Веган болу әсте-әсте
Веган болу әсте-әсте
638
оқылды
Қазір веганизм жайлы жиі айтылып жүр. Экобелсенділер де көбейген. Tik Tok желісіндегі түрлі контент те жастардың санасына әсер етіп жатыр. Содан ба, еттен, сүттен бас тартатындардың ішінара саны көбейген. Соны­мен, веган мен вегетарианның қандай айырмашылығы бар? Бұл ағзаға қалай әсер етеді? Веганизм деген не? Мәселен, кейіпкеріміз Әйгерім Құсайынқызы – веган. Одан бөлек, экобелсенді, феминист, заңгер. Қызығы, Әйгерім 2014 жылы Канадада оқып жүргенде веганизммен жақыннан танысқан. 4-курс оқып жүргенде құрбысы веган болуға шешім қабылдайды. Сонда ол «мен түп тамырыма қарсы келмеймін, ешқашан веган болмаймын» деген екен. Бірақ араға жылдар салып, бәріне ғылыми түрде көз жеткізе келе, ет өнімдері мен басқасынан бас тартқан. Әрі канадалықтарды саясат емес, экология барынша қызықтыратынына таңғалған. Өйткені олар кімнің президент болатынына емес, 100 жылдан кейін ғаламшар қалай өзгеретініне бас қойып, мәселені шешуге тырысқан.
«Көпшілік «сенде депрессия болған жоқ па?» деп сұрап жатады. Себебі веганизмді диетамен, трендпен байланыстырады. Сол үшін бұған ойлана келе, өзіңді тани келе бас қою керек. Мысалы, мен үшін ғаламшар, экономика және өзіндік танымым бірінші орында тұрады. Бұрын ет жеп жүргенімде ашуланшақ әрі агрессив едім. Ал қазір эмоционалды тұрғыдан өзгергенімді байқадым. Оған қоса, екінші PhD тақырыбы веганизм мен нутрициология жайында. Соның ішінде аталғандардың ұлттық танымға, бірегейлікке әсері туралы зерттеп жатырмын. Мысалы, «биыл жаз өміріңіздегі ең салқыны болмақ» дейтін хабарламаны оқып көрдіңіз бе? Дәл қазір климаттық дағдарыс жалғасып жатыр. Сондықтан ғалымдар өсімдік негізіндегі диетаны ұсынып отыр. Мұны климаттың өзгеруін жеңілдету және бейімдеудің басты мүмкіндігі ретінде анықтап, әлем елдеріне ет тұтынуды азайтуды ұсынды. Ал аталған ұсыныс бірнеше ғылыми-зерттеу нәтижесіне сүйенеді», – дейді веган Әйгерім Құсайын­қызы.
Оған қоса, ол веган салтына көшкенде, «енді қазақ емессің», «веганизм батыстың тренді», «ұлттық кодыңды бұзба» деген пікір жиі алдынан шыққан. Бірақ Әйгерім бұған мән бермей, керісінше кейде ертеңгі күннің қауіпсіздігі үшін кешегі әдеттен бас тарту керегін атап өтті. Ал Астана тұрғыны Маржан Халыққызы туғаннан ет жемейді. Оның айтуынша, бұған өзі де, туыстары да таңғалады. Бірақ жұ­мыртқа мен сүт өнімдерін ара-тұра тұтына­ды. Келе-келе тауық етін де жеуді қойған. Сол се­бепті вегетариан екенін айтады. Демек, веган мен вегетариан болудың айырмашылығы бар. Яғни, веган тамақ рационынан ет пен балық өнімін ғана емес, жануардан алатын жұмыртқа, сүт және тағы басқа өнім түрлерінен түбегейлі бас тартады. Былғарыдан, жүннен, жібектен тігілген киім сатып алмайды. Ал вегетариандар жануар етінен бас тартса да, өнімін тұтынуды жалғастырады. Сондықтан мал сою, жануарларды азаптау, одан өндіретін өнімді бейберекет тұтынуға кіжіне қарайды.  Созылмалы аурудан құтылдым Кейбіреуі веганизмнің денсаулыққа жағатынын, саламатты өмір салтын ұстануға көмегін алға тартады. Мысалы, әлеуметтік желіде Qazaqvegan лақап атымен танымал, Бибігүл Маратқызы он екі жылдан бері ет, балық өнімін жемейді. Веганизм туралы екі жыл бойы зерттеп, содан кейін ғана шешім қабылдаған. Ал бұған денсаулығы да әсер еткен.
«Веган болғаннан бері созылмалы аурумен күресуді қойдым. Өйткені туғаннан әлжуаз бала болдым. Сондықтан еттен бас тартып, йогамен айналысуым сән емес, қажеттіліктен туды. Басынан бастап «жануарларға жаным ашыды» дей алмаймын. Бірақ іштей бір түсініксіз сезім болатын. Тек бір жылдан кейін сиырды бауыздап жатқанын көріп, денем түршігіп кетті. Содан бері көзқарасым өзгеріп, жүннен, былғарыдан тігілген киім сатып алмаймын. Сэконд хандтан киім алған ұнайды. Бұл да табиғатқа көмек. Йогамен шұғылданып жүргенде сүт өнімдерінен қалай бас тартқанымды түсінбей қалдым. Осылайша, саламатты өмір салтын берік ұстандым. Денедегі ақуызды толтыру үшін таңертең түрлі смузи ішемін. Көк-шөп, жеміс-жидекті балғын күйінде жеймін. Бұршақ өнімдерінен сорпа жасаймын, дәнді-дақылдарды жиі рационға қосамын. Еттен алатын витаминді барынша табиғи толтыруға тырысамын», – дейді ол.
Осы орайда нутрициолог Маржан Қазыбекқызы веганның ағзасына ақуыз жетіспейтінін атап өтті. Оның айтуынша, ақуыз – ағзаның негізгі тірегі. Сондықтан ағза оны жеткілікті мөлшерде пайдаланбағаннан әлсірейді. Қорды үнемі толтырып отырған абзал. Сол үшін веганға өсімдік ақуызын көп мөлшерде тұтынған абзал. Жасыл түсті өсім­діктер, оның ішінде бұршақ тұқымдастар, жарма ақуызға бай. Неліктен мұнша деректі тіздік? Себебі бұған дейін ет жеп, сүт ішіп жүрген адам бірден веган бола алмайды. Нутрициологтің айтуынша, мұндай қадамға бара қалса, көп өтпей, ағза сыр беріп, зат алмасу процесі бұзылады. Салдарынан шаш түсіп, B12, B9 жетіспейтін анемия пайда болуы ғажап емес. Вегандар жануар ақуызын тұтына алмаған соң дәрігерлер оларға өсімдік ақуызы бар ақуыз коктейлін ішуге кеңес береді. Оған қо­са, жануар ақуызы жылдам сіңеді, ал өсім­дік ақуызының сіңімділігі төмен. Ал өмір сүру салтын жаңа бағытқа бұрып жатқандардың жиі ауырып қалатынын нутрициолог асқазан-ішек жолының әлі де дайын болмауымен байланыстырды. Сондықтан бірден еттен бас тартқаннан гөрі келе-келе рационнан азайтқан дұрыс. Сондай-ақ дәрігерлер кей науқасқа уақытша ет пен сүттен бас тартуға кеңес беретін жайт та кездеседі. Метаболизм синдромы кезінде ағза ақуызға «қарсы» шығады. Неврологиялық ауруға шалыққандарға да белгілі бір уақытқа дейін веган режиміне көшуге нұсқау береді. Қазір экологияны сақтап, ғаламшарды қорғауға арналған акцияның бір тармағы веганизмге келіп жалғасады. Ғаламдық жылыну, Қызыл кітапқа енген жануарлардың азайып бара жатқаны да адамзаттың өмір сүру салтымен байланысты. Содан да болар, экобелсенділер барынша зиянсыз өмір сүріп, табиғат пен асқазанды «аялауға» шақырады. Бірақ бұған қазақы менталитет пен генетиканы негізге алатын дәрігерлер де қарсы шығады. Кей нутрициологтердің сөзіне назар аударсақ, қазақтың хромосомасындағы ет пен қымызға деген құмарлықты «өлтіру» қиын.

Айзат АЙДАРҚЫЗЫ