәнері – тұп-тура түпнұсқадан алынған дерсің. Тіпті, көпшілігін қазақ тілінде түсірген дерсің. Мұның бәрі тұрғындардың қазақ тіліндегі сапалы кинотеатралды контентке қол жеткізуі үшін жасалып отырғаны белгілі.
Биыл да «Өзіңнен баста» жобасы қазақ аудиториясына жеті бірдей фильмді ұсынбақ. Disney студиясының жаңа да, ескі де кейіпкерлері қазақ тілінде сөйлейді: аты аңызға айналған жауынгер Мулан, жас гений Артемис Фаул, сиқырдың соңғы іздерін іздеуге шыққан ағайынды эльфтер, танымал актер Дуэйн Джонсон, «Алтын глобус» сыйлығының және АҚШ кино актерлері гильдиясы сыйлығының иегері Эмили Блант және басқа да танымал кейіпкерлер бар. Биыл машиналардың көтерілісі, айдаһарға табынатын ежелгі өркениеттің өмірі, адам өте алмайтын джунглидегі шым-шытырык оқиғалар туралы қазақ тіліндегі қызықты сюжеттер өз көрерменін күтеді.
Осыған орай, жоба жетекшілері елордада журналистермен кездесті. Кездесу барысында болашақ премьералардың қазақ тіліндегі трейлері де көрсетілді. Оған дубляж актерлері, дыбыс режиссерлері, мәтін үйлестірушілер қатысып, аталған жобаның қызығы мен шыжығын бөлісті. Жұмыс барысында кездесетін қиындықтар да айтылды. Іс-шараға «Болашақ» қорының Қамқоршылар кеңесінің төрайымы Динара Шәйжүнісова, Aray Media Group студиясы басшылығы, Bi Group компаниясы өкілдері де қатысты.
«Сүйікті кейіпкерлермен қазақ тілінде қарым-қатынас жасай отырып, біздің балалар мемлекеттік тілде көбірек сөйлеуге ұмтылатын болады. Біз балаларға арналған анимациялық фильмдерді қазақ тілінде көрсетуді қолдау мақсатында кинотеатрлар үшін салықтық жеңілдіктер, мысалы, мұндай сеанстарды көрермендерге ыңғайлы уақытта қоюға ынталандырар еді деп есептейміз. «Мирас» республикалық қоғамдық кеңесінің алаңында Nur Otan партиясымен бірлесе отырып, біз Қазақстан Үкіметіне дыбысталған киноны көрсетуді қолдау және азаматтардың кинотеатр контентіне қазақ тілінде тең жағдайда қол жеткізу мәселесі туралы ұсыныстар енгіздік. Біз осы мәселелер бойынша Премьер-Министрдің тапсырмасы болғанын білеміз», – дейді «Болашақ» корпоративтік қорының Қамқоршылар кеңесінің төрайымы Динара Шәйжүнісова.
Биылғы жеті бірдей фильмге демеушілік көрсетіп отырған Bi Group компаниясы. Бұл компания бұрын да бірнеше фильмге демеушілік еткен еді.
«Қазақ тілі – біздің байлығымыз, халықтың рухы, тарихи және мәдени құндылық. Біздің компания үш жылдан бері «Өзіңнен баста» жобасын қолдап келеді. Осы уақыт ішінде құны 800 миллион теңгеге жуық 15 танымал фильм аударылып, дыбысталды. Белсенді әлеуметтік-қайырымдылық қызметпен айналыса отырып, біздің компания қазақстандық балалар үшін сапалы шетелдік киноконтентпен танысуға мүмкіндік береді. Біз мемлекеттік тілге қамқорлық жасаудың маңызын түсінеміз: көптеген жобаларымызда қазақша атаулар бар. Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына орай жаңа «Асыл мұра» тұрғын үй кешенін іске қостық. Сондай-ақ холдингтің әлеуметтік желілері мен қызметкерлерге арналған порталы екі тілде де жүргізіледі», – деді BI Development бас директорының қаржы жөніндегі орынбасары Қайрат Шаяхметов.
Қайрат Шаяхметов – бес баланың әкесі. Бес баласы да «Өзіңнен баста» жобасы аясында дубляждалған фильмдерді қазақша тамашалап жүр. «Балаларымның айтуынша, оларға қатты ұнағаны – «Мұзды өлке», «Аладдин» фильмдері», – дейді Қайрат мырза.
9 жыл ішінде бұл жоба әлемдік киноны қазақ тілінде көретін өте маңызды адамдардың қауымдастығын қалыптастырды. 9 500 000 жазылушы аудиториясы бар 100-ден астам қазақстандық медиа тұлға осы жобаны қолдайды. Дубляждалған фильмдерді барлығы 170 мыңнан астам көрермен тамашалаған. «Мұзды өлке 2» фильмін 26 900 адам қарап, жоба тарихында көрермендердің рекордтық санын жинады.
Қазақстанда алғаш рет «Болашақ» қоры бейімделген кинокөрсетілімдер тәжірибесін енгізді. 2018 жылдан бастап жыл сайын аутизм және дамудың басқа да ерекшеліктері бар балаларға арналған бейімделген кинокөрсетілімдер өткізеді.
Сонымен, 2019 жылы «Мұзды өлке 2», «Аладдин», «Дамбо», «Ойыншықтар хикаясы», «Малефисента: түнек әміршісі», «Арыстан патшаны» көрген көрерменге биыл «Алға», «Мулан» «Жан» және т.б. жеті фильмі ұсынылатын болады.
Гүлзина БЕКТАС