Шымкент полициясының өзіне қол салмақ болған баспасөз хатшысы сотта жеңіп шықты
Шымкент полициясының өзіне қол салмақ болған баспасөз хатшысы сотта жеңіп шықты
Коллаж: Халық үні
899
оқылды
Шымкент полициясының өзіне қол салмақ болған баспасөз хатшысы сотта жеңіп шықты. Бұл туралы Мөлдір Бекееваның адвокаты Әлия Жаманбаева Halyq Uni тілшісіне айтты. СУИЦИД АЛДЫНДАҒЫ ЖАЗБА Мөлдір Бекеева 2022 жылдың 6 сәуірінде суицид жасамақ болды. Ол хат жазып, Шымкент полиция департаменті басшылығы тарапынан қысым жасалғанын айтты. Оның айтуынша, Шымкент қаласының полиция департаментінің бастығы қызметіне 2022 жылдың 4 ақпанында тағайындалған Қайрат Дәлбековпен бірге бір апта ішінде Түркістан облысының полиция департаментінен Шымкент полиция департаментіне ондаған адам ауысып келген. Оның жетеуі басшылық қызметке тағайындалған. Сондай-ақ Бекеева 2018-2022 жылдары Түркістан облысында полиция департаментінің баспасөз хатшысы қызметін атқарған Салтанат Қаракөзованың заңсыз әрекеттерге барғанын да жазған. «Қаракөзова ханымды (Шымкент полиция департаментіне) әкелген соң менің қызметтік көлікті өткізіп, кабинетімді шұғыл босатуымды да талап етті. Заң жүзінде департаменттің ресми өкілі мен екенімді біле тұра, қызмет орнымнан кетпей жатып, (Салтанат Қаракөзова – ред.) өзін әлеуметтік желіде ресми өкіл деп жариялады. Қысым мұнымен шектелген жоқ, олар мені қылмыстық жазаға тарту үшін және маған кері әсерін тигізу үшін прокуратураның рұқсатынсыз жариялауға болмайтын ақпаратты таратты», – деп жазды Мөлдір Бекеева. СОТ ҚАУЛЫ ШЫҒАРДЫ Адвокат Әлия Жаманбаеваның айтуынша, Бекееваның осы мәлімдемесіне байланысты Салтанат Қаракөзова департамент басшылығына жүгінген. Қаракөзова прокуратураның рұқсатынсыз жариялауға болмайтын ақпаратты әлеуметтік желіде жарияламағанын айтып, 2022 жылдың 15 қыркүйегінде Бекееваның үстінен Шымкент қаласы департаменті полициясының өзіндік қауіпсіздік басқармасына арыз жазған. Оны департамент басшылығы 22 қыркүйекте Әл-Фараби аудандық полициясына өткізген. Содан кейін 4 қарашада Бекееваның үстінен хаттама толтырылған. «Салтанат Қаракөзова өзін департаменттің ресми өкілі деп жариялағаннан кейін әлеуметтік желіде прокуратура рұқсат бермеген және жариялауға жатпайтын материалдарды бөліскен. Бірақ прокуратура не себепті жариялағанын Мөлдір Бекеевадан сұраған. Мөлдір Бекеева өзінің қатысы жоқ екенін айтқан. Ол жерде жасөспірімдерге қатысты ақпарат жарияланған. Сотта Қаракөзова бұл әрекетін мойындады. Өзін департаменттің ресми өкілі санайтынын айтты. Қосымша жұмыс ретінде бастығының тапсырмасын орындағанын жеткізді. Іс материалдарын жариялағанын, алайда ешкімнің аты-жөні көрсетілмегенін айтты», – дейді адвокат Әлия Жаманбаева. Сондай-ақ адвокат жазбаның сәуірде жарияланғанын, ал Салтанат Қаракөзованың бұл мәселені арада жарты жыл өткен соң көтергеніне назар аударды. «Арада алты айдан аса уақыт өтті. Әкімшілік құқықбұзушылық туралы заңға сәйкес, қылмыс екі айдан көп уақыт бұрын жасалса, күдікті адам әкімшілік жауапкершілікке тартылмайды. Қаракөзова істің сәуірде болғанын растап отыр. Демек, хаттама толтырмауы да қажет еді. Соттың қаулысымен іс қысқартылды. Судья істің уақыты өтіп кеткендіктен қысқартылғанын айтты. Алайда біз оған келіспейміз», – дейді адвокат. Айта кетейік, істі Шымкент қаласының әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі соты қараған. Әкімшілік құқықбұзушылық туралы заңның 861-бабына сәйкес, өзіне қатысты iстi тоқтату туралы қаулысы шығарылған тұлға кiнәсiз деп есептеледi.