Ақтөбе облысының маңында орналасқан ауылдардағы медициналық нысандар қайта жөндеуден өтеді.
Өңір басшысы Ералы Тоғжановтың төрағалығымен өткен жиында ауылды жерлердегі медициналық мекемелерді қайта жаңғырту мәселесі қаралды.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, өңірдегі барлық ауылда медициналық мекеме бар. Дегенмен 48 ауылдағы медициналық нысан бейімделген орындар мен ғимараттарда орналасқан немесе жаңартуды қажет етеді.
Аймақ басшысының айтуынша, бұл мәселені шешу үшін ауылды округтердің аумағында жұмыс істейтін ірі кәсіпорындардың медициналық пункттеріне халыққа қызмет көрсету үшін мемлекеттік тапсырыс беру мүмкіндігін қарастыру қажет. Бұдан басқа, бюджет қаражатын ұтымды пайдалану үшін фельдшерлік-акушерлік пункттер мен дәрігерлік амбулаториялардың жаңа ғимараттарын салу кезінде үлгілік жобалар пайдаланылуы тиіс.
«Ауыл аманаты» жобасы аясында ауыл тұрғындарының табысы мен әл-ауқатының деңгейін жақсартумен қатар, медициналық көмекті қолжетімді ету – басты міндеттер қатарында. Сондай-ақ сапалы байланыс және интернетпен қамтамасыз ету, шағын жинақталған ауылдық мектептерде білім беру сапасын арттыру мәселесі жүйелі түрде шешілуде. Біздің мақсатымыз – ауылды өркендету, бұл – бүкіл өңірді дамытудың кепілі», – деп атап өтті Ералы Тоғжанов.
Бұдан өзге, жиын барысында облыс әкімі су ресурстарын пайдалану бойынша нақты тапсырмалар берді. Атап айтқанда, жаңа су шаруашылығын дамытуға қатысты облыстық жол картасы бекітіледі, онда жаңа бөгеттер мен су қоймаларын салу, қолда бар су нысандарын күтіп-ұстау жөніндегі шаралар көзделмек.
Сондай-ақ Ералы Тоғжанов Ақтөбе қаласының қазіргі таңда әзірленіп жатқан дендрожоспарын талқылау барысында өңірді көгалдандыру және экологиясын жақсарту жөнінде Жол картасын әзірлеуді тапсырды. Құжатта облыс орталығын көгалдандыруға баса назар аударылатын 9 учаске көрсетілген. Дендрожоспарда әр учаскедегі топырақтың сипаттамасы, ағаштар мен көшеттердің егуге ұсынылатын түрлері туралы ақпарат бар.
«Аумақтарды көгалдандыру бойынша жүйелі жұмыс істейтін кез келді. Уақытылы қаржыландыруды қамтамасыз ету үшін бір аптаның ішінде қай жерде, қандай көлемде өсімдіктің қандай түрлері егілетінін бекіту қажет. Өңірдегі ірі өнеркәсіптік кәсіпорындар, шағын және орта бизнес көгалдандыру жұмысына белсенді түрде қатысуы және бұл бағыттағы барлық жұмысты жергілікті атқарушы органдармен жоспарлап, келісуі тиіс. Дендрожоспар – үлкен экологиялық жобаның кішкене ғана бөлігі. Онда ауа сапасын жақсартуға қатысты сұрақтар мен полигон мәселесін шешу де қаралады», – деді облыс әкімі.
Өңір басшысы қажетті нәтижеге қол жеткізу үшін орындалуы тиіс тапсырмалар тізімі көрсетілетін Жол картасын қысқа мерзімде әзірлеу қажеттігін айтты.