Ғасыр жасаған диктор
Ғасыр жасаған диктор
334
оқылды
«Қазақ дикторларының анасы» атанған Зұлқия Мұқанқызы 100-ге толды. Ғасырлық мерейтойы иесін құттықтаған Мемлекеттік хат­шы Қырым­бек Көшербаев: «Сіз отандық көгілдір экранда тұң­ғыш рет қазақ тілінде эфирге шыққан Қазақ телевизиясының қар­­лығашысыз. Көзі қарақты көрермен 1958 жылғы 8 наурызда ал­ғаш рет Сіздің «Кеш жарық» деген сөзіңіз арқылы ана тіліміздің ас­қақ үнін естіді. Тарих беттерінде қатталған сол кезеңнен бері ұзақ жылдар Қазақ телевизиясында абыроймен қызмет атқарып, соң­ғы жаңалықтар мен көркем шығармаларды, ел басшылығының үндеулерін халыққа үздіксіз жеткізіп отырдыңыз. Әр жылдары шығармашылықпен айналысып, балалар әдебиетінің алтын қорын толықтыруға үлес қостыңыз. Мерейтойыңызбен құттықтай отырып, Сізге мықты денсаулық, сарқылмас күш-қуат тілеймін!» деген жүрекжарды лебізін жеткізді. Павлодар облысының Баянауыл ауданында дүниеге келген кей­уана Алматы телестудиясы ашқан дикторлық байқаудың же­ңім­пазы болған. «1958 жыл еді. Мәдениет министрлігінің өкілдері бастаған комиссия 20 кісіден тұрды. Олар ақылдасып болған соң, «Сіз бірауыздан өтесіз» деді. Артынан білдім, бағанадан бері менімен тілдескен Шәкен Айманов екен. Қасыма келіп, риза­шы­лығын білдірді. Сол кезде 1 орынға 750 адам үміткер бо­лыпты. Сөйтіп, қазақ теледидарындағы тұңғыш диктор болу ба­қыты менің маңдайыма бұйырды», – дейді З.Мұқанқызы. Сол жылы Зұлқия Мұқанқызы Мәскеуде өткен Қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігінде телехабарлар мен жаңалықтардың жүр­гізу­шісі ретінде қатысады. Юрий Левитан, Нина Кондратова сияқ­ты бүкіл одаққа танымал дикторлармен қатар дикторлық өнер­дің құ­пиясымен танысады. Зұлқия Жұматова қара шаңы­рақ­та 12 жыл­дай қызмет еткен. – Осы жүз жасқа келгендер өмірдің бір ғасырда неше түрлісін көреді екен. Соғысты да, ашаршылықты да, қиындықты да бастан өткердік. Қазір кімді ренжіттім, кімге не жамандық жасадым деп ойланамын. Құдайға шүкір, ешкімге жамандық жасамаған сыңайдамын. Жас күніңде барлық адам жақсы, бәрі де біркелкі деп ойлайсың. Өсе келе байқасаң, дос та, дұшпан да бар екен. Бірақ оған ренжуге болмайды. Адамды бақытты қылатын да адам, бақыт­сыз қылатын да адам. Өзің бақытты болу үшін, алды­мен ма­ңайың­ды бақытты қылуың керек. Ол үшін әр уақытта қайы­рым­ды болғаның дұрыс, – дейді Зұлқия Мұқанқызы. «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясы сол кісінің қатысуымен Алматы студиясында арнайы хабар түсіреді. «Бір ғұмыр – бір ғасыр» жобасы Qazaqstan телеарнасының эфирінен 8 наурыз қарсаңында көрсетілмек.   Назгүл ЕРЖАНҚЫЗЫ