Жапонияда карантинде тұрған круиз лайнеріндегі қазақстандық жолаушылар елге қайтуға дайындалып жатыр, -деп хабарлайды ҚазАқпарат Сыртқы істер министрлігіне сілтеме жасап.
Қазақстанның Жапониядағы Елшілігінің ақпаратына сәйкес, бүгін «Diamond Princess» круиз лайнерінде болған тағы екі азаматымыз жерге түсірілді.
«Олар қазір Токио қонақ үйлерінің бірінде демалуда. Осылайша, аталмыш лайнерде болған біздің барлық азаматымыз коронавирусты анықтайтын тестіден өтіп, вирус жұқтырмағаны белгілі болды. Олар ертең елге оралады деп күтілуде», - делінген хабарламада.
Біздің Токиодағы дипломаттар лайнерде Қазақстан азаматтары бар екені белгілі болған сәттен бастап олармен тұрақты байланыс орнатып, қажетті барлық консулдық-құқықтық көмекті көрсетті.