Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар агломерацияларды дамыту және оған ілеспе түзетулер туралы заң жобасын бірінші оқылымда, алқабилер қарайтын істер санаттарын кеңейту және Мемлекет басшысының кейбір тапсырмаларын орындау мәселелері бойынша түзетулерді екінші оқылымда мақұлдады. Сонымен қатар мәжілісмендер үш ратификациялық заң жобасы мен «Республикалық бюджет туралы» және «Республикалық және облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың бюджеттері арасындағы 2023-2025 жылдарға арналған жалпы сипаттағы трансферттердің көлемі туралы» заң жобаларына Сенат енгізген түзетулерді мақұлдады.
«Агломерацияларды дамыту туралы» заң жобасы Мәжілістің жұмыс топтарында 7 қазаннан бері талқыланып жатыр
Күн тәртібінде бірқатар заң жобасы ратификацияланды.
«Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексіне алқабилердің қатысуымен сот қарайтын істердің санаттарын кеңейту бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы екінші оқылымда мақұлданды. Жоба бойынша заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі Берік Бекжанов баяндама жасады.
Сондай-ақ депутаттар кейбір заңнамалық актілерге Мемлекет басшысының жекелеген тапсырмаларын орындау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын екінші оқылымда мақұлдап, Сенаттың қарауына жолдады.
Мәжіліс 10 жаңа заң жобасын жұмысқа қабылдады.
Сонымен қатар мәжілісмендер «Республикалық бюджет туралы» және «Республикалық және облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың бюджеттері арасындағы 2023-2025 жылдарға арналған жалпы сипаттағы трансферттердің көлемі туралы» заң жобаларына Сенат енгізген түзетулерді қарап, мақұлдады.