Алматы облысында ауыл тұрғындары үйлеріне апаратын жолдан айырылды
Алматы облысында ауыл тұрғындары үйлеріне апаратын жолдан айырылды
475
оқылды
Алматы облысындағы Бесағаш ауылының тұрғындары үйіне қайту үшін ауылды айналып жүруге мәжбүр. Себебі ол үйлерге апарар көше жекеменшікке өтіп кеткен, ал оның иесі халық пайдаланып келген жолды бөгеп тастаған, -  деп хабарлады Almaty.tv
“Мына қақпаны орнатып, ешкімді өткізбей отыр. (Көшенің иесі – ред.) жақында бұл жерде үй салатынын айтты, не істейміз енді?”, – деп налыды Бесағаш тұрғындары.
Телеарнаға сенсек, көшені сонда тұрып жатқан адам бұрындары сатып алып, үш ай бұрын жауып тастаған. Халық жол жекеменшікке өткенін сол кезде бір-ақ білген. Олар әкімдікке барған, алайда ондағылар шарасыз отырғанын айтқан.
“Біз әкімдікке де бардық. Бірақ олардың бір айтатыны бар – “бұл – жекеменшік жер, мұны өзгертер ештеңе істей алмаймыз”. Біз жер иесімен келісейік деп сөйлесуге тырыстық, бірақ бұған үзілді-кесілді қарсы”, – дейді тұрғын Әлішер Әукенбаев.
Енді ауыл жұрты үйге жол жағасындағы тереңдігі бес метр өзеннен өтіп қайтып жүр. Көпірді тұрғындардың өздері салып алған. Көлігі барлар оны ауылдың сыртында тастауға мәжбүр. Бірнеше күн бұрын біреу сол көліктердің бірін тонап кеткен: ұры терезені сындырып, бөлшектерін алған. Ауыл әкімдігі бұл мәселені шеше алмай отырғанын айтты.
“Біз Ринатқа (көшені сатып алған адам – ред.) проблеманы шешудің түрлі нұсқасын ұсындық. Біз “сәулетшімен бірге жер учаскесінің конфигурациясын өзгертейік” дедік. Ол ешбіреуіне келіспеді. Оның қолында мемлекеттік акт бар. Жерді қоршап қойды, әзірге онда не істемек екенін білмейді, қайткенде де бұл оның қақы”, – дейді Бесағаш әкімінің орынбасары Әлібек Рамазанов.