Қатарда өтіп жатқан футболдан әлем чемпионатында Испания құрамасы рекордтық нәтижеге қол жеткізді.
Коста-Риканы 7:0 есебімен ойсырата жеңген Испания допты ұстау жөнінен әлем чемпионаттарының рекордын жасады.
Луис Энрикенің шәкірттері аталмыш ойында допқа 81,7 пайыз иелік етті. Бұған дейін дүниежүзілік доданың рекорды Аргентинаға тиесілі еді. Аргентиналықтар 2010 жылғы біріншілікте Грекиямен матчта ойын уақытының 80,3 пайыз бөлігінде допты өз иелігінде ұстаған болатын. Үшінші көрсеткіш те испаниялықтардың үлесінде. Олар 2018 жылы Ресеймен бәсекеде 78,9 пайыз допты бағындырған еді.
Коста-Рикамен ойында, сондай-ақ испаниялық жартылай қорғаушы Гави (18 жас, 110 күн) 1958 жылғы чемпионаттан бергі кезеңде гол соққан ең жас футболшы атанды.
Әлем чемпионаттарының тарихында тек екі ойыншы ғана Гавидің алдында тұр. Біреуі – футбол королі Пеле (17 жас, 249 күн) 1958 жылғы чемпионатта көзге түссе, екіншісі – мексикалық Мануэль Росас (18 жас, 93 күн). Ол 1 930 жылы гол соқты.