Әлем чемпионаты: Канада құрамасы Бельгиядан жеңіліп қалды
Әлем чемпионаты: Канада құрамасы Бельгиядан жеңіліп қалды
320
оқылды
Қатарда футболдан өтіп жатқан әлем чемпионатында F тобында Бельгия мен Канада құрамалары кездесті. F тобында 2018 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері Хорватия алғашқы ойынында Мароккомен тең ойнағандықтан, жанкүйерлер тағы бір фаворит – Бельгияға көз тіккен еді. Төрт жыл бұрын қола жүлдегер атанған Роберто Мартинес шәкірттерінің дүниежүзілік додада топ жаруды армандайтыны анық. Бельгия мен Канада бұған дейін 1989 жылы кездесіп, еуропалықтар 2:0 есебімен жеңген болатын. Бұл 9-минутта бельгиялық Янник Карраско өз айып алаңында қолмен ойнағаннан кейін 11 метрлік пенальти белгіленді. Алайда канадалық «Бавария» (Мюнхен) клубының қорғаушысы Алфонсе Девистің тепкен добын Тибо Куртуа өз қақпасына жібермеді. Сөйтіп,  А.Девис Канаданың әлем чемпионатындағы алғашқы голын соғу мүмкіндігін жіберіп алды. 44-минутта Тоби Алдервейрелдтің алыстан берген пасын керемет пайдаланып, Миши Батшуайи Бельгия құрамасын алға шығарды – 1:0. Екінші кезеңде канадалықтар қанша тырысқанымен, бельгиялықтар қорғанысы сыр бере қойған жоқ. Осылайша, F тобында Бельгия үш ұпаймен көш бастады. 27 қараша күні Бельгия – Марокко және Хорватия – Канада құрамалары таласқа түседі.