Қазақстанда жаңа әкімшілік реформа басталады. Бұл мемлекеттік аппаратты қайта құрудың 5-ші толқыны болмақ. Жалпы, жұртшылық бұрынғы жаңғырулардан қандай қайтарым болғанын білмейді. Себебі бұрынғы үкіметтер бұған қатысты есеп берген жоқ. Сонымен бірге әрбір әкімшілік реформа мемлекеттік қызметшілерді азапқа, сын тезіне салады. Мысалы, кейбір аймақ басшылары облыс деңгейінде өз командасы мүшелерінің көбін сақтап қалу үшін «қысқарту квотасын» төменге түсірген. Бұл онсыз да ұжымы кішкентай ауыл, аудан әкімдерінің наразылығын туғызды. Содан алдыңғы реформа жарға соғылып, тоқтаған. Ал жаңасы нендей жаңалық әкелмек?
Әкімшілік реформаларға шенеуніктер санын қысқарту ілесе жүретіні мәлім. Бұл тіпті қайта құрудың бір мақсатына, нысаналы көрсеткішіне айналады. Демек, бұл тұрғыда не өзгеріс бар? Ұлттық статистика бюросының дерегінше, 2010 жылы Қазақстанда жалпы қатары 87 389 мемлекеттік қызметші болыпты. Оның 3 116-сы – саяси, қалған 84 273-і – әкімшілік мемлекеттік қызметші еді. Бұл ретте орталық меморгандарда 8 306, ал жергілікті органдарда – 79 083 мемлекеттік қызметші жұмыс істеген.
2017 жылы мемлекеттік қызметшілердің саны 91 мыңға дейін өсіп кеткен. Ал бүгінде, 2022 жылдың бірінші жартысында елде 82 мыңдай шенеунік қалды. Оның 42 мыңы – орталық атқарушы органдарда, 40 мыңы – жергілікті атқарушы органдарда қызмет етеді.
Бір қарағанда шенділер саны көп азая қойған жоқ. Бірақ жіті үңілсек, алапат өзгеріс байқалады: орталықтағы, яғни Астанадағы шенеуніктер саны 12 жыл ішінде күрт ұлғайып, қатары жергілікті, яғни өңірлердегі мемқызметшілер санына теңесіп қалған. Осыдан-ақ «қысқарту қайшысы» әсіресе өңірлерде жойқын әрекет еткенін аңғаруға болады.
Мемлекеттік қызметшілер санын оңтайландыру науқаны соңғы рет 2019 жылғы әкімшілік реформа аясында қолға алынды. Оған сәйкес, шенеуніктер саны жалпы алғанда 25%, соның ішінде 2020 жылы – 10%, ал 2021 жылы – 15% азайтылуы тиіс еді. Алайда елге игілік әкелуі қажет үрдісті жауапты тұлғалар дүрбелең мен фарсқа айналдырып жіберген соң, Мемлекет басшысы былтыр науқанға тоқтау салды.
Мысалы, облыстардың бірінің әкімдігінде маман болған Зарина Әбубәкір әкімшілік реформаның, мемлекеттік және квазимемлекеттік секторлардағы қысқартудың оң және теріс тұстары болғанын айтады.
«Бұл тиімділік әкеле алатын шешім еді. Алайда осы арада кейбір әкімдіктерде заңсыздықтар болды. Мәселен, облысымыздың әкімдігінде облыстық аппарат өзіндегі штаттарды сақтап қалу үшін штат қысқарту санын аудандар мен қалаларға көптеп жүктеді. Салдарынан, облыстың ұйымдастырушылық бөлімінде 1 басшысы және 6 маман жұмыс атқарады. Ал аудандарда дәл осы жұмысты 1 ғана маман атқарып жүр. Бұдан бөлек, аудандардағы Терроризмге қарсы комиссия хатшысына өз алдына бөлек маман штаты берілу қажет еді. Өйткені қазіргі алмағайып заманда лаңкестікке қарсы тұру шаралары үлкен мәнге ие. Ол жұмыс формалды жүргізілмегені жөн. Бұл комиссияға қосымша жұмыстар да жүктелген. Мұның сыртында батыс өңірлерімізде дінге қатысты маңызды мәселелер бар», – деді ол.
Маманның түсіндіруінше, иерархия заңына сай, кез келген жұмыс төменгі сатыдан басталады. Ал бүкіл Қазақстандағы мемлекеттік аппараттың дұрыс жұмыс істеуі, дер кезінде өзекті ақпараттарға қол жеткізуі, халықпен тығыз қарым-қатынас жасап, мәселелерді шешуі ауылдар, қалалар мен аудандардағы мамандардың нәтижелі жұмысының арқасы. Сондықтан қысқартудың тоқтатылғаны да дұрыс болғанға ұқсайды. Әйтпесе, жергілікті жерлерде Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындап, бастамаларын ауыл-аймақта ілгерілететін маман қалмай қалуы ықтимал еді.
Тұрлаусыз кадр – сапаның соры
Жалпы, жаһандық тәжірибеге жүргізілген талдау көрсеткендей, әлемде әкімшілік реформаны әбден ойластырып, бір-ақ рет өткізген мемлекеттер де бар. Сондай-ақ мемлекеттік аппаратты ұдайы жетілдіріп тұратын елдер де жеткілікті. Бірінші санатта Аустралия – 1986-1996 жылдары, Ұлыбритания – 1979-1997 жылдары, Венгрия – 1994-2000 жылдары, Қытай – 1982-2001 жылдары, Нидерланды – 19911998 жылдары, АҚШ – 1992-2000 жылдары, Финляндия – 1994-2000 жылдары, Чили – 1973-1994 жылдары, Оңтүстік Корея – 1995-2003 жылдары әкімшілік реформаны жүзеге асырып, сонымен тыным тапты.
Екінші санатта Бразилияда әкімшілік реформа 1995 жылы бастау алып, жалғасуда. Германия – 1995 жылдан, Канада – 1994 жылдан, Польша – 1999 жылдан қазірге дейін мемлекеттік басқару аппаратын тұрақты түрде жаңғыртумен келеді.
Сарапшылардың байламынша, Қазақстан аталған санаттардың ешқайсысына жатпайды. Елімізде бұл салада терең, ғылыми көзқарас жетіспейді. Салалардың, өңірлердің өзіндік ерекшеліктері, дара қырлары жете ескеріле бермейді. Әзірге әкімшілік реформалар қорытындысында атқарушы билік қоғам мен мемлекет мүддесі үшін «автоматты режимде», сағаттай нақты, дәл жұмыс істейтін дәрежеге дейін жетіле алған жоқ.
Заң ғылымдарының кандидаты, ғалым Қарлыға Мүслімованың байламынша, мемлекеттік органдардың тиімсіздігі Президент қойған ірі міндеттерді, іргелі бастамаларды жүзеге асыруға кедергі болады.
«Сол себепті де әкімшілік реформаны жүргізу маңызды. Ондай науқанды қайта қолға алуға әлемдегі, геосаясаттағы, экономикадағы және қоғамдағы өзгерістер, жаңа бетбұрыстар түрткі болады. Мысалы, қаңтарда елде билік транзиті шынайы жүзеге асқалы бері, ескі жүйе сұраныстарына орай құрылған және соған қызмет еткен мемлекеттік басқарудың әдістері мен нысандары, мемлекеттік қызметтің ұйымдасу қалыбы заманауи талаптарға сәйкес келмейтіні белгілі болды. Сондықтан әзірге бұл салада мемлекет тоқтап қала алмайды. Бұған қоса, атқарушы билікті реформалауға басқа да факторлар итермелейді», – деді мемлекеттік басқару саласын зерттеп жүрген ғалым.
Оның пайымдауынша, бұл теріс факторларға шенеуніктер санының көптігі, орталықта және өңірлерде басқарудың ебедейсіз ұйымдастырушылық құрылымдарының қаптап құрылып, тиімсіз жұмыс істеуі, мемлекеттік органдар өкілеттіктерінің ара-жігінің түбегейлі ашылмағаны және басқасы жатады. Салдарынан құқықтық актілер мен шешімдер қабылдау процесі бюрократияландырылған, ақауға толы.
Бүгінде кадр тапшылығы салдарынан мемлекеттік қызметшілердің көбі бір мекемеден екіншісіне тоқтаусыз, тұрлаусыз ауысып жүреді, салдарынан олар нақты бір салаға маманданбайды, жаңа саланың қыр-сырын, ішкі заңдылықтарын білмейді. Оның үстіне, 2021 жылы «А» корпусы лауазымдарына кадрлық резерв институты жойылды. Тиісінше, резервке іріктеу кезінде сол әмбебап мамандардың заңнаманы, соның ішінде салалық заңдарды білу деңгейін анықтауға арналған тестілеу жүргізу де доғарылыпты.
Осы жағдайда халық пен бизнеске ұсынылатын қызметтердің сапасын арттыру үшін де әкімшілік реформа қажет.
Жаңа реформаның міндет-межесі қандай?
Ұлттық экономика министрлігінің түсіндіруінше, жаңа әкімшілік реформаға Мемлекет басшысының 2022 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауын орындау негіз болды. Ел Президенті «экономиканы түбегейлі реформалау үшін мемлекеттік басқару жүйесіне серпіліс қажетін» айтты. Ол саяси қызметшілердің жеке жауапкершілігін арттырып, мемлекеттік басқару жүйесін орталықсыздандыруға баса мән беруді тапсырды.
Министрліктің түсіндіруінше, тәуелсіздік алғалы Қазақстан төрт ауқымды әкімшілік реформа жүргізді. Біріншісі, 1997-2001 жылдар аралығын қамтыды және ол ішкі әкімшілік-бюджеттік реформа сипатында болды. 2007 жылғысы – мемлекеттік жоспарлау қадамдарын қайта қарауға, мемлекеттік басқару құрылымдарын жетілдіруге бағытталды. 2013-2014 жылдары – мемлекеттік басқару органдары арасындағы өкілеттіктердің аражігін ажырату, оның ішінде жергілікті атқарушы институтты күшейту, мемлекеттік басқару жүйесінің бағыттарын дербес түрде жетілдіру бойынша нақты қадамдар қабылдау жүзеге асырылған.
2021 жылы тиімді мемлекеттік басқару жүйесін қалыптастыруға, басқару деңгейлерінің дербестігін арттыру мақсатында мемлекеттік органдар арасындағы өкілеттіктердің аражігін ажыратуға баса мән берілді.
«Дегенмен қазіргі кезде мемлекеттік аппаратта жедел және тиімді шешім қабылдаудың жетіспеушілігі байқалады. Мемлекеттік басқару деңгейлері арасындағы жауапкершілік аймағы анық емес. Шешімдерді қабылдауда жеделдік жоқ. Орталық мемлекеттік органдардың бірінші басшыларының нақты салада іс жүргізу кезіндегі дербес жауапкершілігі жоқ. Бұл ретте нақты салалық саясат үшін жауапкершілік Үкіметке жүктеледі, бірақ Үкімет «Ұжымдық кабинет» ретінде қабылданады», – деп мәлім етті министрлік.
Салдарынан, ақыр соңында нақты жауап беретін тұлға табылмауы мүмкін.
Сол себепті Ұлттық экономика министрлігінің хабарлауынша, Үкіметтің ықшам аппаратын қалыптастыру, орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың шешім қабылдаудағы жеделдігі мен жауапкершілігін арттыру мақсатында әкімшілік реформа жүргізу қажет.
Жаңа реформа нәтижесінде, орталық меморгандардың бірінші басшыларының нақты өз саласындағы істерге жауапкершілігі артады. Осы арқылы азаматтардың билікке деген сенімін арттыру көзделіп отыр.
Бүгінде жаңа реформаның егжей-тегжейі талқыға салынып, пысықталуда. Дегенмен нобайы белгілі. Жаңғыру бірнеше жылға созылуы ықтимал. Нақтылай кетсек, алдымен орталық органдардың бірінші басшыларының дербес жауапкершілігін арттыру шаралары қабылданады. Келесі жылы әкімшілік реформаның заңнамалық тұғыры түзіледі. Содан соң 2024 жылы мемлекеттік басқару деңгейлері арасындағы өкілеттіктерді орталықсыздандыру науқаны жүргізіледі.
2025 жылы қазіргі Премьер-Министр кеңсесі мемлекеттік басқарудың озық стандарттарына сәйкес келетін Үкіметтің ықшам аппаратына трансформацияланады. 2025 жылы құзырларды Үкіметтен алып, орталық мемлекеттік органдардың өкілеттіктерін кеңейту жұмыстары жүзеге асырылады. 2026 жыл азаматтардың мемлекетпен өзара іс-қимылын жақсарту шараларына арналмақ. 2027 жылы клиентке бағдарланған және ашық мемлекеттік аппаратты қалыптастыруды аяқтау ұсынылды. Ал 2028 жылы өткен кезеңде жүргізілген реформалардың қорытындыларын ескере отырып, мемлекеттік басқаруды одан әрі дамыту пайымы тұжырымдалады.
Қалай болғанда, әкімшілік реформаның басты мақсат-мұраты мемлекеттік мүддені ілгерілету, ел байлығын еселеу, халықтың әл-ауқатын арттыру болуы тиіс. Егер осы міндет үдесінен шыға алса, оның игі іс болғаны.