Павлодар облысында 31 ауылды су басу қаупі бар
Павлодар облысында 31 ауылды су басу қаупі бар
© Валерий Бугаев
331
оқылды
Облыс әкімі Әбілқайыр Сқақов көктемгі су тасқынына қарсы жұмыстарды пысықтау мақсатында ТЖ жөніндегі комиссияның отырысын өткізді. Ол қар шығару жұмыстарын белсендіріп, аудандарды басты назарда ұстауды тапсырды, - деп хабарлайды pavlodarnews.kz. Облыс әкімі баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, кездесуді ашқан Әбілқайыр Сқақов ТЖ қызметі мен әкімдіктер үшін уақыт аса тығыз екендігін айтып, оларға барлық ресурсты жұмылдыруды және су басу қаупі бар орындарды анықтауды тапсырды. Өңірдегі жағдай туралы ТЖ бойынша департаменттің басшысы Ернұр Өтегенов баяндады. Осы қыста өңірде қар жалпы нормадан 25 пайыз артық жауды. Мұндай жағдай 2017 жылы орын алған еді. Сол кезде еріген қар суы 7 тұрғын үй және 27 ауланы басып, теміржолда 1, автомобиль жолдарында 38 су өту жағдайы орын алған еді. Құтқарушылар мен әкімдіктердің мәліметтері бойынша қазіргі кезде 31 ауылды су басу қаупі бар. Менің ойымша, бұл сан сіздер айтқаннан көп болуы мүмкін. Қатер аймағына енуі мүмкін әр елді мекенді бақылауға алу қажет. Ауылдар мен қыстауларды жем-шөппен, дүкендер мен дәріханаларды азық-түлік және дәрі-дәрмек қорымен қамтамасыз ету қажет. Төтенше жағдай туындағанда адамдармен байланыс үзілмеуі тиіс, - деді аймақ басшысы. Әбілқайыр Сқақов ТЖ қызметтеріне көктемгі су тасқынына дайын болуын, ал, қалалар мен аудандардың әкімдеріне елді мекендердегі қарды тездетіп шығаруды тапсырды. Сонымен қатар, аймақ басшысы төтенше жағдайда дереу әрекет жасау және халыққа хабар тарату үшін бірыңғай коммуникация каналын ұйымдастыруды тапсырды.