Атыраудағы аудандардың бірінде далада мұнай төгіліп жатыр
Атыраудағы аудандардың бірінде далада мұнай төгіліп жатыр
294
оқылды
Құрманғазы ауданындағы далалық жерде мұнай өнімдерінің төгілу дерегі бойынша қазір полиция тексеру жүргізіп жатыр. Еске сала кетсек, 24 қараша күні кешкісін WhatsApp мессенджері мен әлеуметтік желілер арқылы Құрманғазы ауданындағы Сүйіндік ауылдық округіне қарасты «Ыдырыс» қыстауының маңында мұнай өнімдеріне ұқсас төгілген сұйықтықтың бейнежазбасы тараған еді. Аталған жерде «Смарт Ойл» ЖШС барлау-бұрғылау жұмысын жүргізеді. Атырау облысы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпаратында тексеру жұмыстарын жүргізу үшін Сүйіндік ауылдық округінің әкімі, учаскелік полиция инспекторы және бейнеролик таратқан жергілікті тұрғынның оқиға орнына барғаны айтылады.
"Батырбек ауылынан 8-9 шақырым жерде («Смарт Ойл» ЖШС барлау-бұрғылау жұмысын жүргізеді) мұнай өніміне ұқсас, жалпы ауданы шамамен 50 шаршы метр болатын қара сұйықтықтың төгілген орны анықталды. Бұл дерек бүгін таңертең, 25 қарашада аудандық полиция бөлімінде тіркелді, жедел-тергеу тобы оқиға орнына кетті", –  делінген ресми мәліметте.
«Смарт Ойл» ЖШС 2022 жылдың тамыз айынан бастап Сүйіндік ауылдық округіне (Құрманғазы аудан орталығынан 250 шақырым) қарасты «Ыдырыс» қыстауына жақын маңда барлау-бұрғылау жұмыстарын жүргізіп келеді.