Халық болып қолдауымыз керек
Халық болып қолдауымыз керек
554
оқылды
Арман ЖҮДЕБАЕВ,  Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылдың 20 қарашасында елі­мізде кезектен тыс Президент сайлауын өткізу туралы шешімін жариялады. Президент өз сөзінде айтқандай, Үкімет, Парламент және партия басшыларымен ақыл­даса отырып шешкен шешімі елдегі тыныштықты, саяси-әлеуметтік тұрақ­тылықты сақтау мақсатында қабылданып отыр деп есептейміз. Демократиялық қоғамда ретімен, тәртібімен болатын бұл сайлау Қазақстан үшін сындарлы жаңа кезеңнің бастауы болмақ! Ғылым мен технологияның қарқынды дамуы, қазіргі замандағы әлемде болып жатқан әлеуметтік-экономикалық, экологиялық, мәдени және саяси өзгерістер бізге көптеген талап қойып отыр. Сол себепті ел басқару ісінде мол тәжірибе жинап, ел ішіндегі мәселелерге қанық болып жүрген Президентіміздің игі бастамаларына халық болып қолдау білдіруіміз керек деп есептеймін. Тәуелсіздігіміздің нығаюы, оның баянды болуы үшін еліміздегі саяси тұрақтылық пен экономикамыздың үздіксіз дамуы ауадай қажет. Ел бірлігі мен бейбітшілігі – басты құндылығымыз! Халқымыздың негізгі мақсат-мұраты осы екені баршаға аян. Бейбіт, тоқшылық заман болмай өнер-білім, мәдениеттің де дамуы екіталай. Сондықтан республикамыздағы тұрақтылықтың кепілі болып отырған қазіргі ұстанған бағытымыз жалғасын табады деп ойлаймын. Бұл сайлау елдегі бейбітшілік пен келісімді сақтай отырып, әлеуметтік-саяси жаңғыруға, әлемнің үздік елдері қатарына қосылу жолында жаңа демократиялық еркін болашақты құруға мүмкіндік бермек.