Елтайдың елі енді қайтеді?
Елтайдың елі енді қайтеді?
713
оқылды
Бюджеттен қыруар қаржы бө­лініп, ондаған мемлекеттік бағдарлама қабылданса да, ел ау­мағында кейбір ауылдың тұр­ғындары жол, су, жарық сияқ­ты ең қарапайым игілік­тер­дің өзіне қол жеткізе алмай жүр. Ақмола облысындағы Бұланды ауданы Никольское ауы­лының тұрғындары да со­лардың қатарында. Са­па­лы ауыз­cуға қосылатын күн­ді асы­ға күткен тұрғындар қазір «Мүйіз сұрап, сақалынан айы­рыл­ғанның» кебін кигендей. Осыдан алты ай бұрын ауылға тіршілік нәрін жеткізу үшін қазынадан 500 миллион теңгедей қаржы бөлінді. Тұрғындардың айтуынша, тендерді жеңіп алған мердігер «су тартамыз» деп көше-көшені түгелдей қазып, су ағып тұрған колонкаларды бұзған. Көшелерді қазып таста­ғанымен, ала-жаздай ауылда шыбық басы сынбаған. Есесіне «қажетті материалдардың құны қым­баттады» деген желеумен құжаттарға тағы түзету енгізіледі. Сөйтіп, бюджеттен қосымша тағы 270 миллион теңге қо­мақты қаражат сұрал­ған. Зарыққан жұрт алты ай бойы қара суды құдықтан қауға тартып, іше­тін күйге түскен. Оның өзіне ұзын сонар кезекке тұруға тура келеді.
– «Ауызсуды үйге кіргіземіз» деп әр үй 100 мың теңгеден төледік. Бірақ қарық болған біз жоқ. Тіпті, барымыздан айырылдық. Өзім суды бес шақырым жерден тасып ішіп отырмын. Оны алу үшін кезекке тұрғанымызды былай қойғанда, арқанға шелек байлап құдықтан аламыз, – дейді ауыл тұрғыны Құрмет Бекей.
Мәселенің ақ-қарасын анық­та­мақ болып, аудан әкімдігіне хабарласқанбыз. Бұланды аудан әкімі Талғат Ерсейітов алдағы күні тағы ауыл халқымен жиын өткізіп, мәселелерді түгелдей назарға алатынын жеткізді. Оның айтуынша, ауылға су тарту жұмыстары екі жыл­ға жоспарланған. Ауыл тұрғындарын алаңдатқан ауызсу мәселесінің мән-жайын Ақ­мола облыстық Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шылық басқармасының бас­шы­сы Данияр Қуанышбаевтан да сұрап көргенбіз. Алғашында бұл мәселе аудан әкімдігінің құзыретіндегі шаруа деп жауап беруден бас тартқан басқарма басшысы кейіннен орынбасарына, ал орынбасары бөлім басшысына сілтеді. Бөлім басшысы Никольскоедегі су құбырын жаңарту жұмыстары келесі жылы аяқталатынын айтты. Бас­қармадағылар сумен қамту ісінің кейінге қалдырылуын жобаға түзету енгізілгенімен байланыстырады.
Құрылыс материалдары қымбаттағандықтан, жобаға түзету жасауға тура келді. Сөйтіп, түзетуден кейін сметалық құны 839,1 миллион теңгеге жетті. Қазір 25 ша­қырым су құбыры желісі тартылды Ескі су желісі нысандары жұмыс істеп тұр. Қосылмаған або­ненттерді құрылыс аяқталғанға дейін сумен қамту үшін қосымша тағы үш колонка орнатылып, олар да іске қосылған. Жалпы, жыл соңы­на дейін 6 колонканы іске қосу жоспарланған. Нысанда 15 адам мен 6 техника жұмыс істейді, – дейді басқарманың бөлім басшысы Игорь Макаров.
Бұл орайда су тарту жұмыстарына мердігер деп танылған «Монолит» компаниясы басшылығының да айтар уәжі бар. Олар да жұ­мыстың сиырқұйымшақтануына жобалық-сметалық құжатқа түзету енгізу себеп болғанын алға тартады.
– Негізі, сметалық құжат 2020 жылы жасалды да, құры­лыс материалдарының бағасы сол кездегі нарықтық бағамен есептелді. Қар­жы биыл мамырда ғана бөлінді. Әрине, құрылыс материалдарының бағасы өскендіктен, құжаттарға түзету енгізуге тура келді. Ал бұл кезде нысанда қандай да бір жұмыс жүргізу заңға қайшы. Сондықтан жаз бойы жұмыс жүргізілмеді. Жұмыс тек тамыз айында бас­талды. Соның өзінде осы уа­қыт­қа дейін 25 шақырым құбырды тартып үлгердік. Ауыл тұрғындары айтқандай, су жоқ емес, бар. Біз бұрынғы су желілерінен бір көшеде ғана үш колонканы алып тастадық. Қалғандары сол күйі жұмыс істеп тұр. Ескі желілердегі су ағады, – дейді мердігер «Монолит» компаниясының өңірлік директоры Дмитрий Новохатский.
Жауаптылар біріне-бірі сілтегенімен, қыруар қаржы жұмсалған жоба түптің түбінде жүзеге асырылатынына сенім бар. Дегенмен ауыл тұрғындары тіршілік нәрімен қамтумен ауылдықтар бар мәселесі шешіле қоймайтынын айтады. Әсіресе, жолдың сапасы, жайы­лым­ның тапшылығы сияқты түйт­кілдер көпшіліктің жанына бат­қан. Бірақ қанша уақыт өтсе де, бұл мәселелер жергілікті биліктің назарынан тыс қалып келеді.
– «Астана – Көкшетау» ақылы тасжолына 18 шақырым ғана қа­шықта тұрмыз. Бірақ осы 18 шақырым жолдың миы шығып жатыр. Күз-көктем айларында көлік түгіл адам жүре алмайтындай күйге түседі. 18 шақырым жолды жүріп өтуге 1-2 сағат уақытымыз кетеді. Бас-аяғы 24 қожалықтың 600 малы сол шағын жайылымды шиыр­лап жүр, – дейді Құрмет Бекей.
Ауыл тұрғындары жайылымның тапшылығынан бөлек темір­жол бойындағы мал айдап өтетін өткелдің жабылып қалғаны да жан­ға бататынын айтады. Мал өте­тін өткелдің жабылуынан ауыл жолдың қарсы бетінде қоқыс төге­тін орынға сегіз шақырымды айналып өтіп барып төгуге мәжбүр болған.   P.S.

Сонымен, ауыл тұрғындары са­па­лы ауызсумен қамтудан басталып, теміржол өткелінің бекітілуіне дейінге әлеуметтік мәселелердің қалай шешілерін білмей дал. Аудан әкімі алдағы күні ауыл халқымен тағы бір мәрте өзі барып кездеспек. Бәлкім, осы жолы ауылдағы қордаланған мәселелердің шешімі табылып қалар деп сенгің-ақ келеді.

Ақмола облысы