Ұлттық университет орнықты дамуға үлесін қосуда
Ұлттық университет орнықты дамуға үлесін қосуда
244
оқылды
«Жасыл» энергетика – бұл тұтыну нәтижесі қоршаған ортаға зиянын тигізбейтін, экологиялық таза энергия көздері болып табылатын энергетикалық ресурстар. «Жасыл» энергетика жаңартылатын энергия көздері, энергия және ресурс үнемдеу, қалдықтарды тұрақты басқару сияқты бағыттардың өзара сабақтаса дамуымен тығыз байланысты. Жаңартылатын энергия - бұл адамзат ауқымында сарқылмайтын көздерден алынатын энергия түрі. Жаңартылатын энергияны пайдаланудың негізгі принципі оны қоршаған ортада үнемі болып тұратын процестерден алу және техникалық тұтыну үшін қамтамасыз етуден құралады. «Жасыл экономикаға» көшудің мақсат-міндеттерін, негізгі қағидаттары мен жалпы тәсілдерін белгілейтін Қазақстан Республикасының «жасыл экономикаға» көшу Тұжырымдамасында белгіленгендей, Қазақстанда баламалы энергетика инжинирингін дамыту жел және күн электр станцияларын салу жолымен жүргізілуі тиіс. Мұндай нысандардың үлесі электр энергиясын жаппай өндірудің көлемінде  2030 жылы 10%-ға өседі деп күтіледі.  width= Осы орайда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің жылуфизика және техникалық физика кафедрасы мемлекетіміздің энергетикалық саясатын қолдау мақсатында баламалы энергетика саласында тәжірибесі мол, озық үлгілі мамандарды даярлау арқылы бірқатар ауқымды шараларды жүзеге асырып келеді. Осындай қадамдардың алғашқысы ретінде жыл сайын «Жылуэнергетика» білім беру бағдарламасының оқу жоспарын құрастырғанда мамандықтардың заманауи трендтері, мамандықтардың атласы мен жұмыс беруші компаниялардың талаптарын ескере отырып, әрі QS Әлемдік университеттер рейтингісіндегі жетекші университеттердің тәжірибесіне сүйеніп, заманауи дәстүрге сай оқу пәндерін енгізіп отырады. Соның дәлелі ретінде мынадай оқу пәндерін атап өтуге болады: «Баламалы энергетика», «Жел турбиналарының түрлері мен оларды есептеу», «Жылуэнергетикалық нысандарды экологиялық бағалау» және т.б. Сонымен қатар кафедрада ғылыми-зерттеу бағыттарының бірі ретінде баламалы энергия көздерінен энергия алу мақсатында зерттеулермен айналысатын ғалымдар тобы жұмыс жасайтын зертхана бар. Мұнда студенттер, магистранттар мен докторанттар өздерінің дипломдық, магистрлік және докторлық диссертацияларын жазып, ғылыми жобалармен айналысып, студенттердің бизнес-инкубаторларын көпшілік қауымға ұсына алады. 2016 жылы кафедра басшылығы Алматы облысында орналасқан қуаты 2 МВт құрайтын күн электр станциясына барып, жобаның жүзеге асырылу кезеңімен танысып қайтты. Сапар барысында станцияның балансында тұтынылатын күн модульдері мен олардың сапалық тиімділігі, өндірілген энергияның тұтынушыларға жеткізілу рәсімі туралы құлағдар болды. Мұнан соң осы электр станциясымен тығыз байланыста жұмыс жасайтын, отандық өндірістегі фотоэлектрлік модульдерді өндірумен айналысатын «Қазотомөнеркәсіп» Ұлттық атом компаниясының еншілес кәсіпорны «Astana Solar» ЖШС зауытына іс-сапармен барып қайтты. Компания қос типті фотоэлектрлік модульдерді, күн батареяларын, әр түрлі қуаттағы дайын күн электр станцияларын өндірумен айналысады. 2019 жылы Қапшағай қаласында орналасқан күн электр станциясы үшін 415 кВт құрайтын 100% қазақстандық кремнийден тұратын күн модульдерін өндірген. Осы сапарлардың қорытындысы ретінде кафедра ұжымы 2016 жылдың 28 қарашасы мен 2 желтоқсаны аралығында Берлин қаласында жаңартылатын энергия көздері және энергия тиімділігі саласындағы оқыту және әлеуетті арттыру жөніндегі қызметтердің жетекші халықаралық жеткізушілерінің бірі болып саналатын The Renewables Academy (RENAC) академиясында өткен «Фотовольтайк, ветровая энергия и интеграция в сети» атты ғылыми-практикалық конференциясына қатысып қайтты. Оған қоса халықаралық нарыққа бағытталған, күн өнеркәсібінде өзінің жаңа стандарттарын қоя білуді көздейтін, күн энергетикасында технологиялық және коммерциялық эволюцияны паш етіп жүрген, қарқынды даму үстіндегі Гамбургтік Enerparc AG компаниясының жетекшілігімен салынған Германияның Нойхарденберг аймағында 240 гектар ашық ауданда орналасқан қуаты 145 МВт құрайтын күн электр станциясында болып қайтты. Enerparc AG компаниясының еншісінде қазіргі уақытта күн энергиясының 3600 МВт тағайындалған қуаты бар. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің бакалаврлары мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарына сәйкес оқу жоспары бағдарламаларында қарастырылған кәсіби, әрі өндірістік практикадан өтуге міндетті. Кәсіби практикадан өту университетте оқудың барлық кезеңінде практикалық дағдылар мен құзыреттерді үнемі қалыптастыруды, үздіксіз практикалық дайындықты көздейді. Практиканың барлық кезеңдерін ұйымдастыру түлектердің дайындық деңгейіне қойылатын талаптарға сәйкес білім алушылардың кәсіби шеберліктерін игерудің сабақтастығы мен дәйектілігін қамтамасыз етуге бағытталады. Осы орайда Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің жылуфизика және техникалық физика кафедрасымен ағымдағы оқу жылының 18 қазанында «Техникалық физика» және «Жылуэнергетикасы» білім беру бағдарламаларының бітіруші курс студенттеріне арналған Қонаев қаласында орналасқан Күн электр станциясына экскурсия ұйымдастырылды. Бітіруші түлектердің өндірістік және дипломалды практикалары ұзақ мерзімге созылатындықтан кафедра тарапынан оларға өздері таңдаған практика өту орны мен дипломдық жұмыстарының тақырыптарының сабақтастығы болуы міндеттеледі.  width=  width= Қонаев қаласында орналасқан қуаты 2 МВт Күн электр станциясының жобасы меншік иесі, әрі операторы «Samruk-GreenEnergy» компаниясымен қазақстандық электрэнергетикалық «Самұрық-Энерго» АҚ холдингі құрылымында жүзеге асырылған. Күн электр станциясы 7995 еуропалық өндірістен шыққан фотоэлектрлік модульдерден құралады. Станцияның басты ерекшелігіне трекерлік құрылғылардың қолданылуын жатқызуға болады. Жобаны ұлғайту, әрі отандық тауар өндірісін қолдау мақсатында қазақстандық «Astana Solar» ЖШС компаниясымен өндірілетін қазақстандық кремний негізіндегі поликристалл типті 1694 фотоэлектрлік модульдерден тұратын қуаты 0,4 МВт құрайтын жаңа станция қосылған.  Күн элементтерінен өндірілетін тұрақты ток әрқайсысының қуаты 75 кВт тең германиялық 6 инвертордың көмегімен айнымалы токқа алмастырылады. Жаңғырмалы энергия көзінің бұл түрі «таза» электр энергиясының өндіріс көлемін ұлғайтып, еліміздегі альтернативті энергетиканың дамуына үлесін қосып келеді. Практика барысында студенттер алдымен техника қауіпсіздігі ережелерімен толығымен танысып, тәртіпке сай жеке қорғаныс құралдарын иеленді. Әрі қарай станция аумағында орналасқан күн модульдерінің құрылысы, орналасу ерекшеліктері мен желілік пайдаланылуы туралы толық ақпарат алды. Экскурсия барысында студенттер өздерін толғандырған сұрақтарды станция басшысы М. Жакитовке қойып, толыққанды жауап алды. Сонымен қатар Алматы облысы бойынша аталған станцияның қуат балансы, релелік қорғаныс және апаттан кейінгі режимдер, технологиялық басқару жүйелері туралы сөз болды. Студенттер станция аумағында орналасқан күн тақталарының ерекшеліктерін көзбен көріп, тәнті болды. Осылайша білімгерлер университет қабырғасында альтернативті энергетика курсынан алған теориялық білімдерін практикада бекіту мүмкіндігін иеленді. Экскурсия соңында бакалаврлардың ұзақ мерзімді практикасын ұйымдастыруға қатысты келіссөздер жүргізіліп, жазғы практика мерзіміне байланысты жоспарлар жасалды.