– «Ауызсуды үйге кіргіземіз» деп әр үй 100 мың теңгеден төледік. Бірақ қарық болған біз жоқ. Тіпті, барымыздан айырылдық. Өзім суды бес шақырым жерден тасып ішіп отырмын. Оны алу үшін кезекке тұрғанымызды былай қойғанда, арқанға шелек байлап құдықтан аламыз, – дейді ауыл тұрғыны Құрмет Бекей.Мәселенің ақ-қарасын анықтамақ болып, аудан әкімдігіне хабарласқанбыз. Бұланды аудан әкімі Талғат Ерсейітов алдағы күні тағы ауыл халқымен жиын өткізіп, мәселелерді түгелдей назарға алатынын жеткізді. Оның айтуынша, ауылға су тарту жұмыстары екі жылға жоспарланған. Ауыл тұрғындарын алаңдатқан ауызсу мәселесінің мән-жайын Ақмола облыстық Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Данияр Қуанышбаевтан да сұрап көргенбіз. Алғашында бұл мәселе аудан әкімдігінің құзыретіндегі шаруа деп жауап беруден бас тартқан басқарма басшысы кейіннен орынбасарына, ал орынбасары бөлім басшысына сілтеді. Бөлім басшысы Никольскоедегі су құбырын жаңарту жұмыстары келесі жылы аяқталатынын айтты. Басқармадағылар сумен қамту ісінің кейінге қалдырылуын жобаға түзету енгізілгенімен байланыстырады.
Құрылыс материалдары қымбаттағандықтан, жобаға түзету жасауға тура келді. Сөйтіп, түзетуден кейін сметалық құны 839,1 миллион теңгеге жетті. Қазір 25 шақырым су құбыры желісі тартылды Ескі су желісі нысандары жұмыс істеп тұр. Қосылмаған абоненттерді құрылыс аяқталғанға дейін сумен қамту үшін қосымша тағы үш колонка орнатылып, олар да іске қосылған. Жалпы, жыл соңына дейін 6 колонканы іске қосу жоспарланған. Нысанда 15 адам мен 6 техника жұмыс істейді, – дейді басқарманың бөлім басшысы Игорь Макаров.Бұл орайда су тарту жұмыстарына мердігер деп танылған «Монолит» компаниясы басшылығының да айтар уәжі бар. Олар да жұмыстың сиырқұйымшақтануына жобалық-сметалық құжатқа түзету енгізу себеп болғанын алға тартады.
– Негізі, сметалық құжат 2020 жылы жасалды да, құрылыс материалдарының бағасы сол кездегі нарықтық бағамен есептелді. Қаржы биыл мамырда ғана бөлінді. Әрине, құрылыс материалдарының бағасы өскендіктен, құжаттарға түзету енгізуге тура келді. Ал бұл кезде нысанда қандай да бір жұмыс жүргізу заңға қайшы. Сондықтан жаз бойы жұмыс жүргізілмеді. Жұмыс тек тамыз айында басталды. Соның өзінде осы уақытқа дейін 25 шақырым құбырды тартып үлгердік. Ауыл тұрғындары айтқандай, су жоқ емес, бар. Біз бұрынғы су желілерінен бір көшеде ғана үш колонканы алып тастадық. Қалғандары сол күйі жұмыс істеп тұр. Ескі желілердегі су ағады, – дейді мердігер «Монолит» компаниясының өңірлік директоры Дмитрий Новохатский.Жауаптылар біріне-бірі сілтегенімен, қыруар қаржы жұмсалған жоба түптің түбінде жүзеге асырылатынына сенім бар. Дегенмен ауыл тұрғындары тіршілік нәрімен қамтумен ауылдықтар бар мәселесі шешіле қоймайтынын айтады. Әсіресе, жолдың сапасы, жайылымның тапшылығы сияқты түйткілдер көпшіліктің жанына батқан. Бірақ қанша уақыт өтсе де, бұл мәселелер жергілікті биліктің назарынан тыс қалып келеді.
– «Астана – Көкшетау» ақылы тасжолына 18 шақырым ғана қашықта тұрмыз. Бірақ осы 18 шақырым жолдың миы шығып жатыр. Күз-көктем айларында көлік түгіл адам жүре алмайтындай күйге түседі. 18 шақырым жолды жүріп өтуге 1-2 сағат уақытымыз кетеді. Бас-аяғы 24 қожалықтың 600 малы сол шағын жайылымды шиырлап жүр, – дейді Құрмет Бекей.Ауыл тұрғындары жайылымның тапшылығынан бөлек теміржол бойындағы мал айдап өтетін өткелдің жабылып қалғаны да жанға бататынын айтады. Мал өтетін өткелдің жабылуынан ауыл жолдың қарсы бетінде қоқыс төгетін орынға сегіз шақырымды айналып өтіп барып төгуге мәжбүр болған. P.S.
Сонымен, ауыл тұрғындары сапалы ауызсумен қамтудан басталып, теміржол өткелінің бекітілуіне дейінге әлеуметтік мәселелердің қалай шешілерін білмей дал. Аудан әкімі алдағы күні ауыл халқымен тағы бір мәрте өзі барып кездеспек. Бәлкім, осы жолы ауылдағы қордаланған мәселелердің шешімі табылып қалар деп сенгің-ақ келеді.
Ақмола облысы